«ҚАН ҚАҚСАТҚАН», АҚСАҢДАҒАН, ҚАЙРАН, КАДР САЯСАТЫ…

291
0

fdasdlkflsdk

Бұл Оңтүстік кадрға келгенде қатты сүрінеді. Өзіміз баспасөздің отын жағып, күлін шығарып жүргеннен соң оған жанымыз ашып, жүрегіміз жібіп, ішіміз кәдімгідей жидиді. Соңғы үш-төрт жылдың көлемінде басқа салаларды екінші қанатқа қоя тұрып, тек баспасөз ісі жөніндегі кадрлық саясатты қысқаша шолып көрелікші. Сүйсінеріміз көп пе, әлде сүрінгеніміз көп пе? Осы сауалды кадр мәселесінде бірінші фигура – облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметовке қойғанымызды ол кісі сөкет санамас деп ойлаймыз.

Билік пен баспасөздің арасындағы тікелей «алтын көпір», байланысты орнататын – облыс әкімінің баспасөз орталығы. Отыратын жайы, ішетін шайы, тыныстайтын ауасы, бағыныштылығы, айлық жалақысы – сол облыстың үлкен «Ақ үйінде». Осы орынға соңғы үш-төрт жылда кадр құтаймады. Дәл осы қызметті бұрынғы әкімдердің тұсында қарымды қаламгерлер Иса Тасқұлов, Кеңес Исмаилов секілді танымал тұлғалар басқарды. Ол кездегі баспасөз бен биліктің арасындағы байланысты тағы да қайталап айтайық – «алтын көпір» деуге болады. Салиқалы әңгіме, сындарлы пікір, жылы жүзді кездесу, байыпты байланыс сол кездерден кейін сұйыла бастады. Облыс әкімі Мырзахметов Оңтүстіктің 2,5 миллион халқының ішінен тырнаққа ілінетін кадр таппай, «қаңсық па, әлде таңсық па», әйтеуір «біреулерді» тасымалдауды, қанатының астына алуды әуел бастан бастап еді, соны әлі тастай алмай келеді. Бейбіт Оспанов атты бір азамат келді. Көкшетеу ма, әлде Астана жақтан ба, оны жылы жақтың адамдары білмеді, біле алмады, білгісі де келмеді, ақырында біле алмай әлі жүр. «Қаңғалақтап» келген кадр үш-төрт ай ғана жұмыс істеді. Ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырыс үшін берілетін тендердің қаржысын бөлісуге араласқысы келіп, мәселені шешуге ұмтылып, ақырында кадр қабылдау секілді мәселелерге мұрнын тығып, іс шатаққа айналып, әйтеуір қалай тосыннан келсе, солай тосыннан кетті. Одан кейін бүгінде Оңтүстік елін енді-енді біліп жүрген Берік Уәли (Құрманғалиев) келді. Әрине, ол өзімен-өзі сонау Солтүстіктен Оңтүстікке ұшып келетін жыл құсы емес қой. Баспасөз орталығының басшысын басқа емес, тек облыс әкімі тағайындайды. Онда да арнайы бұйрықпен. Бұл кісінің кімнің нағашысы, кімге жиен екенін білетіндер ғана білер, тек сырт жұртқа белгісіз. Қазір қызмет сатысында өсіп, облыстың ішкі саясат саласында бірінші басшы болып отыр. Бұрынғы орны әлі бос тұр. Бәйдібектің әкімінің орнын 6 ай ұстаған облыс басшысы осы кадр тағайындауға келгенде өте асықпайды. Облыс деңейіндегі басқармалар мен департамент басшыларын тағайындауға келгенде жылына екеуін ауыстыра салу түк емес секілді. Және осы кадр саясатында бір нәрсені ұмытылып кетпей тұрып айта кетсек, бір жерден жылы орнын суытқан басшыны араға уақыт салып қайтадан сол орынға тағайындау деген дағды да – осы біздің Оңтүстіктің еншісіндегі кереғар тірліктердің бірі. Әбдібақыт Мақұлбаев Сарыағашты басқарып тұрып басқа мемлекеттік қызметке ауыстырылды, екінші рет тағы барды, қазір Кентауда жүр. Әліпбек Өсербаев Түркістанды басқарып тұрып, емтиханнан құлап, қызметін тапсырып еді. «А» корпусына қайта өтіп, жылға жетпей өзінің бұрынғы қызметіне, яғни Түркістанды басқаруға екінші рет барды.
Әкімдерді қоя тұрып, баспасөзге қайтып оралайық. Бәйдібек ауданының тумасы, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары қызметіне келді. Ол келген соң ұзамай бірінші басшы Гүлмира Тағаева қызметтен кетіп, Қалдыбек мырза міндетін атқарушы болып қалды. Бұрын мұндай биік деңгейдегі мемлекеттік қызметті атқарып көрмеген азаматқа жарты жылға жуық тосын басқарманы басқаруға тура келді. Кім ұтты, кім ұтылды? Қазір ол кісі бұл қызметті қойып, Шымкент қаласындағы «Конгресс-холл «Түркістан» коммуналдық мекемесінің директоры болып тағайындалды. Дәл осы ішкі саясаттағы кадрлық саясатқа байланысты пікірімізді айтар болсақ, ақыры әкелетін болғаннан соң сол кезде баспасөз орталығын басқарып жүрген Берік Уәлиді Г.Тағаеваның орнына тағайындау соншалықты қиын болды ма? Жарты жыл сынақтан өткізу қажеттігі неден туындады? Дәл осы басшының ауыс-түйісінің тоқтап қалуы салдарынан мемлекеттік тапсырысқа байланысты тендер өткізу де тоқтап тұрды. Зардап шеккен, сол баяғы «байғұс» басылымдар.
Дұрыс, уақыты келді ме, кадрларды шыңдады ма, әйтеуір араға айлар салып әркім өз орнын тапты. Бірақ көкейде жүрген бір сауал бәрібір тыным таптырмайды. Алматыдан кейінгі бүкіл Қазақстанда басылымдардың саны мен таралымы жөнінен Оңтүстік Қазақстан, оның ішінде Шымкент екінші орында тұр. Облыста журналист кадрларды даярлайтын оқу орны бар, басқа көп облыста ол жоқ. Журналистердің саны, сапасы, біліктілігі кез келген өңірді басып озады. Сөйте тұра біз сырттан кадр іздейміз. Сонда қазақтың «Ауылдағының аузы сасық» деген жалпақ сөзі ойға оралады.
Басшыны қай ретте, қай кезде болмасын кадр саясаты сүріндіреді. Мұны біз облыс әкімі білмейді деп айтсақ ағаттық болар еді. Тек таңдау мен талдау жасауды ұзақ мерзімге қоюдың қаншалықты қажет, нендей себептен екенін білудің өзі жұмбақты шешкенмен бірдей. Егер жауап беремін деген басшылар табылып жатса, көп жұмбақтың жауабын біліп қалар едік.

Қыдыр ҚАЛИЕВ