ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында 2026 жылғы ауыл шаруашылығы маусымы ауқымды жоспарлармен басталып отыр. Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артып, 919 мың гектарды құрайды. Бұл – аграрлық саланы дамыту, өнім көлемін арттыру және ауыл шаруашылығының экономикалық тиімділігін күшейту бағытындағы жүйелі саясаттың нәтижесі.

Жалпы егіс алқаптарының құрылымына тоқталсақ, оның 536 мың гектары жаздық дақылдарға, 208 мың гектары күздік егіске, ал 175 мың гектары ескі жоңышқа алқаптарына тиесілі. Мұндай теңгерімді құрылым өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескеріп, жер ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақтылы ұйымдастыру мәселесі Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде кеңінен талқыланды. Мәжіліске облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Аймақ басшысы көктемгі науқанның ауыл шаруашылығы өндірісіндегі шешуші кезең екенін атап өтіп, барлық жұмыстарды агротехникалық талаптарға сай, белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығына тоқталды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың мәлімдеуінше, биыл егіс құрылымын қалыптастыру кезінде рентабельділігі жоғары және құрғақшылыққа төзімді дақылдарға ерекше басымдық берілген. Соның нәтижесінде мақта егісінің көлемі 18 мың гектарға ұлғайып, жалпы 162 мың гектарды құрайды. Жүгері дақылы 16 мың гектарға артып, 55,2 мың гектарға жеткізілсе, мақсары алқабы 14 мың гектарға көбейіп, 85,5 мың гектарды қамтиды. Ал бидай егісі керісінше, 24 мың гектарға қысқартылып, 216,3 мың гектар көлемінде орналастырылады. Бұл өзгерістер су тапшылығы мен нарықтағы сұранысты ескере отырып қабылданған.

Жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі жол картасы аясында облыста күріш дақылын 3,5 мың гектарға егу жоспарланған. Алайда өткен жылы трансшекаралық өзендердегі су тапшылығы орын алуына байланысты, биыл күріш тек Шардара ауданында ғана егіледі. Бұл шешім су ресурстарын ұтымды пайдалану және тәуекелдерді азайту мақсатында қабылданған. Жүгері мен мақсары сияқты басым дақылдардың егіс көлемін арттыру үшін мемлекеттік қолдау тетіктері де күшейтілді. «Басым дақылдардың өндірісін дамытуды субсидиялау» бағдарламасы аясында жүгеріні субсидиялау нормативі тоннасына 10 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Ал мақсары дақылына берілетін субсидия көлемі 10 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін артты. Бұл шаралар шаруалардың ынтасын арттырып, егіс көлемін ұлғайтуға нақты серпін бермек. Қазіргі таңда өңірде жер жырту жұмыстары 49 пайызға орындалса, сор шаю жұмыстары 2 пайыз деңгейінде. Агротехникалық талаптарға сәйкес, жер жырту жұмыстары наурыз айында толық аяқталуы тиіс, ал сор шаю 20 ақпанға дейін жүргізілуі қажет. Осыған байланысты облыс әкімі аудан, қала әкімдіктеріне жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды қатаң тапсырды.

2026 жылғы дала жұмыстарына арналған жеңілдетілген жанар-жағармай бойынша өтінімдер 1–30 желтоқсан аралығында қабылданып, жалпы қажеттілік 106,3 мың тонна деп белгіленді. Жанармайды босату жұмыстары ақпан айынан басталады. Сонымен қатар минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 9,5 млрд теңге қаржы қарастырылып, 134 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жол картасына сәйкес, жыл соңына дейін облыс аумағында 203,5 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізіледі. Қазіргі уақытта қоймаларда 25 мың тонна тыңайтқыш қоры бар. Дала жұмыстарына облыс бойынша 25,4 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Оның ішінде 15 мың трактор, 2 мың комбайн және 9 мың түрлі агрегат бар. Техникалардың 98 пайызы көктемгі жұмыстарға толық дайын. Биыл техника паркін жаңарту мақсатында 2 мыңнан астам жаңа техника сатып алу жоспарланып, бұл бағытқа 16 млрд теңге қаржы бөлінген.

Ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру көлемі де жыл сайын артып келеді. Өткен жылы 2 333 жобаға 26,4 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткішті 34,7 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Қазіргі таңда 180 жоба бойынша 3,8 млрд теңгеге өтінім қабылданып, 101 жоба 1,8 млрд теңгеге қаржыландырылған. Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдіктеріне бекітілген егіс құрылымын қатаң сақтау, агротехникалық шараларды уақытында аяқтау, техника жаңарту деңгейін 8 пайызға жеткізу, тыңайтқыштарды ғылыми негізде енгізу және шаруаларға мемлекеттік қолдау шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.