КАРАНТИН НӘТИЖЕСІ: ЕЛОРДАДА СОҢҒЫ ТӘУЛІКТЕ КОРОНАВИРУС ТІРКЕЛМЕДІ
Қазақстанның мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында енгізілген карантин шараларының тиімділігі туралы айтып берді, деп хабарлайды uakit.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында енгізілген карантин шаралары нәтижелілігін көрсетіп отыр. Нұр-Сұлтанда мәселен 28 наурыздан бастап жұқтырғандардың саны азайып келеді. Сол тұстан 5 сәуірге дейін жұқтыру деңгейі 60 жағдайдан 0-ге дейін азайды», — деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің айтуынша Алматыда да коронавирус жұқтырғандардың саны күніне 15-тен 6-ға дейін азайған. «Республика бойынша жұқтыру өсімі 10-11 пайыздан аспайды. Алайда Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, Атырау облыстарында коронавирусты жұқтырудың өсімі байқалады. Яғни ол өңірлерде қосымша шектеу шараларын енгізу керек», — дейді ол.
Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың наурыз айының 18-нен 19-на қараған түні елорда уақытымен сағат 00:00-де Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин режимі енгізілген болатын.
uakit.kz