12 ЖОБАНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

85
0

Шымкент қаласы инвестиция тарту жөнінен еліміздегі көшбасшы өңірлердің көшін бастап келеді. Бұл туралы бұған дейін де жазғанбыз. Күні бүгінде үшінші мегаполис аумағында тндустриалды аймақ құрылысы қарқынды жүруде. Жоба толығымен аяқталса, жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмысын бастайды. Солардың қатарында жылына 345 миллион жөргек өндіретін жаңа зауыт та бар.

Келесі жылы құрылысы басталатын өндіріс орны жобасы сәтті жүзеге асқан жағдайда 145 азамат жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар өңірде мал азығы өндірісі мен пластик шығаратын зауыттардың жобасы да жүзеге асуы ықтимал. Аталған бастамалар қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен инвестициялық штаб отырысында айтылды. Қала басшысы аталған бастамалар арқылы импортқа тәуелділікті азайтып, экспорттың ауқымын арттыру мүмкіндігі артатынын алға тартты. Бұдан бөлек, инвестицияның артып, жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстары әрі қарай жалғасатынын тілге тиек етті.

Өз кезегінде, жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері мен инвесторлар бас қосқан кездесуде 12 жоба таныстырылған. Толығырақ тарқатар болсақ, «Амина Интекс» ЖШС басшысы Али Гохар «Бозарық» агро-индустриалды аймақтан мал азығы өндірісін ашуды көздейді. 1 млрд теңгені құрайтын инвест жобаның қуаттылығы жылына 1200 тонна өнім болмақ. 2023 жылы жүзеге асырылатын жоба нәтижесінде 200 адам жұмыспен қамтылады. «SAN GRAND» ЖШС басшысы Бағлан Таженов «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 9 га жерге бірнеше жоба салуды ұсынды. Біріншісі — 13 млрд теңгені құрайтын отандық жөргектерді шығаратын ірі кәсіпорын, ал екіншісі — 9,3 млрд. тенгені құрайтын шыны талшықты терезе профильдерін шығаратын өндіріс ошағы. Аталған жобалар арқылы жұмыссыз жүрген 300-ге жуық азамат тұрақты жұмыс табатын болады. «AnDa Company» ЖШС басшысы Дмитрий Таранов биофармацевтикалық зауыттың жобасын ұсынды. Жылына 500 000 мың доза вакцина шығаратын қуатты өндіріс ошағын «Тассай» индустриалды аймағынан салуды жоспарлауда. Жобаның құны 1 800 млн теңге болмақ. Нысан құрылысы 2023-2024 жылдары салынып, сәтті жүзеге асса 35 азамат жұмыспен қамтылатын болады. Инвестор бұл үшін электр жарығымен, газбен, ауыз су, ағынды су, телефониямен қамтуды сұрады. Сонымен қатар, аяқ киім, картон қораптарын шығаратын, денсаулық саласына қажетті препараттарды өндіретін, тұрғын үй және коттедж салатын, тағы да басқа ірі 10-нан астам жобалар қаралды. Шаһар басшысы әрбірімен жеке танысып, сала басшыларына толықтай зерделеу тапсырмасын берді.