ОҚУШЫЛАР МАҢЫЗДЫ ТАҚЫРЫПТАР БОЙЫНША ПІКІР ТАЛАСТЫРДЫ
Сыбайлас жемқорлықпен күресте жастардың рөлі ерекше маңызды. Жастар қоғамдағы ең белсенді, жаңашыл және прогрессивті топ болып табылады, сондықтан олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мен оны жоюға белсене қатыса алады. Жастардың жемқорлыққа қарсы күрестегі рөлі келесі аспектілерден тұрады: Жастар арасында жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасты тәрбиелеу маңызды. Олардың әділдікке, адалдыққа, заңды құрметтеуге бағытталған құндылықтары сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда басты рөл атқарады. Осы құндылықтар отбасыда, мектепте, жоғары оқу орындарында қалыптасады. Жастар арасында жемқорлыққа қарсы тәрбиені күшейту арқылы қоғамда парақорлықты мүлде қабылдамайтын орта қалыптасады. Өскелең ұрпақ жемқорлыққа қарсы күресте азаматтық белсенділік танытып, қоғамдағы әділетсіздіктерге көз жұма қарамауы керек. Олар қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстарға қатысып, мемлекеттік мекемелер мен лауазымды тұлғалардың ашықтығы мен есеп беруін талап етуі мүмкін.
Жастар әлеуметтік желілер мен интернетті белсенді қолданатындықтан, жемқорлыққа қарсы хабарламаларды тарату, құқық бұзушылықтар туралы ақпаратпен бөлісу, қоғамдық мәселелерді талқылау және жемқорлық туралы хабардар болу осы платформа арқылы оңай жүзеге асады. Жастар жемқорлықпен күрес туралы материалдарды таратып, өздерінің блогтары мен әлеуметтік желілерде бұл мәселені көтеріп, қоғамдық пікір қалыптастыруға үлес қосады. Мектептер мен университеттерде жемқорлыққа қарсы курстар мен дәрістер енгізіп, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға болады. Жастарға сыбайлас жемқорлықтың салдары мен оны жеңу жолдары туралы терең білім беру арқылы, олардың құқықтарын білуге, әділдікке ұмтылуға тәрбиелеу маңызды. Жастар технология мен инновацияға жақын болғандықтан, жемқорлыққа қарсы жаңа шешімдер ойлап табуға қабілетті. Мысалы, цифрлық платформалар арқылы мемлекеттік қызметтерді бақылау, парасыз қоғам қалыптастыру мақсатында мобильді қосымшалар жасау және осы қосымшаларды дамыту. Өскелең ұрпақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдастықтар құрып, пікірлес адамдармен біріге отырып, жемқорлықты талқылайды, шешу жолдарын ұсынады және бір-бірін қолдап, қоғамдық пікір қалыптастырады. Жастар жемқорлыққа қарсы органдармен, прокуратура және сот жүйелерімен тығыз байланыс орнатып, күдікті істерді хабарлауға, құқықтық кеңес алуға, сондай-ақ арнайы тергеу іс-шараларына қатысуға мүмкіндік алады. Заңгер, прокурор, тергеуші секілді мамандықтарды таңдап, құқық қорғау саласында жұмыс істей отырып, жемқорлыққа қарсы күреске тікелей атсалыса алады. Жастар сыбайлас жемқорлықпен күреске белсенді араласса, ол қоғамдағы әділеттілікті нығайтып, елімізде парақорлықты азайтуға ықпал етеді. Жемқорлықсыз қоғам құру үшін жастар тек білімді ғана емес, сонымен қатар батылдықты, белсенділікті және жауапкершілікті көрсетіп, қоғамдық өмірдің барлық салаларында адалдық пен әділдікке ұмтылуы керек. Осы орайда, Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты «Ө.Жәнібеков атындағы №27 ІТ мектеп-лицей» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ағымдағы жылдың қазан айының 11 жұлдызы күні 8, 9 сыныптар арасында «Ұшқыр ой алаңы» атты мектепішілік пікірсайыс турнирі өткізілді. Мақсаты — оқушыларының арасында пікірсайыс қозғалысын дамыту және насихаттау. Шараның негізгі міндеттері — білім алушылардың жалпы мәдени ой-өрісін кеңейту, оқушылар арасындағы академиялық білім деңгейін көтеру, білім алушылардың шешендік сөйлеу өнері дағдыларын және сендіру әдістерін қалыптастыру, зияткерлік, шығармашылық қабілеттерін, зерттеу, ұйымдастыру дағдыларын, коммуникативтік біліктерін дамыту, қазақстандық қоғамда орын алған өзекті мәселелі жағдайларды талдау мен көпшілік алдында талқылау арқылы білім алушылардың позитивті, сыни ойлауын, жүйелі талдау дағдыларын, өз көзқарастарын, нақты мәселелерді шешу жолдары мен тетіктерін табу, дәлелдеме жасау өнерін қалыптастыру, парламенттік мәдениет элементтерін дамыту, оқушылардың демократиялық қоғамдағы азаматтық көзқарастары мен өмір сүру дағдыларын қалыптастыру, отансүйгіштік сезімін тәрбиелеу, туған өлкенің, елдің мәселелерін талқылау мен шешудегі жауапкершілік, қатыстылық сезімін қалыптастыру.