«БІЛІМ БАСТАУЫ – БАСТАУЫШТА» ОНКҮНДІГІ АЯСЫНДАҒЫ ТАҒЫЛЫМДЫ ЖҮЗДЕСУ ӨТТІ

Шымкент қаласы №59 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып бірлестігі «Білім бастауы – бастауышта» онкүндігі аясында ерекше форматтағы мазмұнды іс-шара ұйымдастырды. Онкүндік аясындағы бір күн ата-аналарға, ұстаздар мен мектеп қызметкерлеріне арналды. Сол күні мектеп қабырғасында «Адал азамат тәрбиелеудегі жауапты ата-ана, қолдаушы ұстаз және қауіпсіз мектеп» тақырыбында коучинг сабағы өтті.

Бұл шараның ерекшелігі – оқу мен тәрбиенің өзара байланысын нығайтып, балаға қолдау көрсетудегі ата-ана мен ұстаздың рөлін айқындауында болды. Коучингті тәжірибелі де шығармашыл ұстаздар Сәуле Тіленчиева мен Гүлбахор Жилдибаева жүргізіп, қатысушыларды мазмұнды ойға жетелейтін түрлі тапсырмалар мен сұрақтар арқылы пікір алмасуға шақырды. Коучинг сабағы барысында бала тәрбиесіндегі үштік одақ – ата-ана, мектеп және қоғам арасындағы үйлесімді байланыстың маңыздылығы кеңінен талқыланды. Шараның басты мақсаты – осы үш тараптың бір бағытта жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, жауапты қоғамдастық қалыптастыру болды. Себебі, баланың тұлға ретінде қалыптасуы тек мектептің немесе отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені айқын. Қатысушылар бала тәрбиесіндегі заманауи тәсілдер мен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасында айқындалған басты құндылықтар – адалдық, әділдік, еңбексүйгіштік, жауапкершілік және отансүйгіштік қағидаларының маңызын талқылады. Мұғалімдер мен ата-аналар баланың бойында осы қасиеттерді қалыптастырудың тиімді жолдары туралы ой бөлісті. Коучинг барысында мектеп психологтары мен бастауыш сынып мұғалімдері ата-аналармен ашық сұхбат жүргізіп, баланың қауіпсіздігі мен психологиялық жайлылығын қамтамасыз етудің нақты тетіктерін түсіндірді. Сонымен қатар, қатысушылар мектептің қауіпсіз білім беру кеңістігін құрудағы өз рөлдерін анықтап, бірлесе әрекет етудің маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтті.

«Адал азамат тәрбиелеу» идеясын басшылыққа алған бұл кездесудің тәрбиелік мәні зор болды. Баланың мінез-құлқы, оқу үлгерімі мен әлеуметтік белсенділігі – ата-ана мен ұстаздың өзара түсіністігі мен ынтымақтастығына тікелей байланысты. Сондықтан мұндай шаралар екі жақтың байланысын нығайтып, ортақ мақсатқа ұмтылуға мүмкіндік береді. Іс-шара соңында қатысушылар коучингтен алған әсерлерімен бөлісіп, осындай кездесулердің тәрбиелік ықпалын ерекше атап өтті. Олар ата-ана мен ұстаздың бірлесе жұмыс істеуі – саналы да парасатты ұрпақ тәрбиелеудің басты кепілі екенін жеткізді. Мектеп ұжымы алдағы уақытта да ата-аналармен серіктестік қатынасты арттыруға және «Адал азамат» бағдарламасы аясында тәрбиелік іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастыруға ниетті. Себебі әрбір бала – елдің ертеңі, ал оның бойындағы ізгі қасиеттер мен білімге деген құштарлық – еліміздің жарқын болашағының кепілі.