А Ш Ы Қ Х А Т

Облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары мен ономастика комиссиясының мүшелеріне және облыс, қала, аудан әкімдеріне!

Құрметті азаматтар!
5-1Отаршылдық және тоталитарлық кезеңдерде қазақ жерінің байырғы жер-су атауларын орысшаландыру, қалалар, алаңдар, көшелер және өзге де нысан атауларын «большевиктендіру» саясаттары жүйелі жүргізілді. Мұндағы мақсат: бодандық қамытын киген буынның ата-бабалардан қалған қасиетті атамекен туралы ұғымдары мен егемен елдік, тәуелсіз мемлекеттілік туралы идеяларына іргетас болған жер-су аттарынан айыру арқылы тарихи жадын өшіру еді. Монархиялық-большевиктік-коммунистік биліктер «Көзден кетіру арқылы-көңілден кетіру» саясатын әркелкі жолдармен жүзеге асырып, нәтижесінде: «Қазақ жерінің иесі енді қазақ емес,- Ресей империясы» деген түсінікті қалыптастырып, байырғы халық пен диаспоралардың санасына сіңірді, тіпті оны заңмен негіздеп, бұзылмауын жіті қадағалап отырды.
Өзгертілген тарихи-географиялық атауларды қалпына келтіру, қазақ еліне, халқына ерекше еңбегі сіңген ұлы тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің есімдерін ономастика саясаты арқылы ұлықтау қажеттілігі жөнінде Тәуелсіздік жолындағы күрес барысында айтыла бастады. Жаратқанға шүкір, тәуелсіздік кезеңінде ұлттық әрі мемлекеттік мұрат-мүдделеріміз біртіндеп жүзеге асырылуда. Өкінішке орай, жер-жердегі үлкенді-кішілі басшылар таяз оймен өз құзыретін пайдалана отырып, патшалық- кеңестік кезеңдерде болыс, аулынай, аупартком хатшысы, кеңшар директоры сияқты саяси, атқарушы, шаруашылық қызмет атқарған жақын-жуықтарының аттарын елдімекендер мен көшелерге, өзге де нысандарға беру ісін жаппай қолға алды. Сөйтіп, әлгіндей адамдардың аттары тарих сахнасында хан, би, батыр, ақын кейпінде көрініп, тәуелсіз елдігіміз үшін күрескен Абылай, Төле, Қазыбек,Әйтеке, Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Махамбет, Кенесары, Абай, Әлихан тәрізді біртуар ұлы бабаларымыздың әз есімдерімен бірдей әспеттелінді. Ономастика саясатымен әрі мемлекеттік идеологиямен мүлде үйлеспейтін осындай жайттарды тоқтату мақсатында республикалық билік жер-су, қала, көше, т.б нысандардың атауларын өзгертуге «мерзімсіз мароторий» жариялағаны белгілі.
Жақында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ономастика мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Демек, қазақ елі өзіне жат, жасанды жер-су аттарын бағзы тарихи-географиялық атаулармен қайта атау іс-шараларын жалғастыруға мүмкіндік алды. Бодандық кезеңінде елдің маңдайына басылған құлдық таңба сияқтанған масқара атаулардан құтылу – бүкілхалықтық, мемлекеттік мәні бар аса маңызды мәселе болып табылады. Қазақ халқының бірлігінің бірі, осы іс-шараларға жұмылдыру бойынша сыналмақшы.
Ономастика мәселесіндегі біздің мақсатымыз баршаға айқын әрі түсінікті. Отаршылдық, тоталитарлық кезеңдерді дәріптейтін атаулар егемен елдігімізге, тәуелсіз мемлекеттігімізге көлеңке түсіретінін ескере отырып, олардан құтылу шараларын жүйелі жүргізуді азаматтық парызымыз деп білеміз. Біз біріншіден, саяси идеологияға байланысты өзгертілген жер-су атауларын бастапқы қалпына келтіру ісін, екіншіден – қазақ тарихына қатысы жоқ адам аттары қойылған қалалық, ауылдық елді мекендер, мектептер, білім, мәдениет, спорт мекемелері, өзге де нысандарға, алаң, даңғылдар, көшелерге қазақ еліне еңбегі сіңген тұлғалардың есімдерін беру ісін барынша қолдаймыз.
Осы істің бастамасы есебінде «Алаш» қозғалысының алдағы 100 жылдығы қарсаңына орай ірілі-кішілі елдімекендердегі алаңдарға, даңғылдарға, көшелерге, бақтарға, өзге де нысандарға Алаш арыстарының есімдерін беруді ұсынамыз.

Республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысы.