ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖҰМЫСТАРДЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ БАҚЫЛАНДЫ
Инженерлік инфрақұрылым – бұл қалалар мен ауылдардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жүйелер мен құрылыстардың жиынтығы. Оған көлік, су, жылу, газ, электрмен жабдықтау, канализация, байланыс жүйелері және басқа да қызметтер кіреді. Бұл инфрақұрылым қоғамның өмір сүру сапасын жақсартуға, экономиканың тұрақты дамуына және әлеуметтік игілікті қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Электр қуатымен, жылу және газбен жабдықтау жүйелері халықты және өнеркәсіпті қажетті ресурстармен қамтамасыз етеді. Заманауи энергетикалық жүйелердің басты мақсаты – энергияны үнемдеу және экологиялық таза технологияларды енгізу. Бұл жүйелер адамдардың денсаулығын сақтау және экологиялық тазалықты қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Судың сапасын жақсарту және оны үнемді пайдалану инженерлік инфрақұрылымның басты міндеттерінің бірі болып табылады. Автомобиль жолдары, теміржолдар, әуежайлар, теңіз және өзен порттары ел экономикасының күре тамыры болып табылады. Олар адамдардың қозғалысы мен тауарлардың тасымалын қамтамасыз етеді. Интернет пен байланыс жүйелері қазіргі заманғы қоғамның ажырамас бөлігі. Ақпараттық технологиялардың дамуы бұл саладағы инфрақұрылымды үздіксіз жетілдіруді талап етеді.
Инженерлік инфрақұрылымсыз экономика мен әлеуметтік жүйенің тұрақты жұмыс істеуі мүмкін емес. Оның негізгі рөлдері де баршылық. Экономикалық өсім. Жаңа өндірістер мен қызмет көрсету салаларын дамыту үшін инфрақұрылымның сапалы болуы қажет. Қауіпсіздік. Табиғи апаттар немесе техногендік жағдайларда инженерлік жүйелердің тұрақтылығы елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Әлеуметтік игілік. Адамдардың өмір сүру деңгейін арттырып, тұрмыс жағдайын жақсартады. Қазақстанда инженерлік инфрақұрылымды дамыту – елдің стратегиялық басымдықтарының бірі. Мәселен, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жолдар мен көлік желілерін, энергетика және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазақстанда өндірістік аймақтар мен экономикалық хабтар құру үшін заманауи инфрақұрылым қажет. Мысалы, өнеркәсіптік парктерде инженерлік жүйелер толық жабдықталған. Қазақстан «жасыл» экономикаға көшу бойынша жұмыстар атқаруда. Энергетикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыру және баламалы энергия көздерін дамыту маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Инженерлік инфрақұрылым саласында бірнеше өзекті мәселе бар. Олар — қалалардағы жүйелердің тозуы, ауылдық жерлердегі инженерлік инфрақұрылымның дамымағандығы, қоршаған ортаға зиян келтіретін технологияларды қолдану, қаржы тапшылығы мен ресурстарды дұрыс жоспарламау. Бұл мәселелерді шешу үшін мемлекет пен жеке сектор арасында әріптестікті нығайту қажет. Сонымен қатар, инновациялық технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді. Инженерлік инфрақұрылым – қоғамның тұрақты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасының негізі. Қазақстан үшін бұл салада жүйелі реформа жүргізу және заманауи технологияларды енгізу аса маңызды. Мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялардың арқасында инфрақұрылымды дамыту елдің экономикалық әлеуетін арттыруға және халықтың игілігін қамтамасыз етуге жол ашады. Осы орайда, аталған бағыттағы мәселелерді шешу мақсатында Шымкент қаласында бірқатар маңызды шаралар атқарылып келе жатыр. Мәселен, жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапарымен Тұран, Достық және Жиделі шағынаудандарында болды. Тұран шағынауданында салынып жатқан кәріз коллекторының құрылысымен танысып, 120 мың абонентті орталық кәріз жүйесіне қосу үшін дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар, Абай ауданындағы Достық