ӘКІМ СЕРІК ТҰРБЕКОВ ЕЛБАСЫНЫҢ САЯСАТЫНА НЕЛІКТЕН ҚАРСЫ КЕЛЕДІ?

348
0

_dsc0461

Мақтааралдан хат келді. Көлемді. Он екі беттік арызда жеке кәсіпкер, «Алтын алқалы» аналар, зейнеткер Айша Әбілқасымова мен Буман Шертимованың атынан олардың сенімді өкілі Роза Абылқасова қол қойған хат заңды білмейтін, қарапайым ғана адамның жанын түршіктіріп, жүрегіне жүк түсіреді.

Арыздың өн бойында Мақтаарал ауданы әкімдігінің (әкім Серік Тұрбеков), Қазақстан Республикасы Президентінің кәсіпкерлікке мораторий жариялағанына қарамастан, шаруа қожалығының жүргізіп отырған жұмысына заңсыз араласып, пісіп тұрған өнімін таптап, ешқандай заң аясына сыймайтын әрекетті қолда бар билігін пайдаланып, жасағандығы жөніндегі дәлелдер мен ақиқатқа толы құжаттар нағыз өзімбілермендіктің бүгінгі таңдағы Қазақстан аумағындағы рекордтық көрсеткіші болып отырғандығын жоққа шығара алмайсың. Адам арызды қолы бостықтан, еріккеннің ермегі үшін жазбайды. Ол жанына батып, зәбір көріп, зорлыққа ұшырап, әділеттілік таба алмағандықтан арызданады, заңға жүгінеді. Ал заң биліктің көлеңкесінен шыға алмайды. Мынау арыздың кіріспесінен бастап, соңғы бетіне дейін танысқан кезде ешкім бей-жай қалып, тебіренбей таныса алмайды. Біз зайырлы, құқықтық, демократиялық мемлекет орнатамын, мәңгілік елдің берік негізін қалаймын, халқымды түбінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған деңгейге жеткіземін, әлемнің ең озық, дамыған 30 мемлекетінің қатарына көтеремін деп барын салып, бүгінді ғана емес, келешекті өзінің кемел саясаты етіп отырған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа қарсы келіп отырған жоқпыз ба деген тұманды ой санамызды тұмшалап алды. Елбасы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыт, оған жағдай жаса, мүмкіндік бер, қолғабыс ет деп жар құлағы жастыққа тимей жатқан кезде, Мақтаарал ауданының әкімі С.Тұрбековтың командасы сол шаруаңызды тұқыртып, мысын басып, білгенін істеп ешбір уәжге келмейтін әрекет жасап жатқандығын осы хат арқылы білген кезде, жағамызды ұстамағанымызбен, басымызды еріксіз шайқап, Елбасының атына арнайы айдар тағып, алыстағы аналардың арызын назарына ұсынып отырмыз. Оған өз тарапымыздан ештеңе қосып, ештеңе алғанымыз жоқ. Барды ғана баяндадық.
«Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданының әкім қаралары – мемлекеттік қызметкер, «А» корпусына жататын лауазымды тұлға аудан әкімі С.Тұрбековтың, орынбасары Б.Асановтың, Жетісай қаласының әкімі Ж.Бисенбаевтың, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Н.Калисаевтың өздерінің қызметтік дәрежелерін асыра пайдаланып, әлімжеттік жасап, сыбайласқан түрде көрінеу көзге заң бұзушылыққа барып, мораториге қарамастан заңды бұрмалап, Конституциямен қорғалған ел Президентінің абыройына кір келтіріп, шаруаны нан табатын күнкөрісінен айырып, егілген егінін бұзып тастап, тақырға отырғызып, белшесінен қарызға батырып, банктің алдында борышкер етіп, өздерінің негізсіз, заңға қайшы әрекеттерімен, ешқандай нақтылы құжатсыз жер телімін мемлекет мүддесі үшін деп сотқа беріп, сырттай шешім шығарып, жалған құжаттармен күні бұрын тендер ойнатып, шаруалардың жерлерін тартып алып жатқандығы жайында біздің ащы шырылымыз, көзіміздің көл болған жасы басқаны болмаса да, мемлекеттің басшысының жүрегін жібітіп, бір тоқтам жасау үшін пәрмен береді деген үлкен үмітпен осы арызды «Уақыт» газетіне арнайы жолдап, жазықсыз жапа шеккен халімізге араша сұрап отырмыз.
