КОЛЛЕДЖДЕР ЖҰМЫСЫНА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙЕДІ
Білім – барлық саланың қозғаушы күші. Сондықтан әлем елдері аталған салаға айрықша көңіл бөліп, мәселелерін шешуге барын салып жатыр. Ол қатарда Қазақстан да бар. Әйткенмен саладағы мәселелерді әлі де баршылық. Атап айтар болсақ, бүгінде білім беру процесінде сыбайлас жемқорлық деректері ара-тұра көрініс беріп жатады. Бұл – көкейтесті мәселе. Өйткені мамандық меңгеруге кіріскен жастардың аты жемқорлыққа шырмалса, болашақта оның өз ісіне адал қарайтын маман боларына күмән көп. Сол себепті де түркістандық еріктілер бірқатар тың бастамаларды қолға алып, ұтымды ұсыныстар ұсынып отыр. Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты кеңірек тарқатпақпыз…
Тарқатар болсақ, Антикор волонтерлармен колледждерде оқуға құжат қабылдау процесінде шынайылықты қамтамасыз ету ұсынылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің еріктілері кәсіптік техникалық білім беру ұйымдарында жүргізген мониторинг барысында қабылдау комиссияларының жұмысын зерттеді. Еріктілер мемлекеттік грант үміткерлерінің мамандықтар бойынша құжаттарын қабылдауға, шығармашылық емтихандар мен психологиялық тест тапсыруға назар аударды. Мониторинг нәтижелері бойынша Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп қабылдау комиссияларының жұмысына қатысты ұсынымдар берілді. Ұсыныстар қатарында мемлекеттік грант үміткерлерінің мамандықтар бойынша құжаттарды қабылдаудың шынайылығын қамтамасыз ету болды. Айта кетейік, биыл мемлекеттен өңірдегі 43 колледжге 15300 грант бөлінген, республикалық бюджеттен 14618, жергілікті бюджеттен 650, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар қатарынан білікті кадрларды даярлауға 31 орын қарастырылған. Ұсынымдарды жүзеге асыру Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаментінің бақылауында. Бүгінде Департамент мамандары бұл шараларды зерделеп отыр десек, артық айтпаған болар едік.
Айта кету керек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы сыбайлас жемқорлық турасындағы пікірін ортаға тастаған болатын. Нақтырағы, өз сөзінде ел Президенті «Кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жемқорлықпен күресуге баса мән беру керек. Жауапты министрліктер осы бағыттар бойынша жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуі қажет. Бұл жоспарды бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мұқият пысықтап, ұсынуды тапсырамын. Барлық іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісу қажет. Құзырлы органдардағы бірінші басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтын боламын» деп атап өтті.