САРЫМСАҚТЫ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ ӨНДІРІСІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛМАҚ

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру мен терең өңдеу индустриясын дамытуда маңызды кезеңге қадам басты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегацияның Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында сарымсақты терең өңдеу жобалары бойынша шешуші келіссөздер жүргізілді.
Қытайдың Шаньдун провинциясындағы Цзинин қаласында өткен келіссөздер барысында делегация әлемдегі ең ірі сарымсақ өндіруші – «Wanlin Group» компаниясының басшылығымен кездесті. Тараптар Түркістанда агроиндустриялық кластер құру, фермерлермен ұзақ мерзімді серіктестік орнату, өңделген өнімді экспорттау мәселелерін талқылап, нақты уағдаластықтарға қол жеткізді.
Сарымсақ – тек тағамдық емес, фармацевтикалық, косметикалық және биотехнологиялық өнімдер жасауға кеңінен қолданылатын стратегиялық ауыл шаруашылығы өнімі. Қытай бұл бағытта көшбасшы ел ретінде жылына 8 миллион тонна өнім өндіріп, оның $4 млрд-тан астамын экспортқа шығарады. «Wanlin Group» компаниясы 20 жылдан астам тарихқа ие, 500 мың гектар егістік алқапты қамтиды. Жылдық сақтау сыйымдылығы – 4,8 млн тонна. Қайта өңдеу, кептіру, мұздату және дәрілік заттар өндірумен айналысады. Дүниежүзілік сарымсақ бағасын реттеу орталығы ретінде танымал. Осындай ауқымды тәжірибе Түркістан облысына инновациялық технологиялар, инвестициялар және экспорттық тізбектерді тартуға мүмкіндік береді.
Келіссөздер нәтижесінде тараптар Түркістан облысында сарымсақты терең өңдейтін зауыттар салу, агроиндустриялық кластер құру, фермерлермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау, логистика және экспорт жүйесін дамыту, сарымсақ егетін алқап көлемін ұлғайту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Бұл келісімдер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғырту және экспорттық өнім көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларына толық сәйкес келеді. «Біз ауыл шаруашылығы саласын дамытудың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Бұл бастамалар – Президентіміздің ауыл экономикасын көтеру жөніндегі тапсырмасына толық сай келеді. Ең бастысы – ауыл тұрғындарына нақты пайда әкелетін, тұрақты табыс беретін жобаларды іске асыру», – деп атап өтті облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Қытайдың аграрлық технопарктері – тек өнім өндіріп қана қоймай, оны өңдеу, сақтау және экспортқа шығару бойынша кешенді жүйе қалыптастырған. Түркістан делегациясы өндіріс цехтары мен логистикалық кешендерді аралап көрді. Экспорттық тізбектердің қалай жұмыс істейтінін саралады. Мемлекеттік қолдау механизмдерімен, субсидиялау жүйесімен танысты. Тіпті сарымсаққа арналған арнайы музейде болып, Қытайдың бұл саладағы тарихи тәжірибесімен танысты. Мұндай жан-жақты зерттеу сапары Түркістан облысының аграрлық саясатын нақты, нәтижелі және жаңа форматта жүргізуге мүмкіндік береді. Түркістан облысы – сарымсақ, пияз, көкөніс және бақша дақылдарын өсіруде республикада жетекші өңір. Жыл сайын он мыңдаған гектар жерге жоғары өнімді дақылдар егіледі. Облыстың агроклиматтық жағдайы қолайлы (ұзақ күн, жылы климат), суармалы жер көлемі үлкен, технологияны тез меңгеретін фермерлері бар, фһинвестиция үшін ашық әрі қолайлы экожүйесі бар. 2025 жылға қарай Түркістан облысына тартылатын тікелей шетелдік инвестициялар көлемін 30%-ға арттыру жоспарланған. Қазіргі таңда облыс әкімдігі инвесторларға жер телімін рәсімдеу, инфрақұрылыммен қамту, салықтық жеңілдіктер, кедендік және логистикалық қолдау ұсынуда.
Сарымсақты терең өңдеу бағытындағы жаңа келісімдер Түркістан облысының агроиндустриялық дамудағы бетбұрысты сәтіне айналғалы отыр. Бұл – тек бір өнім түрі емес, тұтас өңірлік аграрлық трансформацияның символы. Фермер үшін – табыс, өңір үшін – инвестиция, мемлекет үшін – экспорт және технология. Түркістан облысы ендігі жерде тек егістік аймақ қана емес, толық циклді өндіріс аймағы ретінде жаңа сапалық деңгейге көтерілуде.