ТҮРКИЯДА ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ СУАСТЫ МҰРАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

2025 жылғы 17 мамырда Түркияның Кемер қаласында, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен TİKA агенттігінің ынтымақтастығымен, сондай-ақ Акдениз университетінің Суасты археологиясын зерттеу және қолдану орталығы мен Кемерді дамыту қорының қатысуымен өткен 24-ші Халықаралық Кемер суасты күндері аясында Түркі әлемінің суасты мәдени мұрасын сақтау жөніндегі арнайы панель өтті.
Панельдің ашылуында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хаты оқылды. Хатты Қордың жобалар менеджері Нури Аксу жеткізді. Өз сөзінде Ақтоты Райымқұлова суасты мәдени мұрасын сақтау – түркі әлемінің ортақ тарихи мұрасын танытудың маңызды құралы екенін атап өтіп, осы салада бірлескен жобаларды дамытуға шақырды.
Панель Нури Аксудың модераторлығымен өтіп, алты елдің өкілдері баяндама жасады:
Әзербайжан Мәдениет министрлігінің өкілі Махир Гахраманов елдегі суасты археологиясының үш тарихи кезеңіне тоқталды. Ол Байыл (Сабайл) қамалы маңында және Каспий теңізі жағалауларында жүргізілген зерттеулер туралы баяндап, 1938 жылдан бері 4000-нан астам тарихи артефакт анықталғанын атап өтті. 2024 жылы Пирәллахи мен Зирә аймақтарында су астындағы кемелер табылды.
Қазақстанның Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің өкілі Досым Зікірияйы Маңғыстау өңіріндегі, Кетікқала портындағы және Шевченко бекетіндегі зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Ол 2020 жылы Каспийде су астындағы мұнай танкері табылғаннан кейін бұл салаға қызығушылық артқанын айтып, жартылай су астында қалған Сарайшық қаласындағы археологиялық жұмыстар жайында баяндады. Сонымен қатар, Қазақстанда мәдени-туристік суасты туризмінің әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің сарапшысы Айпери Станалиева 2023–2024 жылдары Ыстықкөлдің солтүстік жағалауында жүргізілген зерттеулер нәтижесін ұсынды. Торұ-Айгыр маңында жүргізілген сүңгу мен сонар сканерлеу кезінде кірпіштен салынған құрылымдар, тандыр пештер мен өндірістік кешендердің қалдықтары табылды. Кейінгі орта ғасырларға жататын керамика сынықтары мен жануар сүйектері де анықталған. Фотограмметрия мен 3D модельдеу технологиялары арқылы зерттелген нысандарды цифрлық форматта сақтау және қалпына келтіру мүмкіндігі туындады.
Акдениз университетінің Суасты археологиясы орталығының директоры және іс-шара ұйымдастырушысы доцент, доктор Хакан Өнүз Түркияның суасты мәдени мұрасын қорғаудағы мол тәжірибесімен бөлісті. Ол Улубурун мен Гелидонья кемелерінің табылуы секілді халықаралық деңгейде танымал жаңалықтар жайында баяндап, Түркияның ЮНЕСКО стандарттарына сай қорғау саясатын жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол Түркі әлемінің өкілдерін Түркия тәжірибесінен үйренуге шақырып, панельді ұйымдастырғаны үшін Қорға алғысын білдірді.
Мажарстанның Арпад музейінен келген доктор Аттила Тот Дунай өзені бойындағы зерттеулерге тоқталды. Ол осман кезеңіне жататын суасты құрылымдарының құжаттамасы, су астындағы көпір іргетастары мен тарихи қалдықтар түркі-мажар ортақ тарихын зерттеуге негіз болатынын айтты. Сонымен қатар, студенттік экспедициялар мен цифрлық карта жобаларын таныстырды.
Өзбекстанның Мәдени мұра агенттігінің өкілі Бахтиёр Аматов Арал теңізі маңындағы су астында қалған тарихи қоныстар туралы баяндады. Ол өңірге деген туристік қызығушылықтың артып келе жатқанын және панельді ұйымдастырғаны үшін Түркі мәдениеті және мұрасы қорына алғыс білдіріп, болашақта ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін айтты.
Панельден кейін Түркі әлемі мен халықаралық ұйымдардың сарапшылары қатысқан дөңгелек үстел отырысы өтті. Онда суасты мұрасын қорғаудың ортақ тәсілдерін әзірлеу мақсатында пікір алмасылды. Алғашқы сөз кезегінде доцент доктор Хакан Өнүз бен Нури Аксу инфрақұрылым, қаржыландыру, білім беру және ынтымақтастық мәселелерінің маңызын атап өтті.
Қатысушылар Түркия тәжірибесін зерттеуге қызығушылық танытып, Қырғызстандағы суасты мұрасына қатысты кадр даярлау, Қазақстан мен Өзбекстанмен ынтымақтастықты тереңдету қажеттігін алға тартты. Галлиполи аймағындағы суасты мұрасын халықаралық деңгейде таныту да ұсынылды.
Іс-шара барысында келесі ұсыныстар айтылды:
* көшпелі көрмелер мен бірлескен симпозиумдар ұйымдастыру;
* CMAS бағдарламасы аясында кәсіби сүңгуірлерді оқыту;
* Еуропалық жобаларды бірігіп іске асыру;
* суасты фотосурет шеберханаларын өткізу;
* студенттер мен зертханалар арасында тәжірибе алмасу;
* Түркі елдері мекемелерімен жыл сайынғы суасты мұрасы кездесулерін өткізу.
Сондай-ақ суасты мәдени мұра бойынша цифрлық дерекқор құру және үздік тәжірибелермен алмасу ұсынылды. Жиын ортақ мәдени мұраны қорғауда халықаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттігін ерекше атап өтіп, жоғары деңгейде қорытындыланды.
Іс-шара барысында айтылған барлық ұсыныстар Түркі мәдениеті және мұрасы қоры тарапынан арнайы есеп түрінде жинақталып, Түркі әлеміндегі тиісті мекемелерге жолданады. Сонымен қатар, бұл саладағы үйлестіруді жүйелеу мақсатында Түркі әлемі Суасты мұрасы желісін құру ұсынылды.