Жетімнің жасын, жесірдің зарын кім көрер?

387
0

Ешкім де істейтін тірлігі жоқтықтан, қолы бостықтан есік жағалап, араша сұрап, арыз жазбайды. Арыздың артында әділетсіздік, зорлық, жүрек пен жүйкеге жүк түсіретін үстемдік, ең бастысы адамдардың таласқа түскен тағдыры тұрады. Шымкенттің іргесіндегі «Бозарық-1» саяжайы, Спутник көшесінің 112 үйінде тұратын анасы Патима Тілепова мен қызы Меруерт Шорабекованың бес парақ арызы мен оған қоса тігілген 30 парақ қосымша құжаттары көп жайдан хабар береді.

Заңның осалдығы, биліктің дәрменсіздігі, адамдардың адамдарға деген үстемшілдігі, ұлттың ұлтты кемсітушілігінің белгілері осы жерден көрініс тапқанына көзің жетіп, көңілің жабырқап қалады.

«Біз оралман отбасымыз. 2010 жылы Бозарық саяжайына көшіп келдік. «Бозарық-1» саяжай тұтыну кооперативінің төрайымы Валентина Николаевна Испанованың тікелей араласуымен қазіргі тұрған баспанамызды Ажбенов деген азаматтан сатып алдық, сөйтіп қызым М.Шорабекованың атына рәсімдедік. «Құжаттары түгел, қарызы жоқ» деген кооператив басшысының сөзіне сендік. Өкінішке орай, жайға орналасқаннан кейін құжат туралаудың талай машақатын бастан өткеріп, есімізді енді жинаған кезде В.Испанова саяжайдың бұрынғы иесінің есебінде 20-30 мың (нақты мөлшерін айтпайды) теңге қарызы бар екендігін бізге хабарлап, тосын әңгімені шығарды. Өзі тауып беріп, өзі делдал болғанын ұмытып кетті. 2012 жылы қаңтарда отырған жайымыздан өрт шығып, еш негізсіз В.Испанова электр жарығын қиып тастады. «Сатып алған үйіңнің баяғы қарызын төлемесең қоспаймын» деп жарықты қоспағаннан кейін оның үстінен қарайтын тағы бір басшы – «Бозарық-1, 2, 3» саяжайларының басқарушысы Алтынай Бөлтіріковаға барып, барлық болған мән-жайды түсіндірдім. Ол кісі мені депутат Ғани Ахметбаев атты азаматқа ертіп барып, әлгі ағамыз жәрдем есебінде маған қолма-қол 20.000 теңге берді. Оны жарығымды қостыру үшін баяғы өзім көрмеген, білмеген қарызымның өтеуін В.Испановаға жеткіздім. Осымен бәрі біткен шығар деп жүргенімде ол кісі сан сылтау айтып, жарығымызды сөндіріп, одан бір өзінше ләззат алғанын тоқтатпады. Жалпы 2012 жылы саяжай бойынша жарық бірнеше рет сөндіріліп, әбден зәрезап болған тұрғындар «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына және сол кездегі Әл-Фараби ауданының әкіміне шағымданып барып, аудан әкімінің орынбасары Мырзахан Керімбеков пен халықпен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Мұрат Тәжібаев саяжайға келіп, жұртты жинап, істің мән-жайына талдау жасады. Кооператив мүшелері В.Испанованың тұрғындарды қорлау мен қорқытудың әбден шегіне жеткендігін, ешкіммен санаспайтындығын айтып, жиналыста оған қарсы қол жинау, жаңа басшы сайлау, тексеру комисссиясының құрамын қайта қарау, саяжайға байланысты Жарғыға өзгерістер енгізу турасында айтылған Г.Ерманова, З.Сүлейменов, Қ.Жауқанов, Г.Иманқұловалардың ұсыныстары мен пікірлеріне орай арнайы шешім қабылданған болатын. Қарашаның 5-індегі осы жиналыстан соң, арада алты күн өткеннен кейін әкімнің орынбасары М.Керімбековті қатыстыра отырып өткізілген жиналыста кооператив мүшелері ашық әңгімеге кетті. Жиналыстың билігін бұл жолы да қолға алған басқарушы А.Бөлтірікова алғашқы сөзді аудан әкімнің орынбасарына беріп, ол тұрғындар мүддесін қорғау, көтерілген мәселелерді барынша шындыққа сай, әділеттілікпен шешу қажеттілігін айтып, одан кейінгі сөз алған А.Алдабергенова, Г.Иманқұлова, А.Жітебаевтар төрайым В.Испанова мен тексеру комиссиясының мүшесі Р.Көшербаев жайында: «…я еще не видела такого грубого человека», «Испанова не умеет обращаться с людми», «…еще Көшербаев потекает словам Испановой, одним словом мафия», «без предупреждение отключает свет, за людеи не считает. Оскарбляет по всякому. Говорит: «Вы, оралманы-нелюди, кыш-кыш» деп айтқан дәлелдері ортаға салынды.

