ЕСКІ АВТОКӨЛІКТЕРГЕ САЛЫҚ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жаңа Салық кодексінде ескі көліктерге салық мөлшерін азайту нормасы бар екенін айтты.

— Әрине, жобада ұсынылған осы норма сақталды. Егер автокөлік 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып келсе, салықтың жартысын төлейді. Ал 10 жылдан асқан автокөліктерге салық 30 пайызға азаяды, — деп нақтылады Ержан Біржанов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұл тұрғыда ол қазір елді мекендер мен шалғай ауылдарда ескі көліктер көп екенін еске салды.

— Осы тұрғындардың салық жүктемесін жеңілдету үшін мұндай нормаларды енгізіп отырмыз. Бұл норма қозғалтқыш көлемі үлкен немесе шағын көліктердің барлығына қатысты. Жол талғамайтын (жоғары салық төлейтін) көліктер де қамтылады, яғни 20 жылдан асса, 50 пайызын төлейді, — деді вице-министр.