ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ КІТАП ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТІП ЖАТЫР

Кітапханалардағы кітап қорында іздегеннің бəрі бар, соны алып оқитындар қатары өкінішке орай, тым аз! Жаһандық даму белгісіндегі түрлі желімен байланысамыз да, өзіндік шығармашылық іздері-соның көлеңкесінде қалып жатыр! Расында кітапты оқымағанан кейін көптеген жастардың сөз қоры аз, сөйлеу мәнері төмен. Бұл олқылықтың алдын алу үшін «Серпіліс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Түркістанда «Парақtimes» кітап жәрмеңкесін өткізу қолға алынды. Алғаш рет жоба Шымкент қаласында өтсе, кейінгілері еліміздің рухани астанасында өтті. Шараның басты мақсаты — жастарды кітап оқуға шақыру,- дейді ұйымдастырушылар.  Рухани шараға Ұларбек Дәлейұлы, Ырысбек Дәбей, Ерлан Жүніс бастаған елімізге белгілі қаламгерлер, жергілікті зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жас оқырмандар қатысып жатыр.

Ашылу салтанатында сөз алған Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев бұл жобаның маңызы зор екенін, соңғы кезлері жастардың кітап оқуға қызығушылардың артып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ осында өтіп жатқан челленджге қолдау танытып, «Фараб» кітапханасына бірнеше кітап сыйлады. Шара барысында түрлі байқаулар өтіп жатыр. Жаңа кітаптар таныстырылуда. Оқырман қауым өлең оқып, өз өнерлерін көрсетуде.

Қазіргі күнде еліміз бойынша 10-нан астам кітап дүкендері мен баспалары жәрмеңкеге қатысуға ниет білдірген. Олардың ішінде «Алқа», «Qasym» баспа үйі, «ХАНКОМИКС», астаналық «Шұғыла» баспа үйі, «Отбасы» хрестоматиясы, «Жебе» баспасы, «Қызмет» баспасы, «Кітаптар әлемі» кітап дүкені бар. Ұйымдастырушылар жобаның атауы неден шыққанына тоқталды.

«Кітап оқу – ең алдымен парақтаудан басталады. Қоғамның назарын осыған аудару. Кітап оқудан алшақтап қалған немесе оқуды енді бастамақ болып отырған адамға кітап оқы дегеннен гөрі, кітапты парақтап көріңіз деген ұсыныс жағымдырақ естіледі. Әр адам парақтау арқылы өзіне кітап әлемін ашады. Сондай-ақ, өмірдің әрбір күні жаңа парақ емес пе? Бүгінгі күніңізді кітап оқудан бастаңыз деген ұсыныстан шығады», – деді Бейсенкүл Нарымбетова.

Айта кетейік, жобаның мақсаты – жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, қала тұрғындары арасында кітап оқуды насихаттау, балалар арасында кітап оқуға деген құштарлықты қалыптастыру. Осы арқылы Түркістан қаласының интеллектуалды қала атанып, түркістандық мәдениеттің қалыптасуына үлес қосу. Баспагер, баспаханалармен қатар ақын-жазушыларды жәрмеңкеге қатыстыра отырып қазақстандық баспа саласының дамуына қолқабыс ету. Рухани астананың оң иммиджінің қалыптасуына ықпал ету.