Жиналыс соңында саяжай төреайымы Валентина Испанова басқарушы Алтынай Бөлтіріковадан кешірім сұрағанда оның: «Извинитесь перед народом, Вы их обидели, задели за гордость, унизили» деген ашулы сөздерінен кейін В.Испанова көпшіліктің алдына шығып, өзінің ағат тірліктері үшін кешірім сұрады. Сөйтіп төреайымдық жұмыстан бас тартатындығын ашық мәлімдеді. Р.Көшербаев та жұрт алдында өзінің тексеру комиссиясы мүшелігінен өз еркімен бас тартатынын, шаршағанын айтқан болатын. Жиналыста ортаға салынған мәселелерді басты назарға ала отырып, жиналыс кооперативтің басқарма мүшелерін түгелдей қайтадан жаңалап сайлау, төреайым В.Испанованы 2013 жылдың мамыр айына дейін жұмыста қалдырып, бітпеген тірліктерді толық аяқтағаннан кейін жаңа басшыны сайлау арқылы тағайындауға шешім қабылдады. Осы басқосуда тексеру комиссиясының құрамы жаңа мүшелер – П.Тілепова, В.Калинин, Ж.Иманқұлов, Р.Хайруллиндермен толықты. Осымен бәрі қалпына келді, саяжайда жұрт ұрыспай, жарық сөнбей, мамыражай заман орнады деп ойлаған болсаңыздар қателесесіздер. Одан бергі төрт жылда біз бұрынғы күнімізге зар болып қалдық.

2015 жылы тамыз айында қызым Жұлдыз Созақ ауданында ауруханаға түсіп, қайтып келсем ешқандай ескертусіз электр жарығын қиып тастапты. Тұтынушылар құқығын қорғайтын басқармаға барып, сол мекеменің қызметкері У.Нұрәлиеваның араласуымен жарығымды қайта жандырған едім. В.Испанованың қызы Наталья Заставная есепші-кассир, әлі мектеп жасындағы баласы электр монтёры болып жұмыс істеп, айлық алады. 13 айдан бері электр жарығынсыз отырғандықтан жаңадан құрылған Қаратау аудандық ішкі істер бөліміне, аудан әкімдігіне, «Нұр Отанға» бардым. Ешкімнің Қазақстан азаматы ретіндегі менің арызымды қанағаттандыруға шамасы келетін емес. В.Испанова бір кездегі жұмыстан кетемін деген жұрттың алдындағы уәдесін ұмытып, керісінше күшіне мініп, жұртқа білген үстемдігін жасауда. Қарсы келуге адамдар одан қорқады. Көп азаматтар пәтер жалдап тұрады, оларды отырған жайынан шығара салу төреайымға түкке тұрмайды. 2016 жылы наурыз айында Қаратау аудандық сотына электр жарығына байланысты арыз жаздым. Судья Л.Әуелбекова мен үйдің иесі болмағандықтан ол арызды қанағаттандырған жоқ. Одан соң қызымның жазған арызын қараған судья Ағыманов біздің қазақша жазған арызымызға қарамастан, сот мәжілісін бір ғана В.Испанова үшін орыс тілінде жүргізіп, біздің құқығымызды ескермеді. Біз орысша білмейміз. Әлде біз сияқты еркегі жоқ жесір әйел мен жетім бала осылайша әлі жеткеннің жемі болып жүре беруі керек пе?! Мүмкін осы біздің ауыр тағдырымызға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов ара түсіп, бір әділдікке қолымызды жеткізер деген үміттен күдер үзгіміз келмейді» дейді арыз иелері М.Шорабекова мен П.Тілепова.

Арыз осылай деп қос ананың зарынан, жанға батқан ащы айқайынан хабар береді. Талай есіктің табалдырығын тоздырған олар енді тек қала билігіне ғана арқа сүйейді. Дәл мынандай сәт – еліміз өзінің тәуелсіздігінің 25 жылдығын қарсы алғалы отырған кезде елім деп Ата жұртқа оралған қос мұңлықтың ғана емес, Шымкенттің іргесіндегі бір үлкен саяжайдағы талайларға жарықтың тақсіретін тартқызып қойып, қала әкімі де қол қусырып қарап отырмас деп сенеміз.

Н.МӘУЛЕН