ВИРУСПЕН ТЕК БИЛІКТІҢ КҮРЕСКЕНІ НӘТИЖЕ БЕРМЕЙДІ

374
0

Төтенше жағдай кезінде індеттің таралуын барынша шектеу мақсатында Шымкент қаласы 4-сәуірде карантинге жабылған болатын. Карантинге орай шектеу шаралараның барынша қатаң  болуына байланысты COVID-19 вирусы бойынша қаланың эпидемиологиялық ахуалы тұрақты болды.

Айталық, 1-мамырдағы жағдай бойынша үшінші мегаполисте коронавирус жұқтырғандар 204 болып, күніне 5-6 адамнан тіркеліп немесе өсім 1-1,7 пайыз болды.  Карантин талаптары жұмсартылған 4-мамыр мен 11 мамырдағы кезеңдегі эпидемиологиялық ахуал да мамандарды алаңдатпаған болатын. Алайда 11-мамырда елімізде төтенше жағдай режимі алынған соң карантиндік талаптарды сақтау шаралары тиісті деңейде болмады. Оны  коронавирус жұқтырғандардың күрт өскені дәлелдейді. Мәселен, Шымкентте 11-18 мамыр аралығында вирус жұқтырғандар саны бойынша күніне ең жоғары көрсеткіш 77 адамды құрады. Осылайша өсім 28,8 пайызға бір-ақ жетті. Ал 18-24 мамыр аралығында коронавируспен тіркелген науқастардың саны тәулігіне 31-50 адамды құрады.  Нәтижесінде 25-мамырдағы жағдай бойынша қалада коронавирус жұқтырған науқастар саны 606 адамға жетті. Олардың 12 пайызы балалар.

Осы күндердегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты коронавирусқа байланысты шектеулерді жеңілдету шаралары уақытша тоқтатылып, карантин мерзімі 25-мамырдан 8-маусымға дейін ұзартылады.

Апта басында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов журналистерге карантин мерзімінің ұзаруын осылай деп түсіндіріп берді.

Сонымен қатар қала басшысы төтенше жағдай кезінде Шымкентте коронавирусқа қарсы күрес жұмыстары, шектеу шаралары мен алда атқарылатын жұмыстар туралы мәлімдеме жасады.

Коронавирусқа қарсы шараларға қанша қаражат бөлінді?

Ағымдағы жылдың 25-мамырындағы жағдай бойынша Шымкентте 260 карантиндік ошақ тіркелсе, соның 132-сі бақылауға алынған. Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен бастап қалалық әкімдік тарапынан  бірнеше маңызды жұмыстар қолға алынды.

Қала әкімдігі резервінен коронавирусқа қарсы шараларға 1,2 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде медициналық мекемелердің материалдық- техникалық базасын нығайтуға 501 млн. теңге бөлінді. Елімізде төтенше жағдай режимі жарияланған алғашқы күндерден бастап дәріханаларда медициналық бетперделердің тапшылығы айқын байқалды. Бұл сұраныстың күрт өсуінен болғаны немесе қолдан жасалған тапшылық болғаны басы ашық күйіндегі сұрақ болып қалды. Осыған орай  Шымкентте бетперделер тігу мен антисептиктер шығару өндірісі күшейтілді. Қала әкімінің сөзінше бүгінге дейін қалада 2 млн.нан астам көп қолданылатын  маска мен 88 тонна дезинфекциялық заттар, 166 мыңнан астам спрей шығарылған. Тиісінше медицналық ұйымдар дәрі-дәрмекпен, медициналық қорғану заттарымен және тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Мұрат Дүйсенбекұлы: «Сонымен қатар қалада жұқпалы ауралар ауруханасында коронавирусқа арналған төсек орындар 300-ден 450-ге ұлғайтылды. Бұдан басқа 320 төсек орындық провизорлық стационарлар, 1400 орындық карантиндік орындар ашылды. Вирус жұқтырған азаматтарды уақытында анықтау мақсатында лабораториялық тесттен өткізу шаралары күшейтілді. Ұлттық зерттеу орталығының қаладағы филиалынан бөлек, қосымша зерттеу орталықтары ашылды. Нәтижесінде сәуір-мамыр айларына жоспарланған тестілеуден өтетін 23 мың адамның 19845-і тесттен өткізілді»,-деді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес коронавирус індетімен күрес бойынша алдыңғы шепте жүрген медициналық қызметкерлерге  қаржылық қолдау шаралары туралы  жұмыстарды қала басшысы былай деп жеткізді.

–  Бірінші, екінші, үшінші тәуекел топтарындағы 2764 медициналық қызметкерге наурыз,сәуір айларында 799 млн. теңге айлық үстеме ақы төленді. Одан бөлек, демеушілердің есебінен 750 қызметкерлерге 42 млн. теңгеге қаржылай көмек көрсетілді. Науқастармен жақын байланыста болған қызметкерлер ешқандай ақысыз қонақүйде оқшауланды. Оларға ыңғайлы жағдай жасалып, тасымалдау үшін  120 автобустың бағыты ұйымдастырылды.

Осы ретте ағымдағы жылдың 19-сәуірінен бастап қалада қоғамдық көліктердің жүруі уақытша тоқтатылғанын, 12-мамырда қайта жүргенін айта кетейік.

Қалада қандай нысандар жұмысын бастады?

