ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫ АРТТЫРУ ЗАҢСЫЗДЫҚТАН САҚТАЙДЫ
Бүгінде қоғам арасында түрлі талапқа томпақ келетін әрекеттер бар. Азаматтардың кейбірі заң нормаларын білмегендіктен, қылмысқа барып жататыны да жасырын емес. Дегенмен заңды білмеу жауапкершіліктен құтылуға себеп бола алмайды. Сондықтан елімізде азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз.
Жуырда Түркістан облысы Әділет Департаментінің ұйымдастыруымен, Түркістан қаласындағы «Әлеуметтік қызмет орталығы» ғимаратында әділет органдарына қатысты департамент қызметкерлерінің, адвокаттардың, заң консультанттардың, нотаруистардың және жеке сот орындаушылардың қатысуымен«Ашық есік» күні акциясы өтті. Аталған шарада сала мамандары азаматтың мәселелерін тыңдап, олардың Заң аясында шешілу жолдарын қарастырды.Сонымен қатар тұрғындарға кепілдендірілген мемлекеттік заң көмегі және азаматтарға кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету – әділет органдарының маңызды бағыттарының бірі екендігі түсіндіріліп өтті. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы білікті заң көмегін алуға ажырамас құқыққа ие. Осы орайда мемлекет Қазақстан азаматтарына әділдік пен заң алдындағы теңдік қағидаттары негізінде бұл қолдауға кепілдік беретіндігін атап өтті.
Сонымен қатар жиын барысында мемлекеттік қызметті алу барысында сыбайлас жемқорлық фактілері орын алған жағдайда қалай әрекет ету керегі, сонымен қатар кімге хабарлайтыны турасында да кеңінен ақпарат берілді. Парақорлық фактілері бойынша орын алатын оқиғалар негізінде түсіндірме жұмыстары да жүргізілді. Айта кету керек, қазіргі уақытта қандай да бір қызметті алу барысында қызметкерлер тарапынан сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелген жағдайда 1424 нөмірі арқылы хабарлауға болады. Қоңырау шалу тегін.