Біздің отбасымыз Қазыбек би ауыл округіне қарасты Абиболла ауылында тұрады. Осында туып-өскенбіз, жолдасымыз да, өзімізде осы ауылдың ардақты, әрі абыройлы азаматтарымыз, еңбегіміздің зейнетін көретін демалысқа шыққанбыз. Перзентеріміз де ата қоныстан алысқа ұзамай, осында ер жетті, еңбекке араласты. Өзіміз көпбалалы анамыз. Айша Әбілқасымова және Буман Шертимованың атына бөліске берілген ауыл шаруашылығына арналған 8 га жерден напәқамызды тауып келгенбіз. Нан табудың біз үшін мұнан басқа көзі жоқ. Жаздай бел шеше еңбек етіп, төккен теріміздің нәпақасын қыс бойы азық етеміз. Кеңес үкіметі тарқаған 1992 жылдан бастап тұрғылықты еңбекке араласқан азаматтарға ауыл әкімшілігі аумағынан кәсіпкерлік жүргізіп, шаруа қожалығын ұйымдастыру үшін пайыздық үлеспен жер бөліп берілген. Біз де солардың қатарында үлестегі жерімізге мақта егіп, 25-30 центнерден өнім алып, оны өткізетінбіз. Қауын егіп, сатып, теңгесін пұлдайтынбыз. Үлестегі жерімізге құжаттар толық заңдастырылған, қолымызда мемлекеттік акт бар. Қазір осының барлығын биліктің нұсқауымен заң орындары жоққа шығарып, тапа-тал түсте бізді әуре-сарсаңға салып қойды.
Мәселен, Айша Әбілқасымованың жерге құқығын белгілейтін бүгінгі құжат 04.12.1997 жылы №666 санды мақтаарал ауданы әкімдігінің шешімімен Керимхан Абылқасимовтың атына берілген. Кейін ол кісі қайтыс болғаннан соң жер телімі зайыбы А.Әбілқасымованың атына заңдастырылған. Бұрынғы шешім ешқандай бұзылып, өзгеріске ұшырамаған. Осы отбасы мүшелеріне мына тәртіппен құқық беретін куәлік жасалынған. К.Абылқасымовқа №995 куәлікпен 1,0 га, А.Әбілқасымоваға 883-ші куәлікпен 1,5 га, С.Абылқасымовқа 948-ші куәлікпен 1,5 га, С.Абылқасымовқа 839-шы куәлікпен 1,5 га, Ш.Садыбаеваға 1114-ші куәлікпен 1,0, Б.Абылқасымоваға 1123-ші куәлікпен 1,0 га, барлығы К.Абылқасымовтың жанұясына барлығы 7,5 га суармалы жер бөлініп берілген. Оның барлығы құжат жүзінде құқық беру шарттарын тіркейтін кітапқа тіркеліп, 1995 жылдың 15 маусымында тиісті азаматтарға заңдастырылған. Бұл куәліктердің ешқайсысы әлі күнге дейін күшін жоймаған. Ал осы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің паспорты ОҚ ЕК Мем. ЖҒӨО –да жасалынып, аудандық жер қатынастары бойынша уәкілетті органмен тіркеліп берілген. Бұл тіркеу де әлі күнге дейін өз заңдылығын сақтап отыр. Шаруа қожалығының басшысы ретінде К.Абылқасымов тіркеліп, ортақ үлесті жер пайдалану құқығымен мемлекеттік жасалынған акті өз иелерінің қолында. Онда шаруа қожалығының басшысына бір ғана акті беріліп, қалған үлескерлер осы қожалықтың мүшелері болатындығы құжат жүзінде жазылған.
