ОҢ ҚОЛЫҢ ҚАЙСЫ, БЕЙСЕНТАЙ?

"Оңтүстік Қазақстан" разетінің Бас редакторы Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ.

«Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды». Сол рас екен. Қазiр Қазақстандағы ең байырғы басылымдардың бiрi – облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетi құдыққа құлаған құланның бейшара күйiн бастан кешуде. «Орда» келiп сын садағын шiрене тартса, «Әдiлет» келiп аяусыз түйрейдi. Басқалар да қарап отырған жоқ, ерiнбегенi бiр түртiп, бiр нұқып қалады. Бiздiңше, әрiптестердiң бұнысы – әлжуаз ұжымды қатты сынға алуы дұрыс емес.

Иә, «сын түзелмей, мiн түзелмейдi», сын керек, бiрақ ол сынаушының емес, сыналушының деңгейiне сәйкес, жақын тұрғаны жөн емес пе?! Мысалы, бiз сынауды «Оң қолың қайсы, Бейсентай?» дегеннен бастар едiк. Егер ол дереу көкесiне телефон шалып, көмек сұрамай, «мiне» деп, оң қолын көтерсе, жайлап та болса, өсiп келе жатқанының белгiсi емес пе?! Қуануымыз керек. Содан соң ғана жұмсақ сынға кезек берген жөн шығар-ау. Ендеше, не тұрыс?!

Тәжiбаевтың жасақтаған ұжымы әлi буынға бөлу, тасымалдау сияқты бастауыш сыныпта оқытылатын ережелердi толық игермеген. Сөздердi буынға бөле алмайды, содан барып «басын жарып, көзiн шығарып» тасымалдайды. Мысалы, «бойынша» деген қарапайым сөздi тұрақты түрде «бой-ынша» деп қате тасымалдайды.

Айтпақшы, осы арада есiмiзге мектептегi бiр оқиға түсiп отыр. Бiрде сынып жетекшiмiз бұзықтау, тәртiпсiздеу бес-алты баланы оңашалап алып, сынақ жүргiздi. Әлгiлердi шетiнен тақтаға шақырып, «Амангелдi» сөзiн буынға бөлiп жазуды талап еттi. Сөйтсек ағайымыз қабырғаға боғауыз сөз жазып кеткен баланы осылай ұстауға әрекеттенген екен. Ақыры ол бұзық табылды. Гәп онда емес. Әңгiме басқада. Егер сол ағай сондай тапсырманы «Оңтүстiктегi» бәйге алғыш ығайлар мен сығайларға берсе, құдай сақтасын, «Амангелдi» сөзiнiң алғашқы екi әрiбiн бiр буынға топтап, ұятқа қалар едi. Бетiн аулақ етсiн ондай сынақтың. Дегенмен Бейсентай бастап, басқалары қоштап, буынға бөлу ережесiн жаттаулары керек-ақ. Бiрде болмаса бiрде әлгiдей сөздердi тасымалдауға тура келуi әбден мүмкiн.

Байқайсыз ба, оқырман, бiз сынды бастауыш сыныптың мейiрiмдi, балажан мұғалiм апайы iспеттi әрi дәрiс, әрi ойын түрiнде жүргiзiп отырмыз. Өйткенi «Оңтүстiктiң» ұл-қыздары шеттерiнен бала сияқты аңқау, таза… Өздерi әлi мультик-пультиктен алыстамаған сияқты. Алыстамағаны да, бiр шағын хабарда «Қашып кетпесiн деп тасбақалардың қол-аяқтарын байлап қойды» деп жазды әлгi «таза балалардың» бiрi. Мультик көрiп өсiп келе жатқандықтарынан шығар, экранда екi аяқпен жүгiрiп, қылыштасып жүрген ержүрек тасбақалар өмiрде де дәл сондай деп ойласа керек… Абайламасақ, жандарын жаралап алуымыз мүмкiн. Дегенмен әстiн-әстiн iлгерiлемесек, тағы болмайды.

«Оңтүстiктiң» әр бетiнен жөргектiң иiсi шығып тұрады. Баланың аты – бала, байқасақ, олар «тұқым» және «ұрық» сөздерiн ажырата алмайды екен. Жап-жақсы бiр мақалада анау-мынау емес, сақалы сапсиған тiлшiсi «сексеуiлдiң ұрығы» деп жазып жiберiптi. Түсiндiрмесек болмас. «Тұқым» дегенiң өзiнше қозғалмайтын, бiрақ бұзылмай-бүлiнбей жылдар бойы жата беретiн нәрсе. Мысалы, түрлi дәндер, дәнектер, шопақтар, т.б. Ал, «ұрық» дегенiң басқашалау. Бұл қозғалатын, яғни жаны бар «пәлекет». Тiптi бар ғой, ол туралы тәптiштеп әңгiмелей бастасаң, сөздiң бiр ұшы махаббатқа барып бiр-ақ тiреледi. Махаббат, сезiм туралы айтуға әлi ертерек, сондықтан дәрiстi осы арадан күрт үзуге тура келедi. Алдымен «балалар» балиғатқа толсын, содан соң көре жатармыз о жағын…

