ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

25
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің аграрлық секторын дамытуды басым бағыттардың бірі ретінде белгілеп, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемін 2 есеге ұлғайту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осы міндетті орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен арнайы жол картасы әзірленіп, 2025 жылға арналған негізгі 10 индикаторлық көрсеткіштер жоспары бекітілген. Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.

Осы мақсаттағы жоспарлардың орындалу барысы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте талқыланды. Жиын барысында өңір басшысы бірқатар аудан және қала әкімдерінің есептерін тыңдап, көрсеткіштерді орындаудағы кешігулер мен кемшіліктерге тоқталып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыс бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 253,9 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 104,7 пайызды құрады. Бұл өңір агросекторының тұрақты даму үстінде екенін көрсетеді. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 103,8 миллиард теңгені құрап, 82,3 миллиард теңге жоспар артығымен – 1,3 есе орындалған. Бұл – агроөнеркәсіптік кешенге деген сенімнің артқанын және жеке сектордың ауыл шаруашылығына белсенді түрде қаржы салып жатқанын білдіреді.

Жерді тиімді пайдалану мен агротехнологияларды енгізу бағытында да оң өзгерістер бар. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 гектарға енгізіліп, бұл көрсеткіш те жоспардан 1,4 есе артық орындалған. Бұл әсіресе климаттық өзгерістер жағдайында су тапшылығы мәселесін еңсеруге бағытталған маңызды қадам. Егіс алқаптарына тыңайтқыштарды ғылыми негізде енгізу жұмыстары да қарқынды. 189,8 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланып, нақты 206,2 мың тонна сатып алынды. Жоспар 109 пайызға орындалып отыр. Бұл өнім сапасын арттырып, түсімділікті көбейтуге септігін тигізеді. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бойынша да айтарлықтай ілгерілеу бар. Жыл басынан бері өңірде 877 дана техника сатып алынды. Бұл жалпы жоспардың 53 пайызын құрайды. 2025 жылға дейін 1649 дана техника жаңартылуы тиіс. Жаңарту үлесі 9,4 пайызға жетіп, машина-трактор паркін жаңалау үдерісі кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді.

Агроөнімдерді сақтау мен өңдеу бағытында да нақты жобалар жүзеге асырылуда. Шардара ауданында «Батырхан ата» ЖК-нің 2200 тонналық көкөніс сақтау қоймасы іске қосылды. Ал жыл соңына дейін Түлкібас ауданында «Кентау» ЖШС-нің 2000 тонналық, Сайрам ауданында «Shagyr Fruit» ЖШС-нің 2200 тонналық көкөніс сақтау қоймалары пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл нысандар ауыл шаруашылығы өнімдерін ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік беріп, нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Агроөнеркәсіптік кешен дамуының ай сайынғы рейтингі де жүргізіліп отырады. Жартыжылдық қорытынды бойынша Түлкібас, Созақ және Отырар аудандары алғашқы үштіктен көрінді. Бұл аудандарда ауыл шаруашылығының түрлі салаларында тұрақты өсім мен сапалы басқару байқалады. Ал жоспарды орындауда артта қалған аудан, қала әкімдеріне тиісті ескертулер беріліп, жұмысты ширатып, жоспарды қайта қарау тапсырылды. Ауыл шаруашылығын жаңғырту мен дамытуда инвестициялық жобалардың рөлі ерекше. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, жалпы құны 227,5 миллиард теңгені құрайтын 60 жоба іске асырылмақ. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда 2252 жаңа жұмыс орны құрылады. 2025 жылдың бірінші жартысында 17 жоба жүзеге асып, жалпы құны 53,6 миллиард теңгені құрады. Бұл жобалар нәтижесінде 726 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Жыл соңына дейін тағы 12 жоба іске қосылып, 69,6 миллиард теңге инвестиция тартылмақ.

Түркістан облысы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда ел көлемінде көшбасшы өңірлердің бірі болып қала бермек. Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмаларын орындау аясында қабылданған Жол картасы нақты нәтижелерге негізделген. Инвестициялық белсенділік, ауыл шаруашылығы техникасының жаңаруы, су үнемдеу мен сақтау инфрақұрылымының дамуы – мұның бәрі өңірдің ауыл шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған.