БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында кезекті азаматтарды қабылдау өтті. Бұл жолы тұрғындармен жүздесіп, олардың өтініштері мен шағымдарын тыңдаған – қалалық Білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов. Қоғамдық қабылдаудың негізгі мақсаты – тұрғындардың талап-тілегін тікелей жауапты орган өкілдеріне жеткізу және олардың мәселелерінің шешілуіне ықпал ету.
Қабылдауға жазылған азаматтардың басым бөлігі білім беру саласына қатысты өзекті жайттарды көтерді. Соның ішінде мектептердегі қауіпсіздік талаптарының толық сақталмауы, кейбір білім ұйымдарының ресми атауының болмауы, кадр тапшылығы мен жұмысқа орналасуға байланысты сұрақтар жиі айтылды. Әсіресе білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жүйесінің әлсіздігі ата-аналарды алаңдатып отырғаны байқалды. Қуаныш Ысқақов бұл мәселелердің барлығы Білім басқармасының ерекше бақылауында екенін жеткізіп, қауіпсіздік талаптарын күшейту бағытында нақты шаралар жалғасатынын айтты. Кездесу барысында басқарма басшысы әрбір өтінішті жеке қарап, бірнеше мәселе бойынша сол жерде шешім қабылдады. Ал жан-жақты зерттеуді қажет ететін сұрақтар хаттамаға енгізіліп, тиісті бөлімдерге жолданды. Бұл өтініштер алдағы уақытта арнайы бақылауда болып, орындау барысы партия филиалы мен жауапты сала мамандары тарапынан қадағаланатын болады. Қуаныш Ысқақов тұрғындар көтерген мәселелердің бірде-бірі назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, қоғамдық қабылдаулардың тиімділігі зор екенін жеткізді. «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы Шымкент тұрғындары үшін әлеуметтік, құқықтық және тұрмыстық мәселелерді ашық талқылауға арналған тұрақты диалог алаңына айналған. Жоба аясындағы кездесулер мемлекеттік органдар мен әлеуметтік топтар арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың өзекті мәселелерінің дер кезінде шешілуіне мүмкіндік беріп келеді. Партия өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта да осындай қабылдаулар тұрақты түрде ұйымдастырылып, әр азаматтың өтініші жіті назарда болады.
Бұл жұмыстар халықтың мемлекеттік құрылымдарға деген сенімін арттырып қана қоймай, қаланың білім беру саласын дамытуға да оң әсерін тигізуі күтіледі. Тұрғындармен тікелей байланыс орнату арқылы саладағы кемшіліктерді дер кезінде анықтап, олардың алдын алу – қоғамдық қабылдаулардың негізгі нәтижелерінің бірі болып отыр.


