9 ЖАҢА ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫ АШЫЛДЫ

23
0

2025-2026 оқу жылына орай Түркістан облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде маңызды жаңалық орын алды. «Жұмысшы мамандықтар жылына» байланысты өңір колледждерінде 9 жаңа мамандық ашылып отыр. Бұл бастама жастарды сұранысқа ие салаларға бағыттау және жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында қолға алынған.

Аталған жаңа бағыттар қатарында — жүк көтергіш машиналар мен транспортерлерді пайдалану, пайдалы қазбалардың кен орындарын жер астында өңдеу, жаңартылған энергетика, жемістер мен көкөністерді сақтау және қайта өңдеу, стоматология мен фармация секілді салалар бар. Барлық мамандықтар заңдастырылып, тиісті лицензиялар алынған.

Бұл туралы өңірде өткен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру мен бөлу жөніндегі комиссия отырысында мәлім болды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары әрі комиссия төрағасы Бейсенбай Тәжібаев төрағалық етті.

Комиссия соңғы үш жыл бойы жүйелі жұмыс істеп келеді. Жасалған талдаулардың нәтижесінде мемлекеттік тапсырыс тиімді бөлініп, гранттар толық игерілуде. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Қоғамда сұраныс жоқ мамандықтарға тапсырыс берудің қажеті жоқ. Ең бастысы – адам тағдыры. Қажетсіз мамандық иелері болашақта жұмыссыздар қатарына қосылады. Ал бұл – мемлекеттің қаржысын босқа жұмсау деген сөз, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Оның айтуынша, болашақта бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау үшін әділетті шешімдер қажет. Мемлекеттік грант арқылы оқып, жатақханамен қамтылып, сапалы білім алған жастар ел дамуына үлес қосуы тиіс. Сондықтан бұл мүмкіндікті кеңінен насихаттап, әсіресе ауыл жастарын тарту – басты міндет.

Жиында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова да сөз алып, қазіргі таңда 110 мамандық бойынша 23 мыңнан астам орынға сұраныс түсіп отырғанын мәлімдеді. Бұл сұраныстар облыстық басқармалар, аудандық әкімдіктер мен кәсіпорындар тарапынан келіп түскен.

Биылдың өзінде өңір колледждеріне 15 500 білім гранты бөлініп отыр. Оның ішінде 9600 грант – нақты жұмысшы мамандықтарына бағытталған. Бұл – кадр даярлау саясатында нақты сұранысқа негізделген оң өзгеріс бар екенін көрсетеді. Сонымен бірге, ІТ саласы мен инвестициялық жобалар үшін мамандар дайындауға да басымдық беріліп отыр.

Бүгінгі қоғамда мамандық таңдау – тек жеке адамның емес, тұтас елдің болашағына әсер ететін маңызды қадам. Осы ретте Түркістан облысында қолға алынған жаңа мамандықтар — еңбек нарығын қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге және жастарды нақты жұмыс орындарымен қамтуға бағытталған оң бастама.