КӘСІПОДАҚТАР ЖАҢА СЕРПІНГЕ БЕТ АЛДЫ

104
0

Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев «OŃTÚSTIK» телеарнасының «Таң нұры» таңғы ақпараттық-сазды бағдарламасының тікелей эфиріне қатысып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII Съезі туралы жан-жақты баяндады. Ол съездің еліміздің кәсіподақ қозғалысындағы тарихи маңызына тоқталып, қабылданған шешімдердің еңбек адамын қорғау жолындағы жаңа кезеңнің бастауы екенін атап өтті.

Өз сөзінде «Бұл съезд – жай есеп беру алаңы емес. Бұл – еңбек адамына бағытталған жаңа саясаттың бастауы. Әділ еңбекақы, қауіпсіз жұмыс орны, әлеуметтік әділеттілік – біздің басты бағытымыз. Кәсіподақтар енді жаңа деңгейде әрекет етеді» деді Бауыржан Әлтеев. 2025 жылғы 11 шілдеде Астана қаласында өткен ҚРКФ XXVII Съезі – еліміздің кәсіподақтар қозғалысының жаңа даму стратегиясын айқындаған елеулі оқиға болды. Съезд жұмысына Қазақстанның барлық өңірінен 227 делегат, сондай-ақ әлемнің 40-тан астам елінен халықаралық қонақтар қатысты. Съезд барысында 2020–2025 жылдар аралығындағы жұмыс қорытындыланып, алдағы бес жылдық даму стратегиясы қабылданды. Қабылданған маңызды шешімдерге келсек, ҚРКФ Жарғысына толықтырулар енгізілді. Бас кеңес пен Ревизиялық комиссия жаңа құраммен бекітілді. Сатыбалды Даулеталин ҚРКФ төрағасы болып бірауыздан қайта сайланды. Кәсіподақ жүйесін жаңғырту жөніндегі жаңа комиссия құрылды. Съезд резолюциясы қабылданып, алдағы міндеттер айқындалды. Бауыржан Әлтеев съезден кейін Шымкент қалалық кәсіподақ ұйымдарының алдында тұрған жаңа міндеттерге тоқталды. Ендігі негізгі бағыттар — еңбек қатынастарын цифрландыру, әлеуметтік қолдауды күшейту және жастар мен әйелдердің кәсіподақ белсенділігін арттыру. Бұл бастамалар Қазақстандағы еңбек қатынастарын жаңаша, әділетті және тиімді жолмен дамытуға бағытталған.

Съезд қарсаңында, 9–10 шілде күндері, Астанада Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесі (ХКК БЕАК) ұйымдастырған Халықаралық жазғы мектеп өтті. Оған 40-тан астам елдің кәсіподақ көшбасшылары мен еңбек сарапшылары қатысты. «Ұжымдық келіссөздер және жұмыс орнындағы демократия» тақырыбындағы мектеп аясында мына мәселелер кеңінен талқыланды — жасанды интеллект пен цифрландырудың еңбек нарығына әсері, әділетті энергетикалық көшу саясаты, ұжымдық келіссөз мәдениетін дамыту, еңбек қауіпсіздігі мен денсаулықты сақтау тетіктері. Қазақстан делегациясы атынан съезд жұмысына Сатыбалды Даулеталин және жастар мен әйелдер қозғалысының белсенділері қатысты. Олар халықаралық тәжірибе алмасып, жаңа идеялармен оралды.

Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысы жаңа кезеңге қадам басты. Бұл – еңбек адамының құқығын қорғаудағы батыл бетбұрыс. Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығы мен оның басшысы Бауыржан Әлтеевтің айтуынша, ендігі міндет – қабылданған шешімдерді нақты іс жүзінде жүзеге асыру, еңбеккерлердің әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті нығайту. Бұл бағыттағы жұмыс енді басталды. Жаңа стратегия, жаңғырған құрылым және халықаралық серіктестік – Қазақстан кәсіподақтарының болашағын жаңа деңгейге көтермек.