Төтенше жағдай жарияланған  кезде  халықтың күнделікті қажеттілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындар мен ұйымдардан басқа, барлық нысандардың жұмысы уақытша тоқтатылғаны белгілі.  Шымкентте төтенше жағдай кезінде 250 өнеркәсіп кәсіпорын, 30 құрылыс компаниясы, 10 жол-құрылыс мекемесі, медициналық ұйымдар мен азық- түлік дүкендері халыққа қызмет көрсетті.  Төтенше жағдайға байланысты шектеу шаралары қала карантинге жабылғаннан бастап күшейтілді. Алайда 1-мамырдан бастап карантин талаптары біршама жұмсарып, төтенше жағдайдан кейін қаланы қалпына келтірудің бірінші кезеңі бастау алды. Соған сәйкес, химиялық тазалау, кілем жуу, тұрмыстық және өндірістік техникаларды жөндеу, техникалық қызмет көрсету орындары, ателье, әсемдік салондар, шаштараз, оптика дүкендері сынды 2628 нысан қайта іске қосылды. 13298 адам өз жұмысына кірісті.

Одан соң, 4-мамырда медициналық орталықтар, стоматологиялық клиникалар, көшедегі спорт алаңдары, көпқабатты үйдің аулалары, жеке кабиналары бар моншалар, гүл сататын дүкендер, жылжымайтын мүлік агенттіктері сынды барлығы 3456 нысан жұмысын бастады.

12-мамырдан бастап Шымкентте  автобустар жүріп, киім-кешек базарлары жұмысын бастады.

Осы деректерді алға тартқан шаһар басшысы «Қалада карантиндік талаптар мен санитарлық ережелерді сақтау қатаң қадағаланады.  Коронавирустың таралуын болдырмаудың жолы белгілі. Ол тазалықты сақтау. Адамдар арасындағы алшақтық ережелеріне аса мән беру. Бұл бір ғана мемлекеттік ұйымдардың күшімен еңсерілетін жұмыс емес»,- деп, халықты санитарлық ережеге үлкен мән беріп, оны бұлжытпай орындауға шақырды.

Ол ортақ талаптың өз деңгейінде сақталмауынан біраз нысандардың жұмысы уақытша тоқтатылып отырғанын да айтып өтті.  

Қазіргі таңда Шымкентте діни нысандар, фитнес орталықтар, білім үйірмелері мен қоғамдық моншалардың жұмысы уақытша тоқтап тұр.

Ал тамақтану орындары кеше, яғни, 28-мамырдан бастап жұмысын бастады.  

Әлеуметтік-экономикалық жағдай бақылауда

Төтенше жағдай кезінде қала аумағында індетке қарсы шаралармен қатар, әлеуметтік-экономикалық жағдай да бақылауда болды.

Президент тапсырмасына сәйкес Шымкентте дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары бекітілді. Жоспарда бағаны тұрақтандыру, жергілікті тауар өндірушіні қорғау, жыл соңына дейін экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша 29 іс-шара қарастырылды.

Соған сәйкес шағын және орта бизнестің жекелеген санаттарына салықтық жеңілдіктер беріліп, олар үш жылға дейін тексеруден босатылды. Бұл туралы қала басшысы төмендегідей мәлімдеме жасады.

– Ірі сауда нысандары, кинотеатрлар, театрлар мен спорт нысандары бір жылға заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер мүлік салығынан босатылады;

– Жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер табыс салығынан босатылады;

– Ағымдағы жылдың 15-наурызынан 15-маусымына дейін өсімпұлдарды есептеу тоқтатылды;

– Салық есептілігінің мерзімі үшінші тоқсанға ауыстырылды;

– Тамақ өнімдерін өндіру көлемі бойынша шикізат базасын өсіру және оның сапасын арттыру мақсатында жоғары сапалы биологиялық өнім импортына қосымша құн салығынан босатылды;

– 2020 жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер салық төлеуден босатылды.

Бқдан бөлек, шаhар басшысы брифинг кезінде қалада кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 2020 жылғы бюджетте 11,3 млрд.теңге қаржы бөлініп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,6 млрд.теңгеге немесе 2 есе жоғары екенін жеткізді.

Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған  қаржылар мынадай мақсаттарға бағытталады. Атап айтқанда, ауылшаруашылық субсидияларына 4,2 млрд.теңге, пайыздық мөлшерлемелерді ішінара субсидиялауға 5,2 млрд.теңге, кредиттерді ішінара кепілдендіруге 823 млн.теңге, инновациялық жобаларға грант беруге 205 млн.теңге, жеңілдетілген несие бөлуге 816 млн.теңге және кәсіпкерлік қызметті қолдауға 40 млн.теңге.

Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы төтенше жағдай режимі алынғанмен қала қақпаларына қойылған 18 блок-бекет жұмысын жалғастыра беретінін баса айтты. Ол осы блок-бекеттерде сырттан келген 8 азаматтан коронавирус инфекциясы анықталғанын  тілге тиек етті.  Мұрат Дүйсенбекұлы қалада азық-түлік қоры жеткілікті екенін де атап өтті. Сонымен қатар ол, ағымдағы жылдың 1-маусымында Шымкентте жұқпалы ауруларға арналған госпиталь пайдалануға берілетінін мәлімдеді. Қазіргі таңда құрылысы қызу жүріп жатқан нысанға 5,8 млрд теңге бағытталған.

28-мамырдағы жағдай бойынша Шымкентте вирус жұқтырғандар саны 730 адамға жеткен. Олардың ішінде 244 адам емделіп шыққан. Ал республика бойынша вирус жұқтырғандар саны 9576 адам.  Жазылған науқастар саны 4900 адам.

uakit.kz