ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында бой көтеріп жатқан ғимараттарға сапалы ауыз су жеткізу мақсатында заманауи су қоры жүйесінің құрылысы жүргізілуде.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды. Ондағы барлық қондырғылар отандық өнімнен жасақталуда. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев жаңа су жүйесінің құрылыс жұмыстарын бақылап, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Жоспар бойынша жаңа су құбырының құрылысы алдағы маусым айында толығымен іске қосылуы тиіс.
Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың жұмысын қадағалаған облыс әкімі «Арыс-Түркістан» арнасынан бастау алатын ирригациялақ су арнасының құрылыс басында болды. Канал суынан шаһардағы саябақтар мен гүлзарлар, жол бойын жайқалтқан жасыл желек пен егістік алқаптар суарылады. Ұзындығы 3,6 шақырымға созылған су арнасы толығымен бетондалған. Айналасына аяқжолдар мен веложол төселуде. Жағалауын жарықтандырып, орындықтар орнату жұмыстары жалғасады.
uakit.kz