«Қазақ жастарына бүйрегім бұрып тұрады»
Қазақ үшін волейбол спорты таңсық емес. Октябрь Жарылғаповтай оғлан қалыптастырған отандық волейбол мектебінен талай сайыпқырандар түлеп ұшты. Оңтүстік Қазақстан облысындағы ең білікті бапкерлердің бірегейі Жақып Бидановты сол Октябрь саңлақ салған жолды жалғастырушылардың бірі десек қателеспейміз. Ол облыс волейболын өрге сүйреп, талай ел чемпиондарын даярлаған білікті бапкер ғана емес, ғылым саласында да беделі бар маман. Профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты әрі ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Бүгінде М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Спорт пәндері және жекпе-жектер» каферасында қызмет атқаратын ағамыз «Уақыт» газетіне сұхбат берді.
– Облысымызда ғана емес, елімізде волейбол спортының дамуына үлес қосып жүрген азаматсыз. Қазіргі таңда шәкірттеріңіз қандай белестерді бағындыруда? Олардың қадамына көңіліңіз тола ма?
– Әрине толады. Универсиадаларда біздің волейболшылар үнемі жүлделі орындардан көрініп жүр. Жоғарғы «А» лигасында «Динамо-Қазығұрт» командасы топ жарды. Бұл — үлкен жетістік. Жалпы, елімізде волейбол спортының кең құлаш жаюына М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың үлесі зор. Студенттеріміз волейболдан бөлек футбол, баскетбол, гандбол сынды командалық спорт түрлерінен де талай рет ел біріншілігінде, универсиадаларда жүлде алды. Жеңімпаз атаған кездері де аз емес. Тарихқа шолу жасасақ, бұл оқу орнында 1994 жылы волейболдан қыздар командасы құрылды. Оған өзім жаттықтырушы болдым. Қыздарымыз универсиада ойындарында 2 рет топ жарды. Ел біріншілігінде 2 рет жүлдегер атанды. Сол жетістіктің арқасында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы дәрежесіне көтерілдім. 2003 жылдан бастап облыс әкімдігінің көмегімен «Қазығұрт» деп аталатын клуб ашылып, бірнеше жыл бас бапкер қызметін атқардым. Тынымсыз ізденістер мен жаттығулардың арқасында шәкірттерім төрт дүркін ел чемпионы атанды. Күміс, қола жүлделер де болды.
– Волейболға қабілеті бар балаларды үлкен спортқа тарту мәселесі шешімін тапқан ба? Ауылдарда осы спорт түрінің даму деңгейіне қандай баға бересіз?
– Өте орынды сұрақ. Негізі волейбол аса көп қаржыны талап етпейтін командалық спорт түрі ғой. Кез келген ауланың алаңшасына тор іліп, волейбол ойнауға болады. Бізге ауылды жерлерден осы спорт түрін таңдаған жастар көп келеді. Оларда қара күш те, бой да, денсаулық та бар. Бір әттеген-айы, волейболмен кеш айналысқандықтан шеберліктері ойдағыдай бола бермейді. Негізі волейболмен 3-4 — сыныптан бастап шұғылдану керек. Бала кезден бастап осы спорттың қыр-сырын меңгергендер ғана үлкен жетістікке жете алады. Спортқа кеш келгеніне қарамастан ел чемпионы атанған шәкірттерім бар, бірақ көп емес. Сондықтан жаттығуды ерте бастаған жөн. Ең бастысы, ауыл жастарының бойында қазақылық, үлкенді сыйлау деген қасиеттер басым әрі тәртіптері жақсы. Алайда, ауылдарда жоғары дәрежелі жаттықтырушылардың аздығынан талай талантты жастар тасада қалып кетіп жүр. Мектептердің спорт залдарын жөндеп, волейболға көңіл бөлінсе, жағдай жақсара түсетіні анық. Жуырда өз бетімізше сараптама жасап көрдік. Біздің есептеумізше, ауылдағы спортқа құмар жастардың 70 пайызы күрес, дзюдо, бокс сынды жекпе-жек спорт түрлеріне кетеді екен. Одан қалғаны футболмен шұғылданады. Бір өкініштісі, гандбол, баскетбол, волейбол сынды командалық ойындар артта қалып кетті. Футболмен сан мыңдаған жеткіншек шұғылданғанымен, олардың бәрі кәсіби футболшы болып кеткен жоқ қой. Сондықтан өзге ойын түрлерін де дамытуға күш салмаса, болмайды. Қазіргі таңда ауыл спортын дамытатын жас мамандарды даярлаудамыз. Дегенмен, ол әлі аз. Білікті бапкерлер ешқашанда көптік етпейді.
– Ауыл түгілі ірі қалаларымыздың өзінде волейбол үйірмелері көп деп айта алмаймыз. Мысалы, Шымкенттегі шеткі шағынаудандарда спорт алаңшалары мен кешендері жеткіліксіз. Спорт жанашыры ретінде бұған қандай ой қосасыз?