Бiлiм министрiмiз Б.Жұмағұлов түрлi реформа-жаңалықтарымен оқушылардың басын қатырып жүр емес пе?! Бiзге де көп кейiн қалуға болмайды. Амал жоқ, дәрiс-сынымызды шамалы қиындатамыз. Газеттiң басты ауруының бiрi – қазақшаға шорқақ, көп сөздердi мүлде бiлмейдi, көп сөздердiң мағыналарын жете түсiнбейдi. Бұл жағынан олар қазақшаға жаңа-жаңа тiл сындырып жүрген жандарға ұқсайды. Ондайлар, айталық, орыстың жекешеге де, көпшеге де жүретiн «Вы» сөзiнiң ыңғайымен «Сiз» сөзiн бiр топ адамға қарата да айта бередi. Солай сөйлейтiн талай әкiмдердi көрдiк қой. Қысқасы, соларға келiңкiрейдi. Шала қазақтар мен шала сауаттылардың қазақшасында айырма аз. Бiр мысал келтiрейiк. «Оңтүстiктен», әрине. Газет өте маңызды материалдың тақырыбында «дүрлiкпеңiз» деген «сөздi» қолданды. Жаңа сөз. Бiрақ қазақ тiлiнiң табиғатына жат. Демек, қате қолданылған. Неге? Себебi, «дүрлiгу» сөзiн жеке мағынада қолдануға болмайды. Ол көпке, топқа қатысты ғана айтылады. Олай болатыны негiзiнде «дүр еттi», «дүр етiп үрiктi», «дүр етiп ұшты» мағыналары жатыр. Бiр отар қой «дүр етiп» үркедi. Бiр, тiптi екi-үш қой «дүр етiп» үрiкпейдi. Топ торғай «дүр етiп» ұшады. Бiр торғай «пыр етiп» жерден көтерiледi. Сол сияқты бiр адам дүрлiкпейдi, он адам да дүрлiге алмайды, мың-сан жан ғана дүрлiгедi. Ендеше, көпшiлiкке қарата айтқанда, «дүрлiкпеңiздер» деп жазған жөн… Бүгiнше осы да жетер.

Бейсентайжан, бәлкiм, бiлмейтiн де шығар, мұғалiмдерде (айтпақшы, бұл газет «мұғалiм» мен «ұстаз» сөзiнiң айырмасын түсiнбейдi, «Еңбек жолын ұстаз болып бастады» деп жаза бередi) «бiлмеймiн» деген сөз болмауы тиiс. Олар егер оқушы сұрағына жауап бере алмайтындай тығырыққа тiреле қалса, «бұл сұрақтың жауабын келесi сабақта айтамыз» деп, орағытып өтiп кетуi тиiс. Келесi сабаққа дейiн сұрақтың жауабын жұптап алуға мүмкiндiк бар. Бiздiң бас директор-бас редакторымыз осындай қарапайым нәрсенi бiлмейдi деседi қызметтестерi. Ол корректор әкелген беттегi «саммит» сөзiн көрiп, қорқып кеткен шығар, қарамағындағы қызметкердiң «осылай жазылады» дегенiне қарамай, дереу көкесiне телефон шалып, әлгi сөздiң қалай жазылатынына көз жеткiзiптi. «Орфографиялық сөздiктi» қарай салса неттi?! Ондай анықтамалықтар болатынын бiлмеген шығар.

Бәрiн бiлетiн адам жоқ, бәлкiм. «Көп бiлетiн адам бiлiмдi емес, тиiстi ақпараттардың қай жерде жатқанын бiлетiн адам бiлiмдi» деген сөз бар. Шындығында солай. «Саммит» сөзiнiң қалай жазылатынын бiлмесең де, анықтамалық сөздiктер болатынынан хабардар болғаның жөн, Бейсентайжан. Әйтпесе… сыналғаның – сыналған, сойылғаның – сойылған. Өзiмсiнiп, жанашырлықпен және бiр нәрсе айтайық. Сенiң командаңда өте сауатты журналистер жоқ емес.  Жетерлiк. Бiрақ, өзiң бiлесiң, бiлмесең, естуiң бар шығар, жүз сауатты адамды бiр шала сауатты басқарса… дәл сенiң басыңдағы кептi киедi. Бұның үстiне қарамағыңдағы қызметкерлердiң саған жаны ашымайды. Себебi… Себебi сен оларды қызметке алғанда, шамасы, мүмкiн, долбарлауымызша, бәлкiм… «алыс-берiс» қағидасын ұстанғансың. Жалпы, осы қағида жаныңа жақын iспеттi. Не орынбасарларың, не лауазымды басқа қызметкерлерiң өз беттерiнше бiр мақаланың да тағдырын шеше алмайды. Мақала апарсаң «шығады» деп айта алмай, «бастық шешедi ғой» деп күмiлжидi шетiнен. Гәп қайда жатыр.

Сонымен, айналайындар, өткен сабақты тағы бiр қайталайықшы. Сен, Бейсентай… иә, сен, сен, Бейсенбай Тәжiбаев, айта қойшы… көрсетшi… оң қолың қайсы?!

САРТАЙ.

ПІКІР ЖАЗУ