ТҮРКІСТАН: «ФАРИЗА» ҚОЙЫЛЫМЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕ ҮЗДІК АТАНДЫ

Әзербайжан, Қырғызстан және Қазақстанның театр ұжымдары қатысып, астаналықтарға үздік туындыларды тарту етті. Астана қаласында «ТЕАТР АLL» III халықаралық театр фестивалі өтті. Астана қаласында 28 қазан мен 3 қараша аралығында Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқанованың драматургиясына арналған «ТЕАТР АLL» III халықаралық театр фестивалі өтті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен фестиваль мақсаты – көрермендерді жазушы-драматург Роза Мұқанованың шығармашылығымен таныстыру, халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайту және театр өнеріне жаңа серпін беріп, өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау. Оған Әзербайжан, Қырғызстан және Қазақстанның театр ұжымдары қатысып, астаналықтарға үздік туындыларды тарту етті. Түркістан музыкалық драма театры аталған фестивалге режиссер Фархад Молдағали сахналаған «Фариза» қойылымымен қатысты. Қазылар алқасының шешімімен «Үздік қойылым» деп танылып, гран-при иегері атанды. Осылайша театр ұжымы кезекті жеңісіне қол жеткізіп, атанып, 1 млн теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.

Айта кетейік, қойылым үш жылдан бері Түркістан музыкалық драма театрында көптің сұранысына ие болып келеді. «Фариза» спектаклінің басты идеясы – өрелі ақын, қоғам қайраткері, елімізге танымал тұлғаны халыққа терең таныту, қоғамды әдеби-мәдени байлықпен сусындату, жастардың интеллектуалдық белсенділігін дамыту, театр сахнасында техникалық мүмкіндіктерді пайдалана отырып көрерменнің қызығушылығын арттыру. Фариза Оңғарсынованың өмірі мен өлеңі туралы пьесаны драматург Роза Мұқанова жазған.

Көпшілік қызығушылығын оятқан туындыны біз де тамашалаған болатынбыз. Әр іс-әрекеті ой салдыратын мезеттерде көзге іркіліп жас келген сәттер болды. Фаризамен бірге толқыдық, бірге қуандық, бірге жұбандық. Әсіресе ақын Мұқағали мен Фариза жырларының үндескен тұсында ерекше әсерге бөлендік. Қойылым көпшіліктің жүрегіне терең ой салды. Оны залдағы мүлгіген тыныштық, ерекше назар байқатты. Өмір мен өлімнің арасында сенделген ақын қыз біресе отқа, біресе суға түседі. Сатқындық, өтірік, жала жабу, бетіңе қарап мақтау айтып, артыңңнан даттау осы сынды көріністерді беру идеясы сәтті шықты.