ТҮРКІСТАНДА ОЙ ҚУАЛАЙТЫН ЖАСТАР КӨБЕЮДЕ
Әлем елдерінің деңгейін салыстырған кезде экономика, әлеуметтік ахуал, әскер күші сынды сипаттамалармен ғылым-білім саласы да қатар жүреді. Себебі, кез келген істің бастауында дәл осы ғылым мен білім тұратыны сөзсіз. Осы ретте, бүгінгі таңда елімізде жастарға сапалы білім беріп, ғылым жолына түскен азаматтарды қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», — деп те айтқан еді. Демек, бұл жастардың білімге деген құштарлығын арттыратын жұмыстарға ден қою қажет деген сөз. Тиісінше, бұл тұрғыда Түркістада біршама жұмыстар жүзеге асырылып, ақыл-ойды дамытуға, ізденуге бағытталған жобалар ұйымдастырылып келеді. Сондай іс-шаралардың бір бағыты – зияткерлік ойындарға негізделген бастамалар.
Бүгінде Түркістан өңірінде іске асырылып жатқан интеллектуалдық сайыстардың бірі де бірегейі – көпшіліктің қызығушылығына ие болып, тұрақты қолдау тапқан «AMANAT AQYLMAN» жобасы. Өткен жылы бастау алған сайыстың алғашқы сатысында облысқа қарасты аудан, қалаларда іріктеу ойындары өткізіліп, жеңімпаз командалар анықталған. Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, бұл жобаның негізгі мақсаты – «Amanat» партиясы жастар қанатының VI Съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен жастардың бойында болуы қажет үш қасиет – терең білім, еңбекқорлық және отансүйгіштікті дамыту. Сонымен қатар, азаматтық жауапкершілігі зор, интеллектісі жоғары, рухани жан-дүниесі бай, эстетикалық талғамы дамыған және ұтқыр тұлғалар қалыптастыру. Қазақ халқының тарихы мен ұлттық құндылықтарын зерттеу арқылы насихаттап, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңын» қолдап, өңірдегі жастар саясатын нәтижелі түрде іске асыру.
Тиісінше, киелі шаһар тарихына, қазақ әдебиеті мен тарихына, сонымен қатар, әлемдік деңгейдегі логикалық сұрақтар қойылған жеті кезең бойынша өткен сайысқа жергілікті басқару, медицина, білім, мәдениет, спорт және бұқаралық ақпарат салаларында қызмет атқаратын жастардан құралған, аудан, қалалардан іріктеліп, жүзден жүйрік атанған 17 команда қатысты.
«Интеллектуалдық жобаның мақсаты – қатысушылар арасында білімге деген қызығушылықты арттыру, түрлі бағыттағы ізденісін жетілдіру және оларды ораторлық мәдениетке, толеранттық тәртіпке баулу, азаматтық танымдарын дамыту. Бүгінде біз сол алға қойған мақсаттарға қол жеткізіп келеміз. Интеллектуалдық жарыстың іріктеу кезеңдеріне өңіріміздегі мыңға жуық жас пен белсенділер қатысты. Бүгін жеті кезеңнен тұратын білім жарысына облысымыздың 17 аудан, қаласынан іріктелген жүзден аса ой үздіктері қатысып отырсыздар. Ойын қызықты әрі тартысты өтеді деп ойлаймын. Командалардың да жеңіске деген құлшынысы мықты. Әрине, ойын болғаннан кейін біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Оған төрешілер өздерінің әділ бағаларын беретін болады. Сонымен қатар, «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды ойынының іріктеу кезеңдерінің ерекшелігі – түрлі бағыттағы сұрақтармен қатар, әр аудан, қаладағы мемлекеттік мекемелерден бастап, барлық санаттардан қатысушы қамтуында деп ойлаймын. Атап айтсақ, аудандық іріктеу кезеңдеріне жастардан бөлек, ардагерлер, депутаттар, ауыл әкімдері, дәрігерлер, мұғалімдер, спортшылар мен журналистер де қамтылған болатын. Біз әрдайым жастарға қолдау көрсетіп, білімді ұрпақ тәрбиелеуге ықпал ете береміз», — дейді ұйымдастырушылар.
Атап өтсек, жеті кезеңнен тұратын ойынға қатысушылар сайыс барысында қатысушылар смартфон, планшет немесе қандай да бір құралдарды қолданбай, ұтқырлықтары мен білім-біліктерімен сынға түсті. Ойын соңында төрешілер командалардың жеті кезеңдегі жауаптарын есептеп, жеңімпаз командаларды анықтады. Осылайша, сайыс нәтижесі бойынша Түркістан қаласында қызмет атқаратын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған «Тұран-БАҚ» командасы үшінші, Бәйдібек ауданынан келген «ВВС» командасы екінші орынға ие болды. Ал төлебилік жастардан құралған «Жалын» командасы бас бәйгені қанжығалаған еді.
Аталған сайыста үздіктер қатарынан көрінген түркістандық жас журналист Тұрсынай Шаметованың айтуынша, Түркістан облыс орталығына айналғалы бері тек зәулім ғимараттармен көзге түсіп, сәулет туындылары көбейіп қана қоймай, қасиетті қалада білімге құштар жастардың саны да артып келе жатыр. «Оған дәлел ретінде жастар арасында интеллектуалдық ойындардың жиі өтіп жатқанын айта аламыз. Соның бірі – «AMANAT AQYLMAN» сайысы. Өз басым осы ойынға қатысқаныма қуаныштымын. Білімімді шыңдап, тәжірибе жинақтадым. «Білгенің – бір тоғыз, білмегенің – тоқсан тоғыз» демекші, бұл сайыс күйбең тірлік арасында қолға кітап ұстап тұруды еске салғандай болды. Әсіресе, ұлт үшін қызмет еткен, халықтың сауатын арттыруға бар ғұмырын арнаған тұлғаларымыз жайлы көбірек ізденуім керек деп ойладым. Шапшаңдық пен дұрыс пайымдауды талап ететін ойында командамызбен үшінші орынға лайық болдық. Бұл да болса 17 команданың ішінде үлкен жетістік. Әр кезеңнен өткен сайын қобалжығанымызды жасыра алмаймын. Логикалық сұрақтан бастап, тарихты тануға бағытталған мұндай интеллектуалдық ойындар әлі де көптеп өте берсе екен деп тілеймін. Аудан, қалалардағы жастар команда жасақтап, арнайы келіп қатысып жатыр. Ілім-ғылымға деген осындай қызығушылық бар кезде ұйымдастырушылар мұндай ойындарды өткізуге ниет таныта береді деп ойлаймын, — дейді Тұрсынай Қуанышбайқызы.
Расында, бүгін ілім-ғылымға құштар болған жастардың ертеңгі күні ел тұтқасын ұстайтын азаматтарға айналары анық. Ал мемлекеттің болашағы ізденімпаз, білімді азаматтардың қолында болса, Қазақстанның әлемдік аренадағы беделі арта түседі деп ойлаймыз.