Қазақ тілін оқытудағы тың ізденістер

342
0

42Ел тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның мемлекеттік тілі. Тілі және мәдениеті жоқ ел ешқашан да егеменді мемлекет бола алмайды, болуы мүмкін де емес.
Қазақ тілінің тағдыры үшін күрес соңғы жүз жылда бірде-бір толас тапқан жоқ. Ұлы Абайдың заманын айтпағанда, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар бастаған алып топ тіл мәселесіне ерекше мән беріп, оның шексіз байлығын, суреткерлік қуатын, бейнелігі мен саздылығын көркемдік сапаға жеткізді. Бүгінгі күнге дейін күн тәртібінен түспей келе жатқан өткір сұрақтың бірі – қазақ тілін өзге ұлт аудиториясында тиімді оқыту жолдары. Тәуелсіздік алғаннан бермен қарай мемлекеттік тілді меңгеру жолында қаншама ғалымдар мен ұстаздар маңдай терін төгіп, тілді меңгертудің сан қырлы әдістемелері мен озық технологияларын жасады.

Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді білу – мемлекеттік қызметкерлердің ең басты біліктілік талабына айнала бастады. Қазір мұндай талап қойылатын лауазымдар саны күн өткен сайын артып келеді.
Ал, тілдің өзі — тарих тереңіне бойлатып, өнер мен мәдениеттің кәусар бұлағына сусындататын рухани әлеміміздің сарқылмас қазынасы. Олай болса, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қолданылу аясын кеңейте түсу қажеттігі — заңды құбылыс.
«Тіл туралы» Заңның 4-бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы” деп жазылған. Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті» — делінген. Яғни, қазақ халқы болашақта өз ана тілін сақтап, дамыта алмаса, күндердің күнінде өз алдына жеке мемлекет болып өмір сүруін тоқтатады.
Қазақстан тәуелсіз ел болып қалсын десек, онда ең алдымен қазақ халқының ұлттық мәдениетін, ұлттық салт – дәстүрін, ана тілін дамытуға күш салғанымыз жөн. Қоғамдағы жаңарулар, ел дамуындағы тың стратегиялық бағдарламалар мен қағидаттар, қоғамның ақпараттануы және  ғылым мен техниканың қарыштай дамуы, білім беру жүйесінде де түбегейлі өзгерістер жасауға себеп болды. Өйткені жаңа уақыт талабы рухы биік, болашаққа зор сеніммен қарайтын, оның дамуына өзіндік үлес қосатын, халықаралық стандартқа сай, бәсекеге қабілетті, танымдық деңгейі жоғары, білімді де білікті маманды қажет етеді.
Жаңа технологиялар қазіргі заман талабына сай жүйелі тұрғыдан оқытуда мұғалімнің рөлін өзгертті. Оқытушы дайын білімді жоспарлап, жеткізуші рөлінен тіл үйренушіні, білім алуға, ұйымдастырушы, кеңесші қызметіне ауысты. Қалыптасқан жоспарлау аясында тақырыпты меңгерту нақты үлгерім деңгейіне (жақсы оқитындар, орташалар, нашарлар) негізделді.