ҚР АК-ның 154 бабы бойынша заң құжаттарында тараптардың келісімімен белгіленген реттерде жазбаша мәмілелер оларды нотариат куәлендіргеннен кейін ғана жасалды деп саналатындығы айтылған болса, мұндай құжат дәл солайша куәландырылып расталған. Ерекше бір айта кететін нәрсе осы құжатты заңға қайшы келмесе және үшінші жақтардың құқықтарын бұзбаса, сот орындары тараптардың арызы бойынша мәмілені жарамды деп тануға құқылы делінген.
Салық мәселесіне келетін болсақ, шаруа қожалығы басшысы тіркеліп, күні бүгінге дейін тиісті салық түрлерін төлеп келген. Онда ешқандай заң бұзушылық әрекеттері жоқ. Мақтаарал аудандық жер қадастр филиалында жер учаскенің сәйкестендіру құжаты 1-5534 санымен 02.08.2011 жылы қайта тіркелген. Осылардың барлығы заңды бола тұра Мақтаарал ауданының әкімдігі шаруа қожалығына байланысты барлық құжаттарды ауыстырып, алып тастаған. Сөйтіп, жалған құжаттар жасап, құрылыс жүргізу үшін тендер өткізіп, қожалыққа қатысты иелікті картадан алып тастағандығынан олар мүлдем хабарсыз болған. 2014 жылы қаңтар айында әкімдік тарапынан заңсыз хабарлама беріліп, 26.05.2014 жылы ОҚО бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жалған мемлекеттік актімен талап-арыз берген. Шаруа қожалығына берілген №20328 жер учаскесіне жер пайдалану құқығын беретін кітапта және әділет басқармасында 01.04.2011 жылы тіркелген мемлекеттік акті есепке алынбаған. Ал аудан әкімдігінің сотқа тапсырған, тіркеуге алынбаған 06.12.2011 жылғы мемлекеттік актісінің жалған екендігін сот зерделемеген. Сөйтіп, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 20.06.2014 жылғы шешімімен «Мақтаарал аудандық әкімдігі» ММ-ның талап арызы қанағаттандырылып, жеке кәсіпкер А.Әбілқасымованың 7,5 га жер телімі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп, иеліктен шығарылған. Сот шешімінен кейін қорғаушының іспен танысуға уақыт беруін сұраған арызы қаралмай, тиісті құжаттар қабылданбай, келесі сот отырысы сол маусым айының 23-не белгіленіп, тиісті тарапқа хабарланбастан, олардың қатысуынсыз сырттай маусымның 20-на өткізіліп, судья А.Жусипова шешім шығарып тастаған. Оның кімнің ықпалымен және нендей мәжбүрлікпен осындай орындалғандығы ешкімге түсініксіз күйде қалып отыр. Заң бойынша талап арызды қабылдау кезінде судья талапкердің ҚР АІЖК-ның 150-151 баптарының талаптары орындалғандығын тексеруді ұмыт қалдырған. Егер судья осы мәселеге шын заңгердің көзімен қарағанда АІЖК-ның 155 бабының тәртібімен істі қозғалызсыз қалдыруға тиіс еді. Олай болмады. Бұл ҚР Жоғарғы сотының №8 нормативтік қаулысында анық көрсетілген. Сөйте тұра шешім заң талаптарын өрескел бұзып шығарылғандығымен заңсыз деп тануға болады.
