1500-ДЕН АСТАМ АЗАМАТҚА ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС БЕРІЛДІ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы елімізде қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақты іспен жүзеге асырып келеді. Соның жарқын дәлелі ретінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған кезекті қоғамдық қабылдауды атап өтуге болады. Мақсат – қала тұрғындарына құқықтық кеңес беру, әлеуметтік мәселелерін тыңдап, заң аясында шешім ұсыну, сондай-ақ мемлекеттік органдармен кері байланыс орнатуға мүмкіндік беру.
Қоғамдық қабылдауға партияның Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Бекайдар Түлегенов, қалалық мәслихат депутаты, партия фракциясының жетекшісі Қайрат Имашев, қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжанат Баетова, Шымкент қаласы Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова, жеке сот орындаушы Талғат Әшірбаев, сондай-ақ «Zangerler Palatasi» заң кеңесшілері мен тәжірибелі адвокаттар қатысты. Бұл құрам — азаматтардың мәселелерін жедел әрі жан-жақты талқылап, білікті құқықтық көмек көрсету үшін арнайы жасақталған. Мұндай кешенді тәсіл – халықтың мемлекетке деген сенімін арттыратын нақты амалдардың бірі. Қоғамдық қабылдау аясында 20-дан астам азамат әртүрлі мәселелерімен жүгініп, заңгерлерден нақты кеңес алды. Көтерілген негізгі мәселелер — алаяқтардың арбауына түсу, сот орындаушыларының әрекеттеріне наразылық, жер және тұрғын үйді заңдастыру, мүгедектік рәсімдеу және әлеуметтік қорғау, коммуналдық қызметтер мен төлемдерге қатысты сұрақтар, көші-қон саласы және құқық қорғау органдарына шағымдар. Мамандар әрбір азаматтың өтінішін жеке қарап, заң аясында түсінікті әрі нақты жауап беріп отырды. Кейбір мәселелер сол жерде шешілсе, күрделі сұрақтар хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Қоғамдық қабылдауға қатысқан азаматтар шараны жоғары бағалап, осындай ашық әрі тиімді кездесулердің тұрақты өтуіне ниет білдірді. Бұл – халықтың билікке деген сенімінің артып келе жатқанын көрсетеді. Тұрғындардың айтуынша, бұл қабылдаулар оларға тек құқықтық көмек қана емес, мәселесін тыңдайтын, түсінетін алаң бар екенін ұғындырады. Ашық диалог – сенімнің негізі. Ал сенім – реформалардың алғышарты.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жыл басынан бері 197 қоғамдық қабылдау өткізіп, 1506 азаматтың мәселесін қарады. Жалпы 4516 өтініш тіркеліп, олардың 68%-ы оң шешімін тапты. Қалған өтініш иелеріне құқықтық кеңестер беріліп, қажетті органдарға бағыттама жасалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен енгізілген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – ел мен билік арасындағы байланысты нығайтуға арналған жаңа саяси мәдениеттің негізі. Бұл тек қағаз жүзіндегі ұран емес, бүгінгі күні нақты іске асырылып отырған жүйелі бағыт. «AMANAT» партиясы осы тұжырымдаманың жергілікті деңгейдегі нақты орындаушысына айналып отыр. Қоғамдық қабылдаулар – бұл халықтың сөзін тыңдап, ұсынысына нақты жауап қайтарудың тиімді үлгісі. Құқықтық көмек жобасы арқылы азаматтар заңсыздықтар мен әлеуметтік әділетсіздікке қарсы тұру үшін білікті мамандардың кеңесіне жүгінуге мүмкіндік алуда. Бұл – демократиялық, әділетті қоғамның қалыптасуына жасалған нақты қадам.