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан көптеген жетістіктерге жетті. Экономикалық даму, мәдениет, білім және ғылым саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Қазақстанның халықаралық аренада да орны зор. Біздің еліміз көптеген халықаралық ұйымдарға мүше, бұл біздің әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа қосқан үлесімізді көрсетеді. Біздің әрқайсысымыз елімізді сүйіп, оның дамуына үлес қосуымыз қажет. Отанымыздың тарихын, мәдениетін білу, оны құрметтеу – біздің борышымыз. Отанымыздың әрбір жетістігі — біздің ортақ жетістігіміз. Турниріміздің басында еліміздің ән-ұраны шырқалды. Пікірсайыс барысында патриоттық әндер орындалды. Турнир қарарлары – «33 жылда Қазақстан Республикасы қандай жетістіктерге жетті», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес», «Болашақ мамандық туралы мектеп табалдырығынан бастап ойлау керек», «Ұлттық Рух». Байқауға 8-9 сынып оқушылары қатысты. Оқушылар белсене сайысып номинацияларға ие болды. Нәтижесінде Кеңесбаев Шыңғысхан-ең үздік спикер, Датқабек Бану-ең белсенді дебатер, Орынбек Айнұр — үздік аналитик, Жарысқан Марлен — үздік оратор атанды. Жалпы пікірсайыс – бұл адамдардың белгілі бір тақырып бойынша ой-пікірлерін ашық білдіріп, оларды дәлелдермен қорғау үдерісі. Пікірсайыс мектептерде, университеттерде, жұмыс орындарында, тіпті күнделікті өмірде маңызды дағдыларды дамытатын құнды құрал болып табылады. Оның көптеген артықшылықтары бар, олар тек коммуникативті дағдыларды жетілдірумен ғана шектелмейді. Пікірсайыс барысында адамдар әртүрлі көзқарастар мен дәлелдерді талдай отырып, сын тұрғысынан ойлауды дамытады. Ойларын логикалық ретке келтіріп, қарсы жақтың пікірін тыңдай отырып, өзінің ұстанымын өзгерте немесе күшейте алады. Дәлелдерді тексеру және логикалық қателіктерді анықтау сияқты дағдылар сыни ойлауды нығайтады, бұл өмірдегі күрделі шешімдерді қабылдауға көмектеседі. Пікірсайысқа дайындалу үшін адамдар тақырып бойынша ақпарат жинайды, сенімді дереккөздермен жұмыс істейді және алынған мәліметтерді талдайды. Бұл зерттеу дағдыларын жетілдіріп, ақпаратты сын тұрғысынан қабылдап, оны дұрыс пайдалануға үйретеді. Жинақталған ақпаратты талдап, дәлелдердің дұрыс-бұрысын тексеру, сенімді деректерді таңдау дағдыларын қалыптастырады. Пікірсайыста тек сөйлеу емес, тыңдау қабілеті де маңызды. Адам қарсы тараптың дәлелдерін мұқият тыңдап, олардың әлсіз жақтарын табуға, дәлелдеріне жауап беруге үйренеді. Бұл өзге адамдардың пікірін түсінуге, олармен келісуге немесе келіспеуге негізделген мәдениетті пікір алмасуға ықпал етеді. Пікірсайыста әртүрлі пікірлер айтылғанымен, талқылау мәдениетті және құрметпен өтуі керек. Бұл адамдарды әртүрлі көзқарастарды түсінуге және қабылдауға үйретеді. Пікірсайыс – жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына, өз қабілеттерін жетілдіруге көмектеседі. Қатысушылар өздерінің күшті және әлсіз жақтарын анықтап, оларды жетілдіруге тырысады. Пікірсайыстан кейін адам өз әрекеттерін саралап, кемшіліктерін түзетуге ұмтылады. Пікірсайыс кейде қызу талқылауларға алып келеді, бірақ ол адамдардың эмоцияларын бақылауға және өз сезімдерін басқара білуге үйретеді. Қорыта айтқанда, бұл ойын түрі – адамның тұлғалық дамуына, білім мен дағдыны кеңейтуге және өмірде табысқа жетуге қажетті көптеген пайдалы қасиеттерді қалыптастыратын құнды тәжірибе. Пікірсайыс арқылы адамдар өз пікірлерін ашық білдіруді, сындарлы ойлауды, дәлелдер келтіруді, қарым-қатынас құруды үйренеді және олардың өзіне деген сенімі артады.