Аппеляциялық сот шешімін алмай жатып, кассацияға талап арыз берілгеніне қарамастан аудан әкімдігінің тапсырмасымен пісіп тұрған өнімді жинап алуға мұрсат бермей, техниканың күшімен қауынды қоқысқа сүріп тастады. Міне Президент мораториі осы жерде шын мәнінде бұзылып, шаруалардың кәсіпкерлік құқығы табанға тапталып отыр. Оның сол кездегі шығыны 12 миллион теңге көлемінде. Сот процесі әлі біткен жоқ, соған қарамастан шаруа қожалығының жеріндегі құрылыс аяқталуға жақын қалды. Осыдан кейін елдің заңын заңгерлер дұрыс орындап жатыр деп қалай айта аласыз? Біз мұншама асығыстықтың себептеріне терең үңіліп, тексеру жүргізген кезде оның мәнісі Қаржы полициясынан, және басқа да құзырлы органдардан алынған құжаттар бойынша айқындалды. 2011жылдан бастап С.Тұрбеков басқаратын әкімдік жалған құжаттар дайындап, одан бізді мүлдем хабарсыз етіп, заңсыз тендер өткізген. Сондықтан болар ОҚО сотының кассациялық сот алқасының 14.10.2014 жылғы қаулысымен сот шешімімен апеллияциялық сот алқасының қаулысының күші жойылып, Мақтаарал ауданы әкімінің талап арызы қараусыз қалдырылды. Солай бола тұрса да, аудан әкімдігі сот шешімін орындаудан бас тартып, құрылыстың жұмысын тоқтатпады. Енді осыдан кейін қарапайым шаруаның мүддесін қорғайды, қолдау білдіреді деп сенген ел басшысының сеніміне билік пен заң орындары қалай қарап, қайтып орындап жатқандығын түсіну оншалықты қиынға соқпайды.
ҚР жоғарғы сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының 04.02.2015 жылғы қаулысымен ОҚО сотының кассациялық сот алқасының 14.10.2014 жылғы қаулысының күші жойылды. Сөйтіп іс ОҚО сотының кассациялық сот алқасына тиісті заңдық тапсырмалар негізінде құқықтық баға беру үшін жаңадан қарауға жолданды. Өкініштісі сол, Жоғарғы соттың қойған талаптары мүлдем орындалмады. Сот істерді азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шешу кезінде ҚР Конституциясының 6 бабының 3 пунктінде «Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады» делінген заңдылықты басшылыққа алмады. Ол біржақты келісіліп қойылған сценарий бойынша өтті деп толық айта аламыз. Кассациялық сот алқасы облыстық соттың төрағасы Н.Шариповтың төрағалығымен өткізілді. Мәжілістің бүкіл өн бойында шаруа қожалығының өкілдеріне шүйліге қарап, сөз бермей, дәлелді ойымызды айтқызбай, құжаттарымызды тапсыруға рұхсат бермеді. Сонда да тапсырылған құжаттарымызды іс материалдарына тікпестен кері жолдап жіберді. Іске сол кезде заңды баға берілмей, өзі алдыңғы кассациялық сот отырысында істі қараусыз қалдырған Н.Шарипов мырза, енді оны өзгеріссіз қалдырып, ештеңені тексерместен, зерделеместен шешім шығарып отыр. Соның кесірінен ОҚО сотының кассациялық сот алқасы қабылдаған 12.03.2015 жылғы шешімімен ОҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 20.06.2014 жылғы шешімі және ОҚО сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апеллияциялық сот алқасының 05.08.2014 жылғы қаулысы өзгеріссіз, А.Әбілқасымованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды. Мактаарал ауданы әкімдігінің 26.05.2014 жылғы өздерінің берген талап арызында 2014 жылы сәуір айында құрылыс жұмыстары басталу керек еді, сол құрылысты бастауға кедергі келтіріп отыр деген. Қаулы шыққан кез 22.01.2014 жыл, жерді иеліктен шығару 03.02.2014 жылға дейін деген арасы 10 күн, ал заң бойынша үш күннен кейін қаулы жария етіледі. үш күннен кешіктірмей меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға жерді алу туралы келісімнің жобасымен бірге жазбаша ескертуді ұсынуы тиіс. Қаулы жария етілген күннен бастап үш айдан ерте емес мерзім көрсетіледі. Үш айдың ішінде келісу процедурасы өтеді-бұл әкімдіктің мәслихатпен келісуі. Мәслихатқа ескерту алынған күннен бастап 2 айдың ішінде келісімнің жобасы жолданады. Ал Мақтаарал аудан әкімдігі бәрін бір жыл бұрын сырттай істеп қойған. Себебі осы талап арызда көрсетілген құрылысты бастау үшін ОҚО құрылыс басқармасына басқа құжаттар өткізілген.
