Мемлекеттік рәміздерімізбен мақтанамыз

477
0

4 маусымда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың мемлекеттік рәміздер туралы алғашқы заңдарға қол қойғанына  20 жыл толды әрі осынау атаулы дата елімізде кең көлемде тойланып өтті. Енді осыған байланысты біздің ұлттық  рәміздердің шығу тарихы туралы қысқаша айтып өтелік.

Мемлекеттік туымыздың аспан текті зеңгір көк түсті болуы кездейсоқ емес. Әйгілі Анельм кестесі бойынша ол – адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен пәктіктің нышаны. Көк түс ынтымақ пен бірлік идеясын аңғартады, бейбітшілік, тұрақтылық пен береке-байлық белгісі болып саналады.
Аспан көк түс – қазақтың ұлттық бояуының реңі. Ұлттың менталитеті, танымы, мәдениеті мен бұл түске деген айырықша ілтипаты осы ойға жетелейді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтанбасының пішіні — дөңгелек, оның барлық белгілері бір шеңбер ішіне орналастырылған. Рәмізтануда кең тараған кескін әлемге алғаш шығыстағы көшпелілер өркениетінің өнер туындысы ретінде тараған. Мән-мағыналық жоралғысы: тіршілік белгісі, өмір нышаны. Әдетте жас жұбайлардың үйлену тойына шақыру қағаздарының сыртында өзара айқасқан қос шеңбердің суреті салынуының, тіпті бір-бірімен дөңгелек сақина алмасуының сырын да осындай танымдық ұғымдардан іздеген жөн. Белгілі ғалым Г. Фелькерзам көшпелілердің дөңгелек шеңберге деген ықыласы бөлек екенін тап басып таныған.
Мемлекеттік елтаңбада бес бұрышты жұлдыз бар. Ол тәуелсіз мемлекетіміздің құшағы бес құрлыққа бірдей айкара ашық, әлемдік өркениет көшіне өз болмыс-бітімімізді сақтай отырып ілеспек ниетіміз бар деген ойга мегзейді.
Мемлекеттік әнұран — елдің музыкалық — поэтикалық эмблемасы, әдеби-сазды төлқұжаты. Ол халық жүрегінің лүпілін тұмар ғып түйген музыкалық сәлемхат іспеттес. Оның сазы мен сөзі, сипаты мен мақсаты жөнінен біртұтас шығарманың кұрамдас қос қанаты тәрізді. Ол өнердің адам жанына әсер етіп, оның іс-қимылы мен ой аңсарына тікелей ықпал ету қасиетімен байланысты.
Әнүран қашан да дәуір рухынан туады. Халықтың тағдырымен байланысты ойларды кәделеп, халықтың жүрегін билеген ортақ сезімдерге негізделеді. Қазақстан Республикасының тұңғыш әнұранының мәтіні де оны өмірге әкелген тарихи кезеңнің туындысы.
Мемлекеттік әнүран — өзгеше рухани туымыз. Бағзы бабалар ақылды — сары, денені — қызыл, ал рухты — көк түспен бейнелейді екен. Бұл ретте мемлекеттік тудың көк шулан реңі де ерекше мағынаға ие болады. Ал әнұранда халқымыздың бостандық сүйгіш көңілі, тарихи тамырының тереңдігі және болашаққа деген үміті көрініс тапқан. Ол бізді көне де киелі қазақ жерінде, бейбітшілік пен береке, татулық пен ізгілік мәңгі салтанат қүра беруі жолында бірігуге шақырады.

Динара Жақыпова,
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының бас маманы.