ТҰРҒЫН КӨТЕРГЕН ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАПТЫ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында кезекті қабылдау ұйымдастырылды. Бұл жолы азаматтарды жеке мәселелерімен мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Шыңғыс Қозбахов қабылдап, тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Қоғамдық қабылдаудың негізгі мақсаты – әлеуметтік және құқықтық сипаттағы мәселелерді дер кезінде қарап, тиісті кеңес беру және шешім қабылдауға ықпал ету.

Қабылдауға келген азаматтардың алғашқысы – Қайнарбұлақ елдімекенінің тұрғыны, жалғызбасты ана. Ол қазіргі таңда күнкөріс қиындап кеткенін айтып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж екенін жеткізді. Оның сөзінше, атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері өте аз, бұл отбасылық жағдайына айтарлықтай ауырлық түсіруде. Шыңғыс Қозбахов өтініш иесінің жағдайын мұқият тыңдап, АӘК алуға қажетті құжаттарды қайта жинақтап, өтінішті уәкілетті мекемеге қайта тапсыруға кеңес берді. Сонымен қатар, депутат азаматтың қиын жағдайына түсіністік танытып, жеке қаражаты есебінен бір реттік материалдық көмек көрсетті. Бұл тұрғынның көңіліне демеу беріп, әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісіне айналды. Келесі болып қабылдауға келген Р. Оңғарова көлік салығын уақытылы төлемегендіктен, оның банк есепшоттары бұғатталғанын айтты. Бұл мәселе зейнеткер азаматша үшін үлкен қолайсыздықтар туындатқан. Депутат оған заң талаптары мен рәсімдерін толық түсіндіріп, мәселенің шешілу жолдарын егжей-тегжейлі баяндады. Сонымен қатар, ол азаматшаны құқықтық кеңес бере алатын мамандарға жазылуға көмектесіп, қажетті құжаттарды реттеуге бағыт берді. Қабылдау барысында көтерілген мәселелердің бір бөлігі сол жерде шешімін тапты. Ал қосымша тексеруді немесе тиісті органдардың араласуын қажет ететін кейбір өтініштер арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Бұл – партия қоғамдық қабылдауының әр арызды назардан тыс қалдырмай, оның орындалуына дейін қадағалайтынын көрсететін маңызды тетік.

«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесі қала тұрғындары үшін тиімді әлеуметтік алаң болып қалыптасқан. Мұнда азаматтар құқықтық, әлеуметтік, тұрмыстық бағыттағы мәселелерін ашық айта алады. Партия өкілдері өз кезегінде бұл өтініштердің заң аясында шешілуіне ықпал етіп, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып келеді. Осындай кездесулердің тұрақты түрде өткізілуі тұрғындардың сенімін арттырып, нақты қолдау алуына мүмкіндік береді.