ҚОЛДЫ БОЛҒАН ҚЫРУАР ҚАРЖЫ

319
0

Алла бұйыртса, еліміз тәуелсіздік алғалы тауық жылы осымен үшінші рет тереземізді тықылдатып, төрімізге шықты. Биылғы жыл еліміз үшін ауырлау басталды. Қарағанды облысы, Шахтинск қаласы, Шахан ауылындағы болған апатты жағдай бәріміздің де қабырғамызды қайыстырып жіберді. Шалғайда жатқандықтан, Шахан ауылына барып, болған жайларды көзбен көрудің реті келмеді. Есесіне дәл осыған ұқсас мәселені, Шымқаладан шамамен 250 шақырым жерде орналасқан Шардара қаласына ат басын бұрдық.

Шардара! Кезінде ақ күрішпен аты шыққын М.Мақатаев, Т.Айбергенов сынды ақиық ақындар өз өлеңдеріне қосқан, шағаласы шулап, балығы тулап, теңіздің соққан лебі талайды шабыттандырып, талайды қанаттандырған тарихқа бай киелі мекен. Арысы, Ұлы Жібек жолының төрт қақпасы саналған шаһарлардың бірі. Енді сол Сыр бойын ажарландырған Шардараның бүгінгі аянышты халіне тоқталып өтсек…
Осыдан біраз жыл бұрын, яғни, 2012 жылдың көктем айларында қаладағы әбден тозығы жеткен кәріз жүйелерін қалыпқа келтіруге мемлекеттен 1 млрд.теңгеден астам қаражат бөлінеді.Қала ішінде жұмыстар қызу жүріп, сол уақыттарда ауданды басқарған Қ.Айтөреевке халық ризашылықтарын білдіріп жатты. Тіпті, Айтөреевтің «адресіне» үлкендер жағынан «Айналайын Қамытбек біздің маңдайымызға бақ болып келді. Биыл «канализацияны» бітірсе, алдағы жылдарда газ жүргізіп, туризмді дамытып, әуежай салып береді» деген құлаққа жағымды әңгімелер айтылғаны да рас. Алайда бұқара халық мұның ертен-ақ ертегіге айналарынан бейхабар еді.

Арына тисек айыпқа бұйырмас, Қамекеңнің «клоунадасы» мен кәріз жүйесін жүргізгендер, қабылдап алғандар туралы материалдарымызды келесі нөмірлерде бүге-шігесіне дейін айта жатармыз.
Қалада шамамен 35-40 шақты екі және төрт қабатты тұрғын үйлер бар. Тұрғызылғанына алды елу жылға жуық үйлердің кәріз жүйелері расында да сын көтермейтін. Жұмысшылар қалаған жерін қазып, білгендерін істеді. Қадағалаған бір жанашыр адам болмады. Керек десеңіз, кейбір үйлердің есік алдындағы кәріз трассалары ауыстырылмады да. Жүйені жаңартамыз деп қаншама үйлер жапа шекті. Солардың бірі, жаңарған жүйенің «құрбанына» айналған Әл-Фараби көшесінде орналасқан бір-екі үйлер жайында әңгіме қозғайық. Кезінде Вьетнам мемлекетінен келген азаматтар тұрады деп салынған №11 үйдің қазіргі жағдайы қорқынышты десек қателеспеспіз. «Уклоны» үйге қарай кеткен трассаға қосылған үйдің жертөлесі суға толып қала береді. Тұрғындар үйлеріне кіріп-шыққанда жандарын шүберекке түйіп жүретіндері де жасырын емес. Барлығында да үрей! «Үйіміз қашан құлайды екен?» деп тұрғындар үреймен өмір сүруде. Жергілікті билік тарапынан бір-екі рет жертөлені тазалады да. Қашанғы тазалай берсін? Ол да тоқтады.

Қамытбек Айтөреевтен кейін ауданға Арман Абдуллаев деген азамат басшы болып келді. Кезінде оны менсінбегендер де болды. Ол кісі қала ішін жаяу аралап, қандай кемшілік барын әбден анықтап алған Арман Айдарұлы дәл осы Әл-Фараби көшесінде орналасқан №12 үйдің кәріз жүйесінің істен шыққанын көріп, тиісті мекемелерге тапсырма беріп, істің нәтижелі аяқталуына тікелей өзі басшылық жасап отырды. Аз ғана уақыттың ішінде ауданды басқарған Арман әкім көзге көрінер қыруар тірліктерге басшылық жасады. Және оның сапасы мен уақытылы аяқталуына жіті көңіл бөліп отырды. Ол әкім тақиямызға тарлық қылды.
Енді кім келер екен?Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың тағайындауымен ауданға Б. Қыстаубаев келді. Жаңа басшыға облыс әкімі ауданның экономикасын көтеріп, инвесторлар тартып, тұралап қалған тірліктерге жан бітіру керектігін қадап айтты. Демек, Қыстаубаев қыдырып келген жоқ. Бұл қала ішіндегі жағдай. Сыртта не болып жатыр?
Шамамен 32 шақырымдай жерге тартылған кәріз жүйесінің жартысына жуығы «самотекпен» келіп КНС-1, КНС-2 деп аталатын насос станциялары арқылы 2-мөлтекауданның сырт жағында орналасқан КНС-3 деп аталатын станцияға қаланың бүкіл қалдық суы айдалуы тиіс. «Мүлкілі Ата» деп аталатын үлкен қорымның етегінде орналасқан КНС-3-тің насосы істемей тұрғандықтан, қалдық сулар «резервнойға» айдалады. Одан тасып жатқан су ашықтан ашық Сырдарияға кетіп жатыр. Қай уақытта сұрасаңыз да насостың күйіп кеткендігіне екі-үш апта болғандығын сылтаурататын сабаздар шеберді көршілес Ресей немесе Өзбек елінен шақырады екен. Ол қашан келеді, насос қашан жөнделеді? Осы кезге дейін өзімізде бір маманның болмағаны бізді біраз ойға жетелейді. Сырттан келген маманға берген қаражатқа жергілікті маманды неге оқытпасқа? Бітпеген істі қабылдап алған аудан әкімінің орынбасары Т.Байтұрғанов төрағалық еткен комиссияда басқа да шардаралықтар бар емес пе? Қорымды қорлағанша басқа жерден неге салмады? Осы жұмысты қабылдағандардың алды қазір «иті жоқ ауылға мәңгілік іссапарға кетті». Енді бірі зейнетке шығуға дайындалуда. Тағы біреулері қалтаны «нормальный навар» көріп, түк болмағандай кейіпте жүр. Түбінде бір тексеріс болып, зейнетке кеткендер мен есіріп жүргендерді жазаға тартатын уақыт келер. Бәріне уақыт сыншы.

PS:
Біз кеткен әкімді қаралап, келген әкімді даралап, мәймөңкіленбейміз. Тек қана елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, жоғарыда отырған елге жандары ашиды-ау деген азаматтарға жақсылы-жаманды баяндап отырмыз. Расында да Шаханның «шекпенін» жамылмайық десек, Болатбек мырза Әл-Фараби көшесі №11 үйді апаттық жағдайдан аман алып қалуды өзі басшылыққа алады деген үміттеміз.
Болекең болады десе- жұмыстың бәрі оң нәтиже берер, болмайды десе біз де билікке базына айтуымызды тоқтатпаймыз.

Қайрат ҚУАНДЫҚҰЛЫ,
Шардара ауданы.

(«Уақыт» газеті №3 (222).