ҚАТЫНКӨПІР ШАҒЫНАУДАНЫНДАҒЫ ТАЗАЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАПТЫ

35
0

Қаланың әрбір тұрғын алабы мен шағынауданындағы тұрмыс сапасы, инфрақұрылым жағдайы мен тазалық деңгейі – жергілікті билік пен қоғамдық ұйымдардың жіті назарында болуы тиіс. Бұл бағытта елімізде іске асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы нақты іс-шаралар арқылы көрініс табуда. Осы орайда Шымкент қаласы Абай ауданының Қатын-көпір шағынауданында болған жағдай – тұрғындардың үнін дер кезінде тыңдап, тиісті шара қабылдаудың айқын үлгісі.

Қатын-көпір шағынауданының тұрғындары «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне Бабыр көшесінің бойында жинақталған қоқыс пен тазалық мәселесіне қатысты өтінішпен жүгінді. Олар көшедегі тазалықтың нашарлығы, тұрмыстық қалдықтардың жиналып қалуы тұрғындар үшін қолайсыздық туғызып отырғанын айтып, жағдайды реттеуге көмектесуді сұрады. Бұл өтініш партия филиалының күн тәртібіне алынып, Абай аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы бұл мәселені Абай ауданы әкімдігіне жеткізетінін нақты айтты. Бұл – партия мен мемлекеттік органдардың өзара ынтымақтастығының көрінісі ғана емес, тұрғындар үніне бей-жай қарамай, оны іс жүзінде шешуге ұмтылудың белгісі болды. Партия қабылдауы негізінде берілген ақпараттан кейін Абай ауданы әкімі аппаратының мамандары Бабыр көшесіне шығып, қоқысты тазалау жұмыстарын жүргізді. Жиналып қалған тұрмыстық қалдықтар, көше бойындағы бейберекет тасталған қоқыстар жиналып, арнайы техника күшімен шығарылды. Нәтижесінде көшенің санитарлық жағдайы ретке келтіріліп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырылды. Мұндай іс-шара тек тазалық мәселесін шешіп қана қоймай, жергілікті билік пен азаматтар арасындағы сенімді нығайта түсті.

Бұл жағдай – халық пен билік арасындағы тиімді кері байланыстың нақты мысалы. Тұрғындардың шағымы ескерусіз қалмай, нақты қадамдар жасалды. Мұндай тәсіл – тұрғындардың өз ортасындағы мәселелерге бейжай қарамай, оны заңды жолмен көтеріп, шешім табуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, партия мен әкімдік арасындағы ынтымақтастықтың нақты жемісі ретінде қоғамдық қабылдаудың тиімді жұмыс істеп жатқанын көруге болады. Қатын-көпір шағынауданындағы тазалық мәселесінің оң шешілуі – қарапайым тұрғындардың талап-тілегіне шынайы назар аударылып, нақты әрекетке көшкен билік пен партияның өзара тиімді жұмысын көрсетеді. Бұл – ел ішінде сенімді күшейтіп, қоғамдық қатынастарды ашық әрі әділетті ету жолындағы нақты бір қадам. Мұндай жұмыстардың жалғасуы – қаланың әрбір тұрғын ауданында тұрғындардың өмір сапасын арттырып, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттердің берік негізін қалайды.