ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АГРАРЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Төрткөл ауылдық округінде ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған халықаралық маңызы бар ірі жоба — «ТӨРТКҮЛ-ҚҰС» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі іске асырылуда. Аталмыш жоба өңірдегі құс шаруашылығын жаңа сапалы деңгейге көтеріп, халықаралық озық тәжірибелерді жергілікті өндіріс процесіне енгізуге бағытталған.

Жоба аясында Түркістан облысына Германия Федеративтік Республикасының Senior Experten Service (SES) халықаралық бағдарламасы шеңберінде жоғары білікті аграрлық сарапшы Эберхард Вестхаузер шақырылды. Оның міндеті – жергілікті кәсіпкерлерді тікелей өндіріс орнында оқыту және әлемдік деңгейдегі тәжірибелерді меңгеруге мүмкіндік беру. Бұл бастама өңір кәсіпкерлері үшін стратегиялық маңызға ие болып, бройлер тауықтарын өсіру, өндіру және қайта өңдеуді тиімді басқаруға жол ашады. «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы халықаралық жобаның іске асырылуында шешуші рөл атқарды. Орталық тарапынан SES ұйымымен байланыс орнатылып, қажетті құжаттар рәсімделді, шетелдік сарапшыны тарту және жобаны үйлестіру бойынша кешенді жұмыстар атқарылды. Орталық басшысы Берік Кенжебаев өндіріс орнына арнайы барып, жоба барысымен танысып, халықаралық сарапшының жұмысын қадағалады. Ол мұндай бастамалардың өңір кәсіпкерлері үшін стратегиялық маңызды екенін атап өтіп, барлық аудандардағы кәсіпкерлерге бизнесін бастау, өндірісті кеңейту және халықаралық бағдарламаларға қатысу бағытында жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«ТӨРТКҮЛ-ҚҰС» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2023 жылдан бастап бройлер тауықтарын өсіру, өндіру және қайта өңдеу саласында тұрақты жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда кәсіпорында 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал өндіріс үдерісі толықтай жергілікті шикізатқа негізделген. Кооператив COBB-500 тұқымды тәуліктік балапандарды пайдаланып, құстарды отандық жем-шөппен азықтандырады. Жобаның стратегиялық міндеттері қатарында тәуліктік балапандардың өміршеңдігін арттыру, 100 пайыз қалдықсыз өндіріс жүйесін енгізу, яғни құс етінен бөлек қауырсын, көң және ішкі ағзаларды толық өңдеу арқылы қосымша өнім көздерін қалыптастыру бар. Сонымен қатар, жылдық өндіріс көлемін 800 тоннаға дейін ұлғайту, өнімнің өзіндік құнын төмендету және болашақта экспорттық нарықтарға шығу мүмкіндіктерін қарастыру көзделген. Германиядан келген халықаралық сарапшы Эберхард Вестхаузер кәсіпорын басшылығымен алғашқы жұмыс кездесулерін өткізіп, өндірістік үдерістермен жан-жақты танысты. Ол Түркістан өңірінде екі апта бойы жұмыс істеп, құс шаруашылығын дамыту бағытындағы кәсіби тәжірибесімен бөліседі. Эберхард Вестхаузер – аграрлық ғылымдар саласында көпжылдық тәжірибесі бар сарапшы, мал және құс шаруашылығы бойынша халықаралық деңгейде танылған. Ол ірі қара, шошқа, ешкі және бройлер тауықтарын өсіру мен азықтандыру саласында терең білімге ие. Бұған дейін Кения, Танзания, Косово, Молдова және Уганда елдерінде SES бағдарламасы аясында 17-ден астам халықаралық жобада жұмыс істеп, фермерлерді оқыту және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өндірістік тиімділігін арттыруға елеулі үлес қосқан.

Аталған жоба Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырумен қатар, өңірді отандық және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін аймақ ретінде қалыптастыруға ықпал етпек. Бұл бастама өңірдегі кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, халықаралық тәжірибені жергілікті өндіріс саласына енгізуге, өндірістік тиімділікті арттыруға және экспорттық нарыққа шығу жолын айқындайды. Сонымен қатар, «ТӨРТКҮЛ-ҚҰС» жобасының іске асырылуы жергілікті тұрғындарды жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, өндірістің сапалы өсуіне және ауыл шаруашылығы саласын заманауи технологиялармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Облыстық деңгейде мұндай халықаралық ынтымақтастық Түркістан өңірінің агроөнеркәсіптік әлеуетін жаңа белеске көтереді және жергілікті кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.