ҚОЛДА БИЛІК ТҰРҒАН КЕЗДЕ ЕЛДІҢ ЗАҢЫН ЕЛЕМЕУГЕ БОЛА МА?

353
0

Осы бір тосындау пікір-мақала жазылар ма еді, жазылмас па еді қақпағы жоқ елдің аузындағы бір жаны бар әңгіме біздің саңылау құлағымызға жетпегенде. Әңгіменің ашығы – айтылған сөз, білдірілген пікір, көкейдегі ой бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Бәйділдә Жылқышиев (суретте) мырзаға қатысты болмағанда.

Айтарымызды сәл тоқтата тұрып, ендігі айтарымызға тікелей қатысы бар бірер мәселені анық-қанық күйінде көптің ойына салып, назарына қайыра бір сала кетсек, ол артықтық етпес. Осыдан дәл күні мен мерзімін нақтылап айта алмаймыз, біраз жылдар бұрын бір өңір түгілі, бүкіл қазақ өлкесі танитын қос саңлақ азаматтың бір тектілік танытқанына талайлар таңдай қағып еді. Парламенттің төрінде отырып, елге танылып, кейінірек облыстың халық ағарту саласын басқарған апамыз Сайлаукүл Барақова жасы зейнеткерлікке толған, өзінің туылған күнінде кең кеңсесіндегі құжаттарын бір дорбаға салып, ұжымын жинап, алғысын айтып, ағаттығы үшін ғафу өтініп, қимай қоштасып демалысқа шығып кеткен еді. Әйел де болса азаматтың азаматының қолынан келе қоймайтын кілт шешімге барғанына кәдімгідей жанымыз сүйсінген. Сол апамызға қызметтегі кезіндегі мансабына лайық берілген абыройдан гөрі, бүгінгі қариялық абыройы әлдеқайда асқақ, бір мысқал да кеміген жоқ.

Жұрт «Мар-аға» деп марапаттап жүрген маңғаз қазақтың бірі, қаламынан маржан сөз төгілген, прозаның тірі көсеміне айналған Мархабат Байғұтта дәл мамыр айындағы туылған күнінде зейнет жасының алдағы бір күніне де қиянат қылмастан, қоңыр сөмкесін қолтықтап, сол жылы жымиысымен, саусағымен мұрынын бір сипап қойып, тілмен де, ақпаратпен де, қарамағындағылармен де қоштасып, біржолата «пенсияға» шығып кетті.
Баяғы да мектептің директорлығына ұзақ жылдар бауыр басып, жекеменшігіндей болып қалған, жұмысынан кеткісі келмеген Шаян жақтағы бір көкеміз «өлімнен қашқан Қорқыттай» мекеменің мөрін алып кетіп, ауданның басшыларын әлек-шәлек еткен бір жағдайы бар еді.
2006 жылдың қантар айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін күні бүгін алпыс үш жасқа толғанына үш ай болған Бәйділдә Жылқышиев мырза басқарып келеді. Сонау компартияның заманында, нақтырағы 1987 жылдан бастап сол партияның түрлі салаларында, 1993 жылдан бастап әкімшілік аппаратында лауазымды қызмет атқарған Б.Жылқышиев мол тәжірибелі мемлекеттік қызметкер. Ол кісі тоғыз жылдан астам уақыттан бері облыс әкімінің бірнеше бөлімдеріне және түрлі комиссияларға басшылық жасап келеді. Қолындағы биліктің «гүрзісінің» салмағы өңір басшысынан кейінгі орында екендігін ешкім жоққа шығара қоймайды. Қазақстанның Президенті қол қойған заңда елдің кез келген азаматы 63 жасқа (мұсылмандық рәсіммен айтсақ Пайғамбар жасы саналады) толғаннан кейін атқарған бейнетіне лайық оның зейнетін көруге, яғни зейнет демалысқа шығуға құқылы екендігі белгілі. Қазір лауазымды қызметтегілер ғана емес, мектептегі қатардағы мұғалімді зейнет жасына шыққан күні демалысқа жібереді. Өйткені оның соңында ертең ізін басатын, жұмысын жалғастыратын жаңа толқын тұр. Оларға жұмыс керек. Заң осының барлығын жан-жақты талдап, саралап барып қабылданған құжат. Сондықтан ол баршаға ортақ. Б.Жылқышиевтың зейнеткерлікке жасы келгеннен кейін неге шықпай отырғандығы өзіне ғана мәлім болмаса, сырт жұртқа беймәлім. Бұл адамдар да қарап жүрмей, кейде ұзын арқан, кең тұсау әңгімеге ерік береді. «Бәйділдә Жылқышиев осы жылы орнында тағы бір жыл отырып, келер жылы Парламенттің кезекті «опыр-топырында» бір жайлы орынға жайғасуды көздеп жүр екен» деген сөз әр жерден бір естіліп қалады. Оның өтірік, шын екенін кім білген?
Біреудің бейнеті мен зейнетіне қатысты әңгімеге араласудың өзі кейде орынсыз көрінеді. Бірақ адамдарды қызметіне, лауазымына қарай алалап, сұрыптау оншалықты жағымды нәрсе емес. Өйткені азаматтардың міндеттері мен құқықтары біздің елде бірдей болып бағаланған. Ал Бәйділдә Жылқышиев мырзаның зейнет демалысына қашан шығатынын өзі білмесе, оны жоғарырек тұрған биліктің басшылары шеше жатар. Үлкен лауазымды ары қарай алып кететін білігі мол, білімі терең, іскер азаматтар табылмай жатса, онда ләж жоқ…

Нұртай ҚАЛМЫРЗА.