1997 жылы ашылған біздің орталықтың қызметіне он алты жыл болды десек, осы жылдардың барлығын ізденіс жылдары деуге болады. Жалпы, тіл үйретудің ұтымды технологиясы ізденіс пен жылдар бойғы іс-тәжірибе негізінде жұмыс барысында пайда болатынына көз жеткіздік.
Жеделдету жолымен тіл үйрету сабақтарында қатысым әрекетінің барлық түрлері (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім) параллель түрде жүріп отырады . Оқыту процесінде тіл үйретуге қатысты басылымдардағы мақалалар, жаңа оқулықтар педагогикалық кеңесте талқыланып отырады. Әр оқу курсынан соң жыл сайын тіл үйренушілермен сұхбат жүргізіліп, тіл үйрету әдістемесіндегі сіздерге қиындық туғызған жерлері қайсы деген сұрақ қойылады, жалпы пікірі алынады.
Мақсат – тіл үйренушіге мемлекеттік тілді үйретудің оңтайлы тәсілін ұсыну. Кез-келген жаңа технология мен озық-тәжірибені негізге ала отырып, өз аудиториямызға лайық әдістемелерді әзірлеу және енгізу. Мысалы, кезінде ұлағатты ұстазымыз А. Байтұрсынов жасаған тіл үйрету құралдарында да тілді грамматикасыз үйрету тәсілдері берілген. Кез-келген сөзге «да»-ны қосып сөйлесе, белгілі бір нәрсенің орнын білдіреді, «ға»-ны қосса, бағытты білдіреді деген мәліметтерді сол еңбектерден көруге болады. Бұл енгізілген жаңа әдістің мәнін қазақ тілінде сөйлеуді үйрететін «грамматикасыз» тәсілі деп атауға болады немесе тілді модельді пайдаланумен үйрету. Ілік септігін есте сақтау түгіл өзіміздің родительный падеж деген қандай септік екенін ұмытып қалғанбыз дейтін тыңдаушыларымыздың пікірінше бұл әдіс оңтайлы, әрі жеңіл.
Сонымен қатар соңғы жылдары әдістемемізге тіл үйретудің компьютерлік бағдарламаларын, электрондық  оқулықтарды пайдалануды енгіздік. Бұл әдіс тіл үйрету сабақтарын түрлендіру, тыңдаушылардың өз бетінше жұмыс істеуіне көп көмегін тигізуде. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын дамыту міндеті- мемлекеттік тілді оқытуға арналған оқу әдістемелік кешеннің жасалуын және ондай кешендердің жаңа заман талаптарына сай болуын талап етіп отыр. Осы талаптарға сай кешендер де аз емес. Осының дәлелі, біз орталықтың іс-тәжірибесіне, мемлекеттік тілді жеделдете деңгейлік оқытуға арналған «Жаңа толқын» оқу-әдістемелік кешенін тіл үйренушілерге оқыту процесінде қолданып келеміз. «Жаңа толқын» атты оқу — әдістемелік кешен-қабылданған «Мемлекеттік тілді, мемлекеттік қызметшілерге жеделдете деңгейлік оқыту Тұжырымдамасының», «Стандартының», «Типтік бағдарламасының» жүзеге асырылу тетігі және әдістемесі болып табылады. Қазақ тілін коммуникативтік жүйемен үйренуге арналған «Сұхбат» оқу-әдістемелік кешенінің ерекшелігі – қарапайым, ауызекі, күнделікті қазақ тіліндегі сұхбат-диологтар мен мәтіндерді оқу материалы етіп жүйеленуінде. Мұндай оқу құралы нақты бір кәсіп пен мамандыққа да, зейнеткерлерге де, жастарға да, орта мектептің жоғары сынып оқушыларына да қолдануға ыңғайлы. Тіл дамытуға арналған «Тараз» оқу-әдістемелік құралына тоқталатын болсам, бұл оқу — әдістемелік құралы мемлекеттік тілді жедел үйренушілерге арналған. Құралдың тиімділігі оқу материалдарының педагогикалық мазмұндылығы мен әркімнің өздігінен оқып үйренуіне жағдай жасаудың маңыздылығына, оқытуға арналған материалдың мазмұнын таңдауы мен оқытылатын материалдың құрылымдық жағынан ұйымдастырылуына, мультимедиялық сабақтардың енгізілуіне айрықша мән берілгенінде. ҚР мемлекеттік қызметшілеріне қазақ тілін деңгейлік оқытуға арналған «Мәртебелі сөз» атты оқу әдістемелік кешені, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшісінің тілдік портфелі» және «Ұлттық тестілеу орталығы» әзірлеген «Тіл ─ құрал» атты оқу-әдістемелік кешендері орталықтың әдістемелік отырысында зерделеніп, оқыту процесінде пайдалану үшін орталықтың жұмыс бағдарламаларына енгізілді. Аталған оқыту кешендерінің  тіл үйретуде өте тиімді екені сөзсіз. Яғни жоғарыда айтып өткенімдей, тілді үйретудегі қатысты әрекетінің барлық түрлері (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім)  қамтылады.
Қорыта келе,  қазіргі заманның қоғамдық-әлеуметтік басты мәселелерінің бірі – басқа ұлт өкілдерінің Мемлекеттік тілде сөйлей білуі. Осы мәселені шешу барысында жалпы білім беру мектептерінде, орта және жоғары оқу орындарында, тілдерді оқыту орталықтарында әртүрлі технологиялар жүйелері еніп, қазақ тілін оқыту қолданысында да өз нәтижесін беріп келеді. Жаңа технологиялар арқылы оқыту қазақ тілін үйретудің сапасы мен маңызын арттырады. Тілді компьютер арқылы оқыту, аудио-бейне материалдар арқылы оқыту да, бүгінгі күннің талабы. Жаңа әдістерді мемлекеттік тілді меңгеруге тиімді қолдану оқытушының жұмысын нәтижелі, ересек адамның тілді үйрену әрекетін мәнді, қызықты, пайдалы етері сөзсіз.

Ж. ТУЛЕЕВА,
Шымкент қалалық қазақ тілін оқыту,
салт-дәстүрді және өнерді насихаттау
орталығы директорының орынбасары.