КӨКБҰЛАҚТА ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

Шымкент қаласының Абай ауданындағы Көкбұлақ тұрғын алабында өткен «AMANAT» партиясының көшпелі қоғамдық қабылдауы халық пен билік арасындағы ашық диалогтың нақты үлгісіне айналды. Бұл қабылдау партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында ұйымдастырылып, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталды. Мұндай шаралар партияның әлеуметтік әділдік пен азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған жүйелі жұмысының айқын көрінісі болып отыр.
Көшпелі қабылдауға партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Әсел Қожахметова, қалалық филиал атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, сондай-ақ қала және аудан әкімдіктерінің қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері мен кәсіби заңгерлер қатысты. Қабылдау барысында тұрғындардың әрбір өтініші жеке тыңдалып, олардың мәселелерін шешу жолдары нақты талқыланды. Кездесуде көтерілген негізгі тақырыптар – инфрақұрылым және тұрмыстық жағдай болды. Тұрғындар елді мекен ішіндегі жолдардың сапасын жақсарту, электр энергиясы мен ауыз су мәселесін шешу қажеттігін айтты. Сондай-ақ балалар ойын алаңшаларын салу туралы ұсыныстар да көтерілді. Бұл сұрақтар – тек Көкбұлақ емес, қала маңындағы көптеген елді мекендерге тән ортақ мәселелер екенін көрсетеді. Барлық өтініштер арнайы хаттамаға енгізіліп, тиісті басқармалар мен мекемелерге жолданды. Партия өкілдері тұрғындарға бұл мәселелердің шешімін табу барысы тұрақты бақылауда болатынын айтты. Мұндай тәсіл – азаматтардың өтініштерінің назардан тыс қалмауына және жауапты органдардың нақты іс-қимыл жасауына жол ашады. «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы — бүгінде қоғамның сенімін иеленген әлеуметтік бастамалардың бірі. Жоба аясында өткізілетін қоғамдық қабылдаулар халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, әлеуметтік әл-ауқатты жақсартуға бағытталған нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр.
Статистикалық деректер де бұл бастаманың тиімділігін айғақтайды. Тарқатсақ, жыл басынан бері Шымкент қаласында 253 қоғамдық қабылдау өтіп, 1997 азаматтың өтініші қаралған. Оның 71 пайызы оң шешімін тапқан. Сонымен қатар, қалалық және аудандық партия филиалдарына 8171 жеке шағым түсіп, олардың 82 пайызы қанағаттандырылған. Бұл көрсеткіштер партияның тұрғындармен тиімді жұмыс жүргізіп отырғанын дәлелдейді. «AMANAT» партиясының негізгі мақсаты – халықтың сенімін ақтау және олардың мәселелерін шешуде нақты нәтижеге қол жеткізу. Сол себепті партия өкілдері алдағы уақытта да осындай қабылдауларды жалғастырып, тұрғындардың ұсыныстары мен шағымдарының орындалуын қадағалауды жоспарлап отыр. Мұндай форматтағы шаралар қоғамдағы азаматтық белсенділікті арттырып, халықтың билікке деген сенімін нығайтады. «AMANAT» партиясының бастамасы – әлеуметтік әділдік пен жауапкершілік қағидаттарына негізделген, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты көрінісі.