МАРАЙЫМ КЕТТI, АЙТӨРЕЕВ ЖЕТТI ал, шардаралықтар шыр-шыр етедi

Марғұлан МАРАЙЫМ

Қамытбек АЙТӨРЕЕВ

Республикалық «УАҚЫТ» қоғамдық-саяси газетiнiң редакциясына Оңтүстiк Қазақстан облысы Шардара қаласының Әл-Фараби көшесi №18 үй тұрғындары атынан арыз келiп түстi. Арыздың мәтiнiне үңiле отырып қараша халықтың бармаған жерi, баспаған тауы қалмағанын аңғардық. Ал, кез келген мемлекеттiң ең құнды байлығы халық екенiн ескерсек, көпшiлiктiң жанайқайы бiздi бей-жай қалдырған жоқ. Сонымен, шардаралықтардың мұң-зарына жұртшылық болып құлақ түрiп көрсек.

«Бiз – Шардара ауданының орталығы Шардара қаласындағыӘл-Фараби көшесi №18 үйдiң тұрғындарымыз. Арыздануымыздың негiзгi себебi, бiз тұратын үйдiң орталық канализация жүйесiнiң iстен шыққанына бiр жылдың жүзi болды. Бұл туралы жергiлiктi атқарушы органдардың өкiлдерiн жазбаша да, ауызша да хабардар еткенбiз. Сөзiмiз дәлелсiз болмас үшiн, нақтырағы, қай мекемелердiң есiгiн қаққанымызды айта өтейiк. Ең әуелi «Шардара коммунал сервис» МҚК-ның басшысы С.Есаликовке бардық. Мәселенiң мән-жайын ежiктеп түсiндiрiп, хат та жаздық. Өтiнiшпен бiрнеше мәрте шықтық. Өз кезегiнде аталмыш мекеменiң бастығы құдықтағы суды сорғызып, сыртқа шығарып тастағаннан басқаға шамасы келмейтiнiн алға тартады. Ендi не iстеймiз? Мына ми қайнатар аптап ыстықта үйдiң маңынан жүру мүмкiн болмай тұр. Төңiректiң барлығы – жүрегiңдi айнытып, қолқаңды қабатын мүңкiген иiс. Таза ауамен тыныстап, терезенi ашайын десек, әлгi әлем-жәлем иiс бөлмеге енедi. Бiр жылдан берi көрген күнiмiз – осы. «Жығылғанға – жұдырық» демекшi, көршiлес №№16, 17 көпқабатты үйлердiң канализациясындағы шайынды су да бiздiң үйдiң жертөлесiне келiп құйылады. Қазiргi таңда сол сасық су жертөлемiздiң аузы-мұрнынан шығып тұр. Әсiресе, бiрiншi қабаттағы тұрғындардың жай-күйiн көз алдарыңызға елестетiп отырған боларсыздар. Бала-шағамыз үйге сыймайды, далаға шығып, асыр салып ойнайын десе, жағдай – анау. Тiптi, тұрғындардың денсаулығына да зиян келе бастады. Әсiресе, түрлi дертке шалдығып, «шықпа, жаным, шықпа» деп отырғандарға қиын соғуда. Араларында туберкулезбен ауыратындары да бар.

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегеннiң нағыз керi келдi. Бiздiң жанайқайымызды тыңдап, проблемамызды шешудiң нақты амалдарын қарастырып жатқан пенде жоқ. Әл-Фараби көшесiндегi №18 үй өз алдына автономия сияқты. Шардара қаласының әкiмi Б.Муталиев мырза мен Шардара аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Э.Сырманова ханымға да мұңымызды шақтық. Өкiнiшке қарай, ешқандай нәтиже жоқ. «Баяғы жартас – бiр жартас».

Ендiгi бар үмiтiмiз мен сенiмiмiз – тек облыс әкiмi Асқар Мырзахметовте ғана. Басқа лажымыз қалмады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның байлығы – оның халқы» дегендi жиi айтады. Ал, сол қалың бұқараның денсаулығының кепiлi – тазалық емес пе?! Асқар Исабекұлы көптiң өтiнiшiн жерде қалдырмай, бiздi жылға созылған күрмеуi тоқсан түйткiлден  құтқарады деп сенемiз».

P.S. Арыздың соңына «Шарасыз күйге түскен Әл-Фараби көшесi №18 үйдiң тұрғындары» деп 13 адам қол қойыпты. Әдетте кез келген аудан не қаланың проблемасы жергiлiктi әкiмқаралардан артылмайтын. Шамасы жетсiн-жетпесiн, жергiлiктi атқамiнерлер келеңсiз жағдайлар жаһанға жария болып кетпесiн деп тырмысатын. Алайда Шардара ауданының экс-әкiмi, қазiргi Ауыл шаруашылығы министрлiгi Су ресурстары комитетi төрағасының орынбасары Марғұлан Марайымнан мұндай ерлiк шықпады. Бәлкiм, шағалалы ауданның жап-жаңа басшысы Қамытбек Айтөреев өзiнен бұрынғы әрiптестерiнiң кемшiлiктерi мен қателiктерiнен сабақ алар. Өйткенi қолымыздағы барды ешкiм тартып алмайды, артықшылығымызды ешкiм қызғанбайды. Ең бастысы, жоғымызды түгелдейiк!

ПІКІР ЖАЗУ