ТҮРКІСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫН ДАМЫТУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ

Түркістан халықаралық әуежайының тізгіні сенімді серіктестің қолына өтті. Түркістан облысы әкімдігі мен «JanaPort Holdings Ltd.» компаниясы арасында маңызды келісім жасалды. Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев инвесторларға әуежайдың қуатын таныстырды. Бұл жай ғана терминал емес – бұл жылына 3 миллион жолаушыны қабылдай алатын, тәулігіне 60 тонна жүк өңдейтін алып кешен. Ең бастысы, ол – мемлекеттік «Авиахабтарды дамыту» жол картасының басты нүктесі. Сандар сөйлейді! Түркістан аспаны арқылы тәулігіне 200-ден астам ұшақ өтеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша әуежай 2,5 мың тоннадан астам жүк өңдеп үлгерген. Қытай мен Еуропаны жалғаған бұл дәліз енді «JanaPort Holdings Ltd.» компаниясымен бірге жаңа деңгейге көтеріледі. Инвесторлар әуежайдың стратегиялық орналасуына қызығушылық танытып отыр. Ендігі кезекте – инфрақұрылымды кеңейтіп, перрон аумағын үлкейту. Бұл дегеніміз – Түркістаннан әлемнің кез келген нүктесіне жаңа рейстер мен мыңдаған тонна жүк ағыны ағылады деген сөз.



