САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ МАРАПАТТАРЫ – ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕҢБЕККЕ ДЕГЕН ҚҰРМЕТ

Жуырда Шымкент қаласында мәдениет пен өнер саласында қажырлы еңбек етіп жүрген қызметкерлердің еңбегі ерекше құрметке ие болды. Қала өмірінің рухани келбетін қалыптастырып, көркемдік дүниетанымға үлес қосып жүрген сала мамандарына арналып ұйымдастырылған салтанатты марапаттау рәсімі – ел ішіндегі шығармашылық еңбекке берілген әділ бағаның айқын көрінісі болды.
Іс-шараға Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев пен ҚР мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Руслан Шеримов арнайы қатысып, еңбек озаттарына төсбелгілер мен Алғыс хаттар табыстады. Марапат иелеріне алғысын білдірген Бауыржан Әлтеев пен Руслан Шеримов мәдениет пен өнер – тек сахнада емес, сахна сыртында да үлкен еңбекпен көрінетін сала екенін атап өтті. Бұл күн – олардың әрқайсысының шығармашылық ізденісі мен күнделікті маңдай тері еленген күн. Жергілікті өкілді орган – Шымкент қалалық мәслихатының Алғыс хатымен төмендегі сала жетекшілері марапатталды. Олар — Шымкент қалалық қуыршақ театрының директоры Молдабек Сардарбек Жайлауханович, Шымкент жасөспірімдер кітапханасының директоры Бабажанова Раушан Бабажанқызы, Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Жұманова Нұрила Серікбайқызы, Өтеміс мәдениет үйінің меңгерушісі (м.а.) Курманбекова Ляззат Сайлауовна. Бұл – сала жетекшілерінің мәдениет кеңістігін басқарудағы үздік еңбектеріне берілген жоғары қоғамдық баға. ҚР мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының атынан да бірқатар мәдениет қызметкерлері төсбелгі, Алғыс хатпен марапатталып, өз саласына адал қызметтері үшін лайықты құрметке ие болды. Мұндай мәртебелі беделге Шымкент қалалық өзбек драма театрының директоры Сайтходжаев Рустамхан Курбанходжаұлы, «Шымкент концерт» ұйымының бөлім меңгерушісі Атабекова Жанбота Орынтайқызы, Опера және балет театрының суретші-әрлеушісі Даненова Ақмарал Убайдаевна, Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының референті Рахимова Рахнама Кәрімджанқызы, Қуыршақ театрының бірінші дәрежелі әртісі Мусакулов Акберді Акимұлы, Орыс драма театрының әртісі Петриченко Галина Александровна, Концерттік-көрме орталығының бөлім меңгерушісі Айтбаев Азамат Қайратұлы, А.С. Пушкин атындағы әмбебап кітапхананың кітапханашысы Рсымбетова Нуржамал Дауеновна, Қалалық кітапханалар жүйесінің директор орынбасары Садық Гүлжан Байсерікқызы сынды бірқатар азаматтар ие болды. Бұл тұлғалар – сахна мен сахна сыртында, кітапхана мен көрме залдарында, мәдени ошақтарда тынбай еңбек етіп жүрген руханияттың шын жанашырлары.
Мәдениет – ұлттың рухани тірегі. Ал осы салада еңбек ететін мамандар – ұрпақ тәрбиесінің, рухани мұраның, эстетикалық тәрбиенің алдыңғы шебіндегі майталмандар. Олардың еңбегі сахнада көрінбесе де, ұрпақ санасында, халық жадында мәңгі сақталатыны сөзсіз. Бүгінгі марапат – сол ерен еңбектің қоғамдық мойындалуы. Шымкент қаласында өткен бұл марапаттау рәсімі – мәдениет саласы қызметкерлерінің қажырлы еңбегіне көрсетілген зор құрметтің жарқын үлгісі. Мұндай шаралар сала мамандарына жаңа серпін беріп, ұжымдық бірлік пен шығармашылық өрлеудің алғышартын қалыптастырады. Кәсіподақ ұйымдары мен жергілікті билік өкілдерінің мәдениет қызметкерлеріне деген ілтипаты – бұл салада еңбек ететіндердің өз істеріне деген сенімін арттыра түсері сөзсіз.