ТҮРКІСТАНДА КӨНЕ РУХАНИ ЖӘДІГЕР САҚТАЛҒАН.
Моңғол әскерінің жаулап алу кезеңдерінде айналымға жіберілген алғашқы ақша түрлерінде жаулап алған елдің тілі мен ол елдің қолданысындағы жазба түрін пайдалану кең етек алған. Тіпті, сол елдің діни нанымындағы басты принциптерді де айналымда жүретін тиындар бетіне түсіріп отырудан қашпаған. Бұл жағдай, жалпы шығыстан келген моңғол-түркі әскерінің өздері жаулап алған территорияны мекендейтін халықтардың діни сеніміне деген толеранттылық көзқарастың нәтижесінде туындаса керек. Олай дейтін себебіміз, бұрын-соңғы тарихта тәңірлік дінін ұстанушы моңғолдардың жаулап алған жерлерінің тұрғылықты халқына өздерінің діни наным-сенімдерін күштеп енгізгендігі туралы деректер кездеспейді. Керісінше, жаулап алынған халықтың наным-сенімдеріндегі негізгі принциптерді сол елдің тұрғылықты халқымен саяси байланысты нығайту мақсатында пайдаланып отырғандығы аңғарылады. Моңғолдардың ақша соғу ісінде ақшаның прокламативті (үгіт-насихаттық) мүмкіндіктеріне емес, ақшаның экономикалық тұрғыдағы пайдасына басты назар аударылғандығы аңғарылады. Бүгін әңгіме еткелі отырған «Әзірет Сұлтан» қорық музейінің нумизматикалық жәдігерлер коллекциясындағы Шыңғысхан атымен соғылған алтын ақша бетінде де, Ислам дінінің негізгі ұстындарының бірі – «Калима» жазбасы да тиын алаңын түгел ала түсірілген. Тиын музей қорына 2006 жылы келіп түскен. Тиынның салмағы 5.90 г., диаметрі — 22.2 х 21 мм. Қосарланған шеңбер сызықтардан түзілген жиектеменің бедер қалдықтары бар. Динар беттеріндегі жазбалардың бедер іздеріне келер болсақ: Оң беті: қосарлама шеңбер сызықтан тұратын жиектеме іздері, ортадағы алаңда бірінші қатарда: ﺴﻡرقند ﷲ ﺴﻭﻝ [ﺭ] /ﻤﺣﻤﺪ……..//لاﺍﻠﻨﮫ﴿!﴾الا/ (Самарқанд/Лә илнаха (!) иллә/ Мухаммад …. /[р]суль Аллах) Жазбасының бедерлері мен ең төменгі қатарда өрме пішіндегі өрнек-виньетка түскен. Жиектерін бойлай түсірілген жазба бедерлері сақталмаған. Келесі беті жиектеме ішіндегі алаңға 4 қатар етіп жазба бедерлері түскен: Жиектемесі оң бетіндегідей. Тиын алаңындағы жазба бедерлерінің қалдықтары: ……ﯿﺭ ?[ﺯ]ﺑﮏ[ﺠ] خاﮞ ﺍﻠﻌﺍل [ﻡ] ﺍلاﻋﺿا (…ир [Ж]енг[з]? Хан аль-Адиль уль-Ағза[м]) Әдетте, тиын жиектеріне түсіріліп отыратын ақшаның соғылған жылдық жазбасы ақшаның ұзақ уақыт қолданыста болуы немесе ақша соғуға арнап жасалған штемпель беттеріндегі бедерлердің тиын шеңберіне түгел түспей қалып отыруы себебімен көп жағдайда толық сақталмайды. Алтын динардың негізгі бетінде Шыңғысхан жазбасының бөліктері сақталған. Әлемде Самарқанда соғылған Шынғысхан лауазымы жазылған екі тиын ғана белгілі. Олардың екеуі де Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитажда сақтаулы. Бұл тиындар жайында кезінде В.Г.Тизенгаузенның жазып қалдырған еңбектері бар. Бірақ біздің қорымызда сақтаулы тиынның типологиялық қатынасы ол тиындардан өзгешерек. Жалпы Моңғол үстемдігінің алғашқы кезеңдерінде алтын ақшалар Орта Азия, солтүстік Ауғанстан, Шыңжаң аумақтарында соғылған. Бұл аумақтардағы ақша сарайлары арасында Шаш, Бұхара, Самарқан, Отырар сынды ақша сарайлары да мыс фельстер мен күмістелген мыс дирхемдер соғып отырған. Алайда, бүгінгі таңда Шыңғысхан лауазым атауымен соғылған тиындар Газна, Бұхара, Самарқан ақша сарайларының өнімдерінде ғана кездесіп отыр. Тиын бетіндегі ﺟﻨﻜﺯ (Женгиз) сөзінің тек ортаңғы екі әрпінің сақталып, алғашқы және соңғы әріптерінің жойылып кетуі, бұл сөздің ﻤﻨﮑﻭ (Менгу-Мөңке) атауы болуы да мүмкін деген ойға жетелейді. Бірақ, Мөңке қаған атымен соғылған тиындарда Менгу атауы тек ﻘﺍﺍﻦ (қаған) лауазымымен ғана беріліп отырған. Ал, біз ұсынып отырған тиындағы ﺟﻨﻜﺯ атауыخان (хан) сөзімен берілген. Сондықтан, бұл дирхемде көрсетілген атау Шыңғысхан болуы керек деген тұжырымға келдік. 2004 жылы Отырар аумағынан шамамен хижра жыл санағы бойынша 640-шы жылдары (1240-шы жылдар) көмілген алтын динарлар көмбесі табылған болатын. Көмбе тиындарының көпшілік бөлігі қолды болып кеткен. Музей қорындағы бұл тиын да сол көмбе тиыны болуы мүмкін. Қаратөбеде (Көне Сауран) жүргізілген қазба жұмыстары кезінде алтын динарлар сынықтары табылған. Бұл табылған алтын ақшалар бөліктері Моңғол шапқыншылығынан кейін де Түркістан аумағында қалалық өркениет жалғасын тапқанына және Отырар мен Түркістан аумағы арқылы Қытайға өтетін сауда жолының барынша қарқынды дамығандығына дәлел бола алады. Музей әкімшілігі мен ұжымы музей қорындағы осындай құнды жәдігерлерді насихаттау мен келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында сақтауды өзіне зор міндет санайды. Осы мақсатта музей қорларындағы құнды жәдігерлерді цифрлық форматқа көшіру ісі де күн тәртібіндегі ең маңызды міндеттердің бірі болып отыр.