Мемлекеттік жер кадастр кітабы бойынша 05.04.2013 жылдан бастап жерге жеке меншік құқығын иеленіп алған. Жерді алған кезде мемлекет үшін деп алғанын жоғары да айттық, енді келіп ол қалайша жеке меншік деп алынады? А.Әбілқасымованың жерінде жүргізіліп жатқан заңсыз құрылыстың ОҚО құрылыс басқармасына тендер өткізу үшін тапсырылған құжаттарының бірі осылай заңсыз болып тұр. Кадастр кітабы бойынша меншік иесі қала әкімінің №110, 28.06.2012 жылғы қаулысының негізінде меншік иесі Мақтаарал ауданының құрылыс бөлімі деп көрсетілген. Бірақ, А.Әбілқасымованың сыртынан алынып қойылған жер телімінің иесі Н.Калисаевтің 2012 жылы атына құжат туырлағандығын біз білетінбіз. Сонда жеке меншік пен мемлекеттік меншікті аудан әкімі мен оның командасы, заң орындары білмегені ме? Салынған құрылыс алаңының көлемі 6380 шаршы метр деп көрсетілгенмен, оның қайдан алынғандығы, нақтылы А.Әбілқасымованың атындағы жер екендігі, оның кадастрлық нөмері көрсетілмей, тек «бос жер» деп ғана белгіленген. Тағы бір айта кететін мәселе құрылыс салынып жатқан жер егін егуге арналған ауыл шаруашылығының суармалы жері. Еліміздің Жер кодексінің 84-ші бабы бойынша егер мемлекет бағдарламасымен салынса, ыңғайлы жер іздемейді, құрылыс сол белгіленген жерге түсу керектігі айтылған. Және егістік жерге құрылыс салынбайтындығы түк білмейтін жанның өзіне де белгілі емес пе? Ауданның жер бөлу комиссиясының 27.06.2012 жылғы №16 қорытындысы бойынша құрылыс салынатын 6380 шаршы метр жердің А.Әбілқасымованың немесе Б.Шертимованың жері екендігі ешқандай құжатта көрсетілмей тек Жетісай-Атакент тас жолы бойынан тұрғын үй салу үшін Жетісай қаласы әкіміне жер сұраған ұсыныс беріледі. Бұл ұзындығы 45-50 шақырым келетін үлкен трасса. Құжатта оның қай жер екендігі тағы да сол мүлдем түсініксіз күйде болғандығы ешкімнің назарына ілінбей, әйтеуір құжат жасалына салған. Жетісай қаласының әкімі Б.Асановтың 26.03.2011 жылғы шешімінде құрылысқа бөлінген жердің кімдікі екендігі нақтыланбайды. Жер иелеріне ол туралы мәлімдемейді де. Ал 2012 жылы жетісай қаласының әкімі Ж.Бисенбаевтың шығарған шешімінде де тура алдындағысындай құрылыс алаңының А.Әбілқасымоваға тиесілі екендігі көрсетілмеген. Аудандық прокуратураның тексеру анықтамасына сай егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы болмағандығы айтылған.
Бұл кезде А.Әбілқасымованың күші жойылмаған құқық белгілейтін құжаттары болғанына қарамастан көп қабатты тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін А.Әбілқасымованың жер учаскесіне негізсіз беттестіре отырып, тұрақты пайдалану құқығы табысталған деп, ҚР Жер кодексінің 108 бабының 6 тармағының, 109 бабының 1 тармағының, 44 бабы 55-1 тармағының талаптары сақталынбаған.
Заң бойынша жер учаскесін алу туралы қаулы шыққаннан кейін, ол үш күннің ішінде БАҚ-та жариялану керек. Ал бұл қаулы арада бір жыл өткеннен кейін, 22.01.2014 жылы жарияланған. Аудандық прокуратураның тексеруі бойынша аудан әкімдігінің 05.04.2013 жылғы №393 қаулысымен А.Әбілқасымованың жер учаскесін мемлекет мұхтажы үшін алу белгіленіп, бірақ кейіннен оның күші жойылғандығы құжат жүзінде тұр. Сол күшін жойған құжатпен олар тендерге қатысады.
