МАҚТАРАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТТІ

227
0

Серик

«Қызмет – қолдың кірі» деп жатамыз. Ойланатын-ақ сөз. Егер жуғанда кетіп қалатын кір-пірге теңейтін болсақ, кез келген адам қызметке тұруға, сатылап өсуге, басшы болып, жалғанды жалпағынан басып өмір сүруге неге соншама құмар болып, бары мен нарын, тапқаны мен таянғанын сол мақсатқа жұмсайды екен деп ойланасың. Екінші бір жағынан биліктегі биік лауазым пенделерді өзіне сиқырмен арбағандай, үнемі тартып тұрады. Қызметтен кеткен адам – бар кірінен арылған адам емес.

Кеше Мақтарал ауданында кадрлық өзгеріс болды. Біраз жылдың жүзінде облыстағы үлкен аймақ, бұрынғы үш ауданның басын біріктіріп отырған өңірді басқару бақыты мен биліктің сенімі екінің біріне, көрінген жанға бұйыра бермейді. Сондай бағы асқан, сенімнің жүгін арқалаған азаматтың бірі – Серік Тұрбеков мақталы өңірді біраз жыл басқарды. Басшыға лайықты тұлғасы мен келбеті бар жан турасында жекелеген адамдардан бастап, көптің арасында көп пікір қалыптасып үлгерді. Әкімдік қызметте жүргеннің өзінде ол кісі турасында қаттылау әңгімелер айтылды, бірбеткейлігі мен іскерлігіне де орынды бағалар беріліп жатты. Ол енді өткен күннің бағалауына айналды.

Серік Тұрбеков мырза жөнінде «Уақыт» аз да, көп те нәрселерді жазды, басылым бетінде келелі мәселелерді көптің атынан, жекелеген жандардың тарапынан қозғап, қаузап, мақалалар легін жария етті. Майдаларын айтпағанда, соңғы екі айдың ішінде Мақтарал ауданындағы ел таныған, қызмет атқарған, беделі бар ақсақалдардың жазуы мен айтуынан негізделген, облыс басшысының назарына қарай ұсынылған «Ел адамы елдің басшысын не үшін айыптады?», «Қариялары қаламаған әкім орынтағында отыра бере ме?», «Әкім Серік Тұрбеков Елбасының саясатына неліктен қарсы келеді?» деген бет-бет сын мақалалардан басқа, аудан басшысына қатысты, оның тарапынан орын алып жатқан олқы істер жайында сындар шындығында да толастамады. Күні бүгін экс-әкімге айналған Серік Тұрбеков «Уақыт» редакциясына, оның бас редакторына өзі қол қойып, жазылған жәйттердің көпшілігімен келіспейтіндігін айтып, хат жазды. «Жазылған жайдың жаңғырығы» деген айдар тағып, С.Тұрбековтың сол хатын «Мақала негізсіз жарияланған деп санаймын» атты тақырыппен жария еттік. Сөзіне сөз қоспадық, айтқан ойын, білдірген пікірін, жасаған ұсынысын ортасынан қимай, қаз-қалпында қалың оқырманға ұсындық. Ол бізге ғана емес, өзі турасында талай жерге хат жазып, арызданған елдегі ағайындарға және қарияларға берілген жауап деп түсіндік. Сөйттік те, сол жауапқа жауап ретінде біз де «Жартымсыз жауаптың жағдаяты» деп айдар айдарлап, «Жай адам шатасуы мүмкін, ал әкім неге жауапсыз жауап жолдайды?» деп тасқа басып оны да ойлы оқырманның оралымды назарына бердік. Кім қалай бағалады, қалай бағамдауға тырысты – ол енді әр жанның өз пікірі болып қалды. Арада он күннен астам уақыт өткенде Мақтарал өңірінде бірінші басшы төңірегінде ауыс-түйіс орын алғандығынан хабардар болдық. Бұл жерде «біз олай еттік, бұлай еттік, кадрлық қозғалысқа араластық» деген пікір айтудан аулақ екендігімізден көпшілікті хабардар еткіміз келеді.
Бұрынғы әкімнің атына айтылған көп сынның соңында ол кісінің қатарында Жетісай қаласының әкімі Жамантай Бейсенбаевтың тұрғандығын жалпы жамиғат біледі. Енді Мақтаралдың тізгінін облыс басшысы жақсы тілек айтып, осы Жамантайдың қолына берді. Ауданның әкімі болып тағайындалған Ж.Бейсенбаевтың тұсында Жетісай қаласына байланысты сыннан арылмаған, талай арыздың басты кейіпкеріне, негізгі тұлғасына айналған адамның іскерлігі, елмен ілтипатты тіл табысуы биліктің емес, көптің көңілінен шығуы қай деңгейде боларын мезгілдің өзі мезетінде көрсетер жатар.

«Уақыт».