– Соңғы жылдары облысымызда спортқа көңіл бөлініп көптеген ойын алаңшалары салынды. Ол — қуанышты жағдай. Дегенмен, әлі де атқарылатын жұмыс көп. Мен республикамызды түгел аралап шықтым. Сонда байқағаным, ең тойханасы көп қала Шымкент екен. Шымқалада қанша тойхана бар екенін нақты айта алмаймын. Кәсіпкерлеріміз тек құлқын қамын ойламай, спортқа да көңіл бөлсе, тамаша болар еді. Спорт кешендерін салып, оны спорт мектептеріне, ірі мекмелерге жалға беру арқылы да ақша табуға болады ғой. Дені сау ұрпақ тәрбиелеу үшін тойханалар мен сыраханаларды азайтып, есесіне спорт кешендерін көбейтуіміз керек. Сонда ғана бұқаралық спорт дамиды.
– Талай сайыпқырандардың томағасын сыпырған мамансыз. Бапкер ретінде спортшыларға қояр ең басты талабыңыз қандай болды? Волейболшы болу үшін не істеу керек?
– Ең басты талабым – тәртіп. Спортшылар жаттығуға айтқан уақытында келсе, шын көңілмен дайындалса ғана жеңіске жетеді. Шәкірттерім бұл талабымды дұрыс түсінді. Айтқанымды бұлжытпай орындап, жаттығудан кешіккен емес. Командада қатаң тәртіп болғанының арқасында жетістікке жеткенімізді жасырмаймын. Волейболшы болуды армандайтын адамның бойында ең алдымен осы спортқа деген үлкен қызығушылық пен құлшыныс болуы керек. Әр жаттығуда шын ниетімен еңбектеніп, тер төксе ғана шеберлігі шыңдалады. Тағы бір айтарым, бойы қысқа адамдар волейболшы бола алмайды деген ой қате. Кейбір жастарымыздың «Маған бой бермеді, волейболда бағым жанбайды» деп өзге спортқа ауысқанын талай рет көрдім. Ол дұрыс емес. Рас, бойшаң ойыншылардың бағы басым болады. Олар шабуылда, тор бойында жақсы онайды. Негізі волейбол үшін орта бойлы 1.80 және 1.90 бой өлшемдері өте тамаша. Дегенмен, бойы 1. 70-тен төмен адамдар да волейболмен шұғылданулары тиіс. Өйткені қазіргі таңда артқы шепте, яғни қорғаныста ойнайтын мықты ойыншылар керек. Оларды либеро деп атайды. Ал, либеро болу үшін тым бойшаң болудың қажеті шамалы.
– Жасыратыны жоқ, ел біріншілігінде өнер көрсететін командалардың құрамында қарадомалақтар әлі де аз. Бұның сыры неде?
– Рас, волейболда өзге ұлт өкілдері басым. Алайда соңғы кездері қазақ балалары да жиі шыға бастады. Жасырып қайтем, бапкер ретінде менің де бүйрегім қазақтарға бұрып тұрды. Шеберлігі бірдей, бірақ бірі қазақ, бірі өзге ұлт өкілінің баласы келсе, бірден қандасымыздың жолын ашуға талпындық. Өйткені, ауылдың топырағына аунап өскен баланың бойында асқақ рух пен намыс, қайсарлық бар. Ауыл баласын волейболға тартып, жарыстарға апарсақ, ол да ертең туған жеріне барып волейболды дамытады. Кезінде Октябрь Жарылғаповтай саңлақ бастаған қазақ жастарының КСРО мен Еуропаны мойындатқанын тарих ұмытпайды. Сондықтан волейбол спортында да қазақ жастары бағындыратын белес көп болады деген ойдамын. Бүгінде «Динамо-Қазығұрт» командасындағы ойыншылардың 70-80 пайызы — қаракөздер. Бұл да жаман емес. Дегенмен, команда тек қазақтардан құралсын деп те айтуға болмайды. Шеберлігі артып тұрса, өзге ұлт өкілдері мен легионерлерді де тарту керек шығар. Ең бастысы, қай өңірде болмасын команда жергілікті жастардан жасақталғаны жөн.
– Бүгінде жоғары оқу орындарында оқу ақысы қымбат. Ал, сіз қызмет атқаратын университетте талантты жастарға жағдай жасалған ба? Спортты серік еткен жастарды тарту мәселесі қалай шешілуде?
– М.Әуезов атындағы ОҚМУ – талай спортшылар түлеп ұшқан қарашаңырақ. Бізде спорт кешендері мен жаттығу залдары, спорт үйірмелері бар. Онда білікті бапкерлер жұмыс істейді. Оқытушылар да жетерлік. Университет спортта жетістікке жеткен талапкерлерге жеңілдік жасайды. Мемлекеттік гранттардан бөлек, университетіміздің де гранттары бар. Болашағынан үміт күттіретін спортшы студенттеріміз 50 пайыз жеңілдікпен, ал Азия, әлем біріншіліктерінде олжа салса тегін оқиды. «Спорт және туризм» факультетінің деканы А.Демеуов, «Спорттық пәндер және жекпе-жектер» кафедрасының меңгерушісі Н.Ерепбаев сынды басшылар да өз ісінің мамандары. Ұжымдағы жігерлі жастарға ақылымды айтып, тәжірибеммен бөлісіп жүрмін. Ең басты мақсатымыз — талантты жастарды спортқа баулу. Әлем, олимпиада жүлдегерлері мен білікті жаттықтырушыларды даярлау. Ғылым мен спортты ұштастыра білсек қана спорт саласында асығымыз алшысынан тұрады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Ғабит ҚАДЫРБЕКҰЛЫ.