ШЕТЕЛДІК СЕРІКТЕСТІК – ЖЕРГІЛІКТІ ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУҒА СЕРПІН

34
0

Түркістан облысының Сауран ауданы халықаралық экономикалық байланысты дамытуды басты басымдықтардың бірі ретінде қарастырып отыр. Бұл бағыттағы нақты іс-қимылдың айғағы – жуырда аудан делегациясының Түркия Республикасының Кония қаласына жасаған жұмыс сапары. Іссапар құрамында Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық, «Жасыл Сауран» мекемесінің директоры Нұржан Бадамбаев, сондай-ақ бірқатар жеке кәсіпкерлер болды.

Сапардың негізгі мақсаты – шетелдік инвестиция тарту, кәсіпкерлік байланыстар орнату және аудан көлемінде өндірістік әлеуетті арттыру. Бұл – Сауран ауданының экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған кешенді қадам. Кония – Түркияның индустриялық әлеуеті жоғары қалаларының бірі. Бұл аймақ машина жасау, ауыл шаруашылығы техникасы, тағам өнімдерін өндіру және құрылыс индустриясы бағытында озық технологияларды қолданумен танымал. Сапар барысында делегация мүшелері Кониядағы бірқатар индустриялық аймақтарды аралап, жергілікті зауыттардың өндірістік желісімен танысты. Олардың қатарында «Kanat Makina San. Tic. Ltd. Şti» – гидравликалық қысым, механикалық діріл және PLC басқару жүйесіне негізделген автоматтандырылған машиналар шығаратын озық компания бар. Бұл мекеменің технологиялары ауыл шаруашылығы мен өндірістік сектор үшін ерекше маңызды. Сонымен қатар «Efeşen» – мәрмәр тас өңдеу жабдықтарын өндірумен айналысатын кәсіпорын. Бұл бағыт құрылыс және сәндік тас өнеркәсібінде жоғары сұранысқа ие, әрі Қазақстанның кейбір өңірлеріне бейімдеуге де болады. Ал «Türköz» – сүт өнімдері мен бал өңдеуге арналған машиналар мен жабдықтарды шығаратын компания. Бұл сала аграрлық аймақ саналатын Сауран ауданы үшін аса өзекті, себебі ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу – қосымша құн тудыратын негізгі тетік.

Кездесу барысында екіжақты іскерлік байланыстар орнатылып, ынтымақтастық орнату бағытында келіссөздер жүргізілді. Түрік кәсіпкерлері Сауран ауданындағы өндірістік мүмкіндік пен еңбек ресурсына қызығушылық танытып, бірлескен жобаларға ниетті екендіктерін білдірді. Сапар нәтижесінде тараптар инвестициялық жобаларды зерделеу, өндірістік құрал-жабдықтарды жеткізу, қызметкерлерді оқыту мен біліктілігін арттыру сияқты бағыттар бойынша нақты ұсыныстар дайындауға уағдаласты. Сауран ауданы Түркістан облысының өндірістік әлеуеті бар өңірлерінің бірі. Бұл өңірде ауыл шаруашылығы өнімдері молынан өндіріледі. Инфрақұрылымдық жағдай жақсаруда. Индустриялық аймақтар мен өндірістік алаңдар қарастырылған. Сонымен қатар, «Жасыл Сауран» мекемесі экологиялық, ауылшаруашылық және өндірістік жобаларды бірлесе іске асыруға ынталы екенін көрсетті. Кәсіпкерлер делегациясы сапар барысында жинақталған тәжірибе мен серіктестік ниеттерін жүзеге асыру үшін жұмысшы топ құрып, жобаларды нақты жоспарлауға кіріспек.

Сауран ауданы әкімдігі мен жеке сектор өкілдерінің Кония қаласына жасаған сапары – жергілікті даму мен халықаралық әріптестіктің тоғысқан нүктесі. Шетелдік тәжірибе мен технологияны меңгеру, инвестиция тарту, өндірісті жетілдіру – бүгінгі таңда аудандар мен ауылдық округтер үшін де аса маңызды. Мұндай сапарлар Сауран ауданының ғана емес, тұтас Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға қызмет ететіні сөзсіз. Ең бастысы – бастамалар нақты іске айналып, халық игілігі үшін жұмыс істесе болғаны.