САУРАН АЙМАҚТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛУДА

Түркістан облысында кәсіпкерлікті қолдау және өңірлік экономиканы әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда, Сауран ауданы кәсіпкерлікті дамытудағы табысты тәжірибесімен ерекшеленіп отыр. Бұл жетістіктерді тарату мақсатында Арыс қаласы мен бірқатар аудандардың әкімдері мен басқарма басшылары, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері Сауран ауданына арнайы іссапармен келіп, өңірдің индустриялық және кәсіпкерлік жобаларымен танысты.
Бұл сапар тәжірибе алмасу, тиімді жобаларды көру, ынтымақтастықты нығайту және өз өңірлерінде қолданысқа енгізу мақсатында ұйымдастырылған. Делегация құрамында Арыс, Отырар, Сайрам, Сарыағаш, Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек аудандарының басшылығы мен салалық басқарма жетекшілері болды. Сапар барысында делегация өкілдері алдымен Шаға ауылдық округіндегі өндірістік аймаққа аялдады. Мұнда бүгінде ірі жобалар жүзеге асырылып, өндірістің заманауи үлгілері қалыптасып келеді.
«BNK GROUP LTD» ЖШС — ауыл шаруашылығына арналған тамшылатып суару жүйелері мен тіркемелі техникалар шығаратын кәсіпорын. Бұл өнімдер тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей сынды көрші елдерге экспортталуда. Бұл — отандық ауылшаруашылық техникаларының бәсекеге қабілетті екенін көрсететін нақты мысал. Ал «Aqniet Holding» ЖШС — мектеп, кеңсе және медициналық жиһаз өндірумен айналысады. Жиһаз өндірісі тек тұрмыстық қажеттілікті өтеумен шектелмей, білім және денсаулық сақтау салаларын сапалы жабдықтармен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Делегация сапары әрі қарай Иассы ауылдық округіне қарасты Еңбекші Дихан елді мекеніндегі өндірістік аймақта жалғасты. Мұнда жалпы 9 гектар жерге 24 жобаны орналастыру көзделген. Бұл аймақ өңірлік индустрияның дамуына серпін беретін жаңа өндіріс алаңына айналып келеді. Сол жобалардың бірі — «AR Group LLP» ЖШС. Кәсіпорын клинкер қасбеттік плиткалар өндірісімен айналысады. Мұндай плиткалар заманауи құрылыс индустриясында сұранысқа ие. Өнімнің сапасы мен беріктігі — отандық нарықта импортты алмастыруға мүмкіндік береді.
Келесі нысан — Қарашық ауылындағы өндірістік аймақ. Жалпы көлемі 10 гектар, мұнда 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланған, ал қазіргі уақытта 12 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Сондай-ақ делегация Жүйнек ауылдық округіндегі бірнеше өндіріс орнына барып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Сауран ауданында жүргізіліп жатқан бұл жобалар — жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, жастарды кәсіпке тартуға және аудандық бюджетті нығайтуға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі. Индустриялық аймақтарда инфрақұрылым толық қамтамасыз етіледі. Кәсіпкерлерге жер телімі бөлінеді. Инвестициялық қолдау көрсетіледі. Бұл өз кезегінде жеке сектордың белсенділігін арттырып, өңірлік экономиканың өзін-өзі қамтамасыз ету әлеуетін көтереді. Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен ұйымдастырылған тәжірибе алмасу сапары — өзге өңірлерге де өнеге болатын тәжірибе. Делегация мүшелері өзара пікір алмасып, осындай өндірістік үлгіні өз аудандарында да іске асырудың жолдарын қарастырды. Бұл сапар — өңірлік даму, кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және инновациялық өндіріс ашуда тәжірибе алмасудың нақты форматы. Түркістан облысының әкімдігі осындай бастамалар арқылы ауданаралық ынтымақтастықты дамытып, тиімді жобаларды бірігіп іске асыруға жағдай жасап отыр. Сауран — бүгінде тек тарихи маңызы бар аймақ емес, жаңа өндіріс пен кәсіпкерліктің даму орталығына айналып келеді.