ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ ЖАУАП БЕРДІ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Ашық форматта өткен кездесудің мақсаты – азаматтардың әлеуметтік, инфрақұрылымдық және мәдени бағыттағы өзекті мәселелерін тікелей тыңдап, олардың шешілуіне ықпал ету.
Қабылдауға келген азаматтар түрлі салалар бойынша ұсыныстарын айтып, өздерін толғандырған жайттармен бөлісті. Тұрғындар көбіне инфрақұрылымның жай-күйі, мәдени бастамаларға қолдау көрсетілуі және білім беру саласына қатысты мәселелерді көтерді. Әсіресе қаладағы интернет желісінің тұрақсыздығы, электр энергиясының әлсіздігі, жолдардың сапасы мен экологиялық ахуал жайлы пікірлер жиі айтылды. Соның ішінде қала тұрғыны Гүлмира Биятанова ұлттық құндылықтарды жаңғырту бағытында атқарып жүрген жұмысын таныстырып, оған қолдау көрсетуді сұрады. Ол қызы екеуі киіз үйге арналған ұлттық ою-өрнектер мен дәстүрлі шапандар дайындайтынын, алайда өз өнімдерін кең көлемде көрсетуге мүмкіндік жоқ екенін айтты. Ұлттық бағыттағы қолөнерді насихаттап жүрген азаматтардың ұсынысы әкім орынбасары тарапынан қолдау тапты. Сәрсен Құранбек мәселенің маңыздылығын атап өтіп, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Б. Орынбаевқа алдағы уақытта көрме ұйымдастырылған жағдайда киіз үйді жасауға толық қолдау көрсету жөнінде нақты тапсырма берді. Кездесу барысында инфрақұрылым бойынша да бірқатар ұсыныс айтылды. Сәрсенбі Әбдіжаһан есімді тұрғын интернеттің әлсіздігі, электр қуатының жиі өшуі, жол сапасы және экология мәселелері туралы баяндады. Бұл мәселелердің барлығы қала тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей әсер ететіндіктен, әкім орынбасары әр ұсынысты жеке қарап, оларды арнайы хаттамаға енгізуді тапсырды. Тиісті басқармаларға мәселені жан-жақты зерделеп, шешу жолдарын ұсыну міндеттелетін болды.
Қоғамдық қабылдау барысында әрбір азаматтың ұсынысы назарға алынды. Тұрғындармен ашық диалог орнату, олардың пікірін тыңдау және мәселелерін нақты шешу жолдарын қарастыру – «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасының басты мақсаты. Шымкент қаласында мұндай қабылдаулардың тұрақты өткізіліп тұруы тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдық мәселелердің уақытылы шешілуіне жол ашады. Бұл қабылдау да сол үрдістің жалғасы болып, қаладағы өзекті бағыттар бойынша нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстарды күшейтуге негіз болды. Тұрғындардың ұсыныстары бақылауға алынып, алдағы уақытта олардың орындалу барысы партия филиалы мен әкімдік тарапынан қадағаланатын болады.



