СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫН КҮШЕЙТУ ТАПСЫРЫЛДЫ
Сыбайлас жемқорлық — заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Басқа елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де айналып өткен жоқ. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігн тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек.
Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, жуырда Шымкент қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың төрағалығымен өтті. Жиын барысында бірнеше маңызды мәселелер талқыланды. Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысының міндетін атқарушы Е.Жолғасбаев қасақана қылмыс жасағандарды қайта әлеуметтендіру бойынша баяндама жасады. Полиция департаменті басшысының орынбасары А.Бейсенбаев пен Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қ.Базарбаев ішкі істер органдары мен төтенше жағдайлар саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу шаралары туралы мәлімет берді. Мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау жөнінде мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Алмас Абаев баяндады, ал кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев кәсіпкерлерді қолдау шаралары туралы ақпарат берді. Жиын соңында қала әкімі басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейтуді және жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталған жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Айта кету керек, сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі — ол азаматтардың арыз-шағым, өтініштері. Мемлекетіміздің кез-келген азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Ендеше, жемқорлықты жоюды мақсат еткен жергілікті атқарушы органдар жолдауда берілген тапсырмалардың шындыққа айналып, заңнамалардың талапқа сай орындалуына мүдделілік танытуды міндеті деп санайды. Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Біздің мемлекетіміз, басқа да көптеген мемлекеттер сияқты, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында қарқынды жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі негізгі принциптерін айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерiн, сондай-ақ міндеттемелік шарттарын белгілеп, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы сыбайлас жемқорлық қарсы күрес туралы заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік функцияларды орындайтын мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар және оларға теңестірілген тұлғалардың тиімді қызметін қамтамасыз етуге бағытталған. Жүргізілетін іс-шараларды тиімді ету мақсатында мемлекеттік органдарында сыбайлас жемқорлыққа көріністерін шектеуге бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленеді және жүзеге асырылады. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру қылмыстық шабуылдан азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік органдар мен қоғамның белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.