ЖЕРАСТЫ ҚЫЛУЕТІ..

162
0

Өмірін Алла жолына арнаған, сансыз көп шәкірт тәрбиелеп, рухани кемелдікке жеткізген Ахмет Ясауи 63 жасқа келгенде жер астындағы құлшылық мекеніне қылуетке түсіп, онда қалған өмірін өткізеді. «Диуани Хикметті» (даналық сөздер) негізінен жер астында ғұмыр сүргенде жазған көрінеді. Ақын өмірінің неше жылға созылғаны бәймәлім, бұл жайында бірнеше пікірлер бар. Қылуетте қысы-жазы қалыпты салқын, қоңыржай ауа ағыны сақталған. Аңыз бойынша қайтыс болған соң жер бетіне шығарылған. Созақ шаһарында жатқан Тама Қарабура әулие дана бабаның жаназасын шығарған делінеді.
Деректердің мәлімдеуінше, мына пікір қисынға келетіндей. Ғалым Шарафаддин Ғали Иазди Қожа Ахмет Яссауи жер астына түскен соң 12 жылдай ғұмыр сүрді дейді («Зафар-нама»). Бұған қарағанда 1178 жылдары дүниеден өткені көрініп тұр. Оның аса талантты шәкірті Сүлеймен Бақырғани 1186 жылы қайтыс болған. Ол өз кітабында ұлы ұстазына арнайы жыр арнап, оның әлдеқашан дүниеден өткенін, «орны Дару с-саламда – пейіште» екенін мадақтаған екен.
Жерасты мешітіне түсіп, Қ. А.Ясауи бабамыз тұрған бөлмесін, асханасын аралап көрдік. Тіпті өзі тұтынған шойыннан жасалған қазаны да тұр. Қылуеттің іші күңгірттеу. Мұнда жерасты жолы арнайы қоршалып, құлыппен бекітілген. Осы орайда еске түседі. «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналына сұхбат берген Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің
Құрметті қызметкері Жарылқасын Боранбайдың пікірінен үзінді келтірейік. «Кезінде, 1970 жылдар, қызметкерлер мені Қылуетке түсіретін жерасты жолдарымен біраз жерге апарғаны бар. Ол жол Қожа Ахмет Яссауи Мавзолейінің бас Қақпасы – күн түсетін жағындағы, жарты шақырымдай жердегі, шағын ауылдың маңынан жасалыныпты. Кәдімгі азық-түлік сақтайтын жерасты үйшігіне ұқсайды. Жан-жағы күйдірген кірпішпен қапталыпты. Еденге жалпақ тас төселген. Жер асты жолымен сәл-пәл еңкейіңкіреп жүресіз. Бағыт әулиенің жатқан жеріне қарай тартылған. Шамалы жер жүргеннен кейін, ауа кіретін түтікше-тесік жасалыныпты. Іші қоңыр салқын. 30-40 метр жүргеннен кейін, алдын күйдірген кірпіштен қалап тастапты. Тегі жаудан қорғану үшін бе, жоқ болмаса, Қылуетте жатқандар түннің белгілі бір уағында тысқа шығып, түнгі жұлдызға толы аспанға қарау үшін жасалынған ба, әйтеуір ғажайып жерасты жолымен жүріп өткенім анық», – дейді Ж. Боранбай.

%d1%80%d1%83%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%b8-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b3%d1%8b%d1%80%d1%83-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%80%d0%be%d0%b2%d0%b0%d1%82%d1%8c

02