ОҚО құрылыс басқармасына тұрғын үй салу үшін өткізген келісу схемасы бойынша тұрғын үйге бөлінген жер мүлдем басқа жерде орналасқан. Оған А.Әбілқасымованың да, Б.Шертимованың да жерлерінің ешқандай қатысы жоқ. Әрі жалған құжаттармен жасалынған құрылыс ешқандай да мемлекеттік бағдарламаға жатпайды. Аудан әкімдігі мемлекет мұқтажы үшін деп мәжбүрлеп жер алу туралы қаулыны әр жылы шығара берген.
Қадағалау шағымында аудан әкіміне бағасы тең басқа жер телімін беру жүктелгенмен, ол осы уақытқа дейін орындалған жоқ. Ондай құжат сот материалдарында әлі күнге дейін тіркелмеген. Барлық сот процестері біткен кезде аудан әкімдігі басқа жер телімін Амангелдіден берілді дейді. Оны бір бұларға емес, сотқа берген барлық телім иелеріне үлестіріп жатыр. Өйткені ол белгіленген жер, сор, тұзды жер, Кеңес дәуірі кезінде игеруге жатпайды деп шектеу қойылған ескі моланың орны…»
Біз арыздың жалпы мәтінінің негізгілерін ғана тілге тиек етіп жариялап отырмыз. Айтылған нәрсе, айтылар нәрсе әлі де көп. Ол тағы да осы көлемдегі бір арызға толық жүк болады.
Азаматқа елдің билігін берген кезде жоғары тұрған басшылық оған үлкен сенім артып, халқының қасы мен қабағына қарауды, жағдайын жасауды, жетпей жатқан жерін жеткізуді тапсырады. Билігіңді пайдаланып, біреуге тізеңді батырып, озбырлық жаса, әлімжеттілік істе, заңсыз тірлікке бар деп міндет қоймайды. Мына арызға қарап отырсаңыз Мақтаарал өңірінде басқа саланы айтпағанда, тек аудан әкімдігі тарапынан талай заңсыз әрекеттердің орын алып жатқандығын айтқызбай-ақ ұғынуға болады. Бұл жүздердің немесе мыңдардың бірінің ғана арызы шығар. Халқының өсемін деген ниетін өшіріп, алақандай жерінен күнін көретін нәпақасын тартып алу әкім С.Тұрбековке дағды болып қалыптасып қалмаса екен деп тілейік. Жалпы жұрт ішінде бұл азамат жөнінде кері пікір көп. Жұрттың жерін тартып алып, соттасып, араға ала мысық жүгіртіп, телімін қайтаруды сұрағандарға әруақтардың мәңгілік мекені болған бейіттен жер беру, молаға егін ек деу қай әкімге ғана емес, қай мұсылманға тән қасиет дейсіз? Біз арыздың ұзын-ырғасынан осындай бір жайсыз жәйттің шетін сезініп, денеміз шымырқанды. Біз жазылған жайды жария еткенде біреулердің мүддесін көздеп отырғанымыз жоқ. Істің ағы мен қарасын таразға салып, теңдестіріп, одан нақтылы бір ілік іздеуді де өзіміздің тарапымызға сала алмаймыз. Егер айтылған арыздағы мәселелер арасында орынсыз дәлелдер орын алған болса, онда нақтылы шындықты құжат жүзінде дәлелдеймін деген басшы мен қосшыға да сөз береміз, айтарын жария етеміз. Әзірге біздің түсінгендігіміз арызда айтылған шағымдар Елбасының бүгінгі ұстанып отырған нақты саясатына үйлеспей жатқандығы. Шағымның тақырыбында біз арыз иелерінің ойы мен ниетін, талабы мен тілегін көпке жария етіп ғана қоймай Елбасының назарына ұсынып, тақырыбын да соған орайластыра қоюымыз көңілдегі көп күдіктің қорытындысы ретінде берілді деп түсінген дұрыс.

Қыдыр ҚАЛИЕВ,
Мақтаарал ауданы.