ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАС ШАХМАТШЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДОДАДАН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

Сербияда өткен мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпионатында түркістандық жас шахматшы Нұрислам Сұлтанхан ерекше жетістікке қол жеткізіп, күміс медаль жеңіп алды. Бұл – оның халықаралық аренадағы алғашқы үлкен жеңісі.
Турнирге әлемнің 44 елінен 470 шахматшы қатысқан. Жас шахматшы Нұрислам өз шеберлігін көрсетіп, таланты мен еңбекқорлығының нәтижесінде 7 ұпай жинап, екінші орынды иеленді. Жаттықтырушысы Қуанышбек Жұмадуллаев пен ата-анасының қажырлы еңбегінің арқасында Нұрислам елдің намысын қорғап, әлемге танытуда.
Шахматшы мен бапкерін Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев пен жаттықтырушылар, спорт жанашырлары мен туыстары күтіп алды.
Бұл – жас шахматшының жетістігі ғана емес, тұтас Түркістан қаласының абыройын асқақтатқан жеңіс.