«Уақыт» және бір жыл

394
0

3-2Уақыт деген қас-қағым сәт екен. Бәрі де күні кеше ғана сияқты еді. Өзгелерді қайдам, арада сырғып өткен бір жыл мен үшін қандай ерекшелігімен есте қалуы мүмкін? «Уақыт» және бір жыл. Бір жылда балауса басылым үшін не істедік, оқырмандарға не беріп, нені бере алмадық? Оңашада ой кешіп, өзімізге- өзіміз есеп беріп көрсек, 365 күнді бірге өткізген «Уақыт» аз нәрсеге қол жеткізбепті. Соның бастысы, сенімділік. Сенімсіздік бар жерде жұмыс жүрмейтіндігі анық.

Жастарға жөн сілтеу, бағыт-бағдар беру біз сияқты кәнігі журналистердің міндеті. Газет-халықтікі. Халық үшін қызмет етуден асқан мәртебе, абырой жоқ. Мұны түсінетіндер де, түсінбейтіндер де бар. Қайсыбіреулердің газетті табыс көзі, сауын сиыр көріп келетіндері болады. Ондайлар қатты қателеседі. Көзқарас алшақ жатқан соң, жүйелі жұмыс болмайтыны тағы белгілі. Кәсіби маман ғана қара басының қамынан гөрі, халықтың, яғни оқырманның мүддесін жоғары қоюға ұмтылады. Бірінші кезекте осы бағытты ұстануға бекіндік. Нәрсіз, талғамсыз, ешқандай берері жоқ, оқырманды жалықтырар мақалалардан аулақ болуға ұмтылдық. Балауса басылымның бағытын басқа жаққа бұрмаққа әрекеттенгендер де кездеспей қалған жоқ. Дегенмен, діттегендері жүзеге аспаған соң, мазалауларын да қойды.
Таразының басын тең ұстауға тырыстық. Кемшілігі бар жанды төпелей  беруге де болмайды. Кемшілік екінің бірінде кездеседі. Ал, оның жетістігі ше? Ол туралы неге жазбасқа? Мұнымызды «екіжүзділікке» балағандар да болды. Олар өмірге жеңіл көзқараспен қарайтындар немесе журналистика саласына кездейсоқ келіп қалғандар. Басылым жекенікі  бола ма, жоқ мемлекеттік пе, бәрібір ұстанатын қағида бір болуы тиіс. Рас, «Уақыт» аз сын жазған жоқ, шенеуніктерге қатысты дүркін-дүркін мақалалар шоғыры жарияланды. Әлі де жазары анық. Сын жазбасақ, қоғамдық пікір қалыптастыра алмасақ, онда біздің деңгей мәжбүрлеп жаздыртатын аудандық газеттің қатарында болғаны ғой. Егер билік тарапы бюджеттік мекемелерге қысым жасамай, әр оқырманның қалауынша жазылуына мүмкіндік жасаса, мемлекеттен қаржыланатын басылымдардың күндері қараң боларына бәс тіге аламын. Сондықтан да олардың билікті мақтап, сыннан сырт жүрулері түсінікті де. Бірақ, сын болмаса, қоғамның дамуы екіталай  екендігі басы ашық ақиқат. Мұны қаламай, қоғамның мешеуленуін көздегендер болса, өздері білсін.
Биыл 2 жасқа енді толған «Уақыт» қайсыбір 20 жылдық тарихы бар басылымдарды басып озды десем, мұныма мысқылмен қарайтындардың да кездесеріне күмәнданбаймын. Әйтсе де, ақиқаты — осы. Бәріне уақыт төреші. Еңбегімізді ескеретін де, бағасын беретін де оқырман. Бүгінге дейін бірде-бір оқырман тарапынан реніш туындамаған «Уақыттың» демек, бағыты түзу, жүрер жолы айқын болғаны. Атқарғанымыздан, атқармағымыз көп. Бір жыл да, бір белес. Ал, осы белесті аласартпай, биікке жетелеу жолында әлі талай-талай асулардан өтеріміз де анық. Әрине, жалғыз емес, көппен бірге, қалың оқырмандарымызбен…

Ердәулет ТҰРАПБЕКҰЛЫ.