шағынауданында автокөлік иелеріне арналған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығын аралап, автодром салу үшін жер телімін бөлу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Жиделі шағынауданында жаңа гүлзардың ашылу салтанатына қатысып, қоғамдық орынның абаттандырылуы үшін орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарықшамдар орнатылғанын, көгалдандыру жұмыстарында 300 қарағаш пен қарағай көшеттері отырғызылғанын мәлімдеді. Әкім сондай-ақ жаңа әуежай терминалында болды, нысанның пайдалануға берілуге дайындық деңгейін тексерді. Жұмыс барысында қала дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды, ал әкімдік алдағы уақытта абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруға ниетті екенін атап өтті. Айта кету керек, Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Айсұлу Әлібекова мәлімдеді. Өз сөзінде “Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керегін айтқан болатын. Президент ұсынған жаңа саясатқа сәйкес, қайсы монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат береді. Өйткені, еліміздегі коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымның әбден тозығы жеткен. Кейбір электр, жылу станцияларының салынғанына 50-60 жылдан асып кеткен. Президент бұл мәселеге уақтылы назар аударып, тиісті жұмыс жүргізілмесе, еліміздің энергетикалық дағдарысқа тап болып, халықтың жарық пен жылусыз қалуы мүмкін екенін ескертті” деді Айсұлу Қуанышбекқызы. Жалпы энергетика министрлігі тарапынан жүргізілген сараптамаға сүйеніп айтар болсақ, еліміздегі 37 жылу-электр орталығының 19-ы қызыл аймаққа, 11-і сары аймаққа және 7-еуі жасыл аймаққа кірген. Бұл саралау станциялар мен ондағы жабдықтардың техникалық жағдайына қарай жүргізілген. Айта кетерлігі, 2020 жылмен салыстырғанда станцияны уақытша әкеп соқтыратын апаттық жағдайлардың саны 5 пайызға өскен. Еліміздегі кейбір жылу электр орталықтарының қызмет ету мерзімі 60 жылдан асады. Ал, станциялардың төрттен үш бөлігі жарты ғасырдан астам уақыттан бері жұмыс істеп тұр екен. Осы деректердің барлығы Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатының қаншалықты қажетті екенін көрсетіп тұр. Осы орайда, А.Әлібекованың айтуынша, комитеттің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Шымкент қаласы әкімдігінің бірлескен бұйрықтарымен «3-Энергоорталық» АҚ-ның жылу энергиясын өндіру қызметіне 2022-2026 жылдарға арналған тарифтері мен тарифтік сметасы және инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Бұл инвестициялық бағдарламаға сәйкес, монополист компания негізгі құралдардың тозуын төмендету мақсатында 2023 жылға қосымша 55756,78 мың теңге көлемінде инвестициялық бағдарлама бекітілген. Жылу энергиясын өндіру қызметіне бекітілген инвестициялық бағдарлама негізгі құралдарды күрделі жөндеуге бағытталған іс-шараларды көздейді, бұл негізгі құралдардың тозуын 60,7 %-дан 57,7%-ға немесе 3,02%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. “Департамент 2023 жылғы 7 тамызда тұтынушылардың, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен жария тыңдауларда айтылған пікірлер мен ұсыныстарды ескере отырып, монополист субъектінің өтінімін мұқият қарап, 2023-2026 жылдарға арналған жылу энергиясын өндіру қызметінің тарифтері 2023 жылғы 1 қазанынан бастап қолданысқа енгізе отырып бекіту туралы шешім қабылдады” дейді Айсұлу Қуанышбекқызы. Сонымен жылу энергиясының 2023 жылға орташа босату тарифі 5,03%-ға өсіре отырып, 4 785,74 теңге/Гкал болып белгіленген. Монополист компания өкілдерінің хабарлауынша, инвестициялық бағдарламаны іске асыру алдағы жылыту маусымында қаланы сапалы және үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биылға 2 қазандық, 1 турбоагрегатты күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған болса, бүгінде 2 қазандықта жұмыстар толық жұмыс істеп тұр.