«БӘЙТЕРЕК» — БҮГIН МЕН КЕЛЕШЕКТI ОРАЙЛАСТЫРҒАН ОРТА

414
0

Бүгiнде жеке адам болсын, мейлi мерейi тасыған, тасы өрге домалаған, қадiрi қауымға белгiлi болған ұжым жайлы болсын, салиқалы әңгiме, шынайы сөз айтып, пiкiр бiлдiру қиын жағдайлардың бiрiне айналып бара жатқандығы жасырып, жабар жайт емес. Оңтүстiк өңiрiндегi, жалпы Қазақстандағы саусақпен санарлық, аты алты алаштың ауызына iлiнiп үлгерген, беделiнiң бекемдiгiн аз ғана мерзiм iшiнде берiк тұғырға қондырып үлгерген, iсiмен дараланып, тiрлiгiмен тұлғаланған, жастығына қарамастан өзгелерден оқ бойы озған, өнегесiмен тамсандырған һәм таңқалдырған ұжымдардың бiрi ғана емес, бiрегейi – Шымқаладағы «Бәйтеректей» асқақ есiмдi иемденген Қазақстанның зияткерлiк мектебi жайлы қаламды қалай тербесе де, орнықты ойды орнымен айтса да жарасатын ұжым жайлы көпшiлiкке жария етер сәт келген секiлдi.

Тәуелсiздiк бұрынғы одақтың қатып қалған қасаң бұғауында шырматылған республикалар қатарында Қазақстан да болғаны анық. Әнеу бiр жылдары Алматыда Архимедтiң жекеменшiк арнаулы орта, бiрақ тереңдетiлген бiлiм беретiн бiлiм ордасының атын естiгенде талайлар таңданғандарынан аттарынан ауып қала жаздаған. Сөйтсек, мұндай бiлiм беру жүйесi әлемде баяғыда-ақ санатқа алынып, саналы өмiрге енiп кеткен екен ғой. Ақыл-ойдың кенiшi атанған адамдар арасындағы таптық теңгермешiлiктi жүзеге асыруды армандап, оның iргетасын қалаған лениндiк, Коммунистiк ұлы мұратты мәре тұтқандар бәрiбiр оны қолдарында жетпiс жылдан артық ұстап тұра алмай, әлемдiк дағдыға ерiксiз атбасын бұрды. Батыс пен мұхиттың арғы жағындағы жаңалықтар егемендiгiн алып, есiн жинай бастаған жас мемлекеттердiң де табалдырығынан жан жадыратар жағымды «алтын күректi» ала келдi. Сондай қарлығаштардың бiрi – Қазақстанның зияткерлiк «Бәйтерек» мектебi едi. Бiздiң қарымды қаламымыздың таңдауы да осы ортаға тосыннан түскен жоқ.

«Әйгерiм» мектеп-балабақшасы мен «Балаби» балалар бақшасының тұсауын кесiп, бiршама тәжiрибе жинақтаған, көптiң сынынан өткен, нарық заманына лайық бизнес әлемiнде елеулi тәжiрибе жинақтаған Балабиевтер отбасы зияткерлiк мектебiнiң тұсауын кесер кезеңде де он ойланып, жүз толғанды. Тұтас бiр iргелi бағдарлама тосыннан туындаған жоқ. Оның бүгiнi мен ертеңi, жалпы болашағы, елге берерi мен өздерiне келерi жайында сындарлы сараптама жасалды, түйткiлдi ойлар түйiнделдi, болашақ жұмыс бағыты сараланды. Нақтылы шешiм содан соң барып қабылданды. Қайраттайын азаматының қатарында тiзе қоса тiрлiк еткен, кәсiби мамандығы бойынша жоғары бiлiмдi дәрiгерлiк сара жолдан өткен Қарлығаш Сансызбайқызы ел мен елдiң билiгiндегi азаматтар жiтi де, сындарлы көз салатын облыстағы тың саланы құрылтайшы ретiнде қолға аларда қобалжымады деу, сiрә, артық болар. Олар өздерiне сенiм мен тәуекелдi серiк еттi. Сенiм алдамады, жiгерге толы iстерi қазiр өзiнiң жемiстi нәтижесiн берiп отыр. Тоқсан ауыз толғаулы сөзiмiздi түбiрлi түрде түйiндеп айтар болсақ — айналдырған екi жылдың iшiнде сырт көз атынан түсiп қарар үлкен шаңырақтың аты шартарапқа мәшһүр болды.

2010 жылы ғана сараланған сыннан өткен, дарыны мен бiлiгi жоғары жеткiншектердiң басын қосып, жұмысын жаңадан бастаған «Бәйтеректi» қазiр ағылшыныңыз бен немiсiңiз, iргедегi орысыңыз бен баяғы бiр шаңырақтың астында тағдырлас болып ғұмыр кешкен  мемлекеттер танып үлгердi,  iргелi iстiң ұйтқысы болған құрылтайшы, әрi бас демеушi Қарлығаш Бекбосынова мен мектеп директоры Марина Юрьевна Потий секiлдi азаматшалар бастаған iргелi ұжым әлемге танылды. Әйтпесе, ТМД мен алыс-жақын шет елдерде, өз мемлекетiмiзде мұндай зияткерлiк ұжымдар жоқ емес, саусақпен санарлықтай болса да, бар, тек табыстары мен жетiстiктерi «Бәйтеректiкiндей» емес. Талай — талай жүлделi жарыстар мен пәндiк олимпиадалар да «Бәйтеректiң» балғын шәкiрт – ұл-қыздары намысты қолдан бермей, Германия мен Ресейдегi жарыста жүзден жүйрiк шығып, бас жүлденi бiр жылдың iшiнде екi рет қанжығаларына байлады. Аспаннан медаль жауған күндерде оңтүстiктiк қаламгерлер Шымкенттiң әуежайында жас шәкiрттердi қарсы алған сәтте көл – көсiр қуаныш пен мәртебенiң куәгерлерi болды.

Биыл өзi өмiрге келгеннен бергi екi ғана оқу жылында бәйтеректiктер алғаш рет түлектерiн ұядан ұшырды. Ұлттық бiрыңғай тестiлеу сынағында мектеп бiтiрушiлер ұстаздар сенiмiн ақтады, жақсы көрсеткiштердi иемдендi. Бүгiнгi асқан асу, бағындырған биiк «Бәйтерек» ұжымына қанағат сезiмiн тудырғанмен, олардың ертеңге болжамдаған межелерi де жоғары. Ұжымға қатысты суреттер топтамасын бере отырып, мерейлi мәртебенi иемденген бәйтеректiктерге тың табыстар тiлегенiмiз артық болмас. Жақсы iстердi жандандырып, уақыт көлiнiң алғы шебiнен көрiнген осынау ортаның иелiк етер тiрлiктерiнiң тоқырап қалмайтындығына деген нық сенiм бiзге осы таныстыру мақаласын жазуға түрткi болды. Екi ғана белестiң табысы жас ұжымға шабыт берiп, еңбектiң ерен шыңдарына жетелейдi. Ендеше, шығар асу, бағындырар биiк, алынар қамал бүгiннен бастау алып, баянды табыстармен, толағай жетiстiктермен, толымды iстермен жалғасарына бек сенiм бiлдiремiз.

 

Б.БАЙТӨРЕЕВ.

Шымкент қаласы.