ОТБАСЫНЫҢ ЦИФРЛЫҚ КАРТАСЫ ДЕРЕКТЕРІН ӨЗЕКТЕНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

37
0
Түркістан облысында өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен жекелеген азаматтарға жұмысқа орналасу, кәсіпкерлік қызметке тарту, кәсіби дағдыларды игеру, құқықтық проблемаларды шешу, психологиялық көмек көрсету сияқты мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп келеді. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында кеңінен талқыланды.
Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға өзектендіруге жататын азаматтарды анықтап, тиісті шаралар жүргізуді тапсырды. Аудан, қала, ауыл әкімдері мен жауапты бөлімдерге осы бағыттағы жұмысты реттейтін нақты алгоритм ұсынуды жүктеді. Жұмыс орындарын көбейту, инвестиция тарту, өзіндік кірістерді ұлғайту, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық беру керектігін ескертті.
Жиында Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, Отбасының цифрлық картасындағы деректерге сәйкес бүгінгі таңға облыс бойынша 508 414 отбасы бар. Оның ішінде, А – қауіпсіз деңгейінде 10 002 отбасы немесе 2%, В – қанағат деңгейінде 165 712 отбасы немесе 32,6%, С – қолайсыз деңгейінде 181 067 отбасы немесе 35,6% болып қалыптасқан. D және Е санаттарында 151 633 отбасы есепке алынып, олардың үлесі 29,8%-ды құрап отыр. Сондай-ақ облыс бойынша жарналары мен аударымдары жоқ 18 455 жеке кәсіп иесі бар. Олардың үлесі 3,8%-ды құрайды. Өңірде мекенжайы бойынша тіркелген, алайда мүлдем тұрмайтындар саны – 23 887, бұл D және Е санатындағы азаматтардың 4,9%-ын құрады. Оларды нақты тұрып жатқан тұрғылықты жері бойынша тіркеуді рәсімдеу қажет.
Отбасының әл-ауқатын бағалау мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған 9 критерий негізінде автоматты түрде айқындалады. Нақтырақ айтқанда, отбасының әлеуметтік саламаттылығы, жұмыспен қамтылуы, кірістер және кредиттік міндеттемелері, ауыл шаруашылығы, жылжымалы мүлкі, әлеуметтік қорғалуы, денсаулық деңгейі, білім деңгейі, тұрғын үй жағдайлары есепке алынады.
Айта кетейік, жыл соңына дейін Д мен Е деңгейдегі отбасылар санын 137 мыңға дейін төмендеу межеленді. Осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіледі.