«Болашағымды Шымкентсіз елестете алмаймын»

1361935995_1bet

Тегіміз бір болғандығынан бөлек, бұл кісі өзімнің жерлесім әрі аталас ағайын болып шыққанына таңым бар. Өзі – депутат, өзі – кәсіпкер келіншек жайлы жазбақ болып жүргенімде өмірбаянындағы деректерге көзім түсіп, осы уақытқа дейін онымен қалай кездеспей жүргеніме одан бетер таңырқадым. Ауылымыз-аралас, қойымыз-қоралас болса-дағы, Сұлтанова Төреайым Жолдыбайқызымен осыдан соң ғана, онда да 50 жылдан кейін кездесіппіз. Игілікті істің ерте-кеші жоқ, бастысы әңгімеміз өз жарасымын тауып, бір-бірімізді жақсы түсіндік, көкейдегі ойларымыз да бір арнаға тоғысты . Мүддеміз де бір боп шықты.

Сонымен…
1963 жылдың 15 қаңтарында ОҚО Сайрам ауданындағы Теспе (қазір Құрманбек Жандарбеков) ауылында шыр етіп өмірге  келген бұған ата-анасы азан айтып, Төреайым деп ат қойыпты. Зиялылар отбасында Төреайымнан басқа 5 қыз, бір ұл өсіп-өніп, ауыл-аймаққа «Жолдыбайдың  перзенттері-ай, шеттерінен ибалы, тәрбиелері қандай!» деген ілтипатқа ие болған-тын. Теспе аса үлкен ауыл емес, бір көшенің бойына орналасқан 40-50 үйден тұрады. Бірақ дәл осы мекеннен Құрманбек Жандарбековтен басқа да талай-талай тарланбоздар түлеп ұшып, Қазақстан ғана емес, кешегі Кеңес одағына танымал тұлғалар шыққан. Жолдыбай Сұлтанов та соғыстан оралған соң еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аз тер төкпеген жан. Аудандық партия комитетінің жауапты қызметкері бола жүріп, Жолдыкең отбасы, ұрпақ тәрбиесінен де сырт қалған жоқ. Оқытты тәрбиеледі, ұл-қыздарының барлығы да есімдері елге танылған азаматтар болып қалыптасты. Тумысынан зерек өскен Төреайым өсе келе дәрігерлік жолды таңдады, ниеті де жүзеге асып, Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкенттегі филиалына өз күшімен түсті. Сабақ үлгерімі жоғары, өзі ибалы, жігерлі қызды кім жек көрсін, қатарластарының алды, ұстаздарының мақтаулы шәкірті болды. Бес жыл да зымырап өте шықты, Төреайым білдей фармацевт-дәрігер болып елге оралды.
Аудандық орталық дәріханада еңбек етті, отбасын құрып, шаңырақ көтерді. Шымкент қалалық №2 емханасына ауысты. Еңбектен қол үзбей жүріп, ғылымға бет бұрды. Аспирантураға түсті, диссертациясын қорғады, фармацевтика ғылымдарының кандидаты атанды, доцент болды. Мұншама атақ Төреайымға оңайшылықпен келген жоқ, еңбектенді, ізденді, талпынды. Бірбеткейлік мінезінің де пайдасы тиді. Жасынан-ақ өжет еді, енді докторлықты қорғауға бел буған шақта еліміздегі нарықтық дағдарыс оның бұл ойын кейінге шегере тұруға, одан гөрі халықтың жағдайын ойлауға, денсаулықтарын түзеуге себепші болды. Ендігі кезекте Төреайымға дәрігерлікпен қатар, кәсіпкер болудың да дәмі бұйырды. Шымкенттегі өзі тұрып жатқан аймақтағы ең бір өзекті мәселе – емхана ашу мен дәріханалар салу екендігін ұқты. Ұқты да, осы тірлікті өзі жүзеге асыруға бел буды.
– «Жоқ»- деп жылағанша, жоқтан бар жасауды үйренуді заманның өзі бізден талап етіп отырғанын әлі көпшілік түсіне қоймаған кез болатын,- деп еске алады. Төреайым артта қалған күндеріне аз-кем шегініс жасап.Қасыбір түйсігі таяз жандар қазақты жалқау көреді. Жоқ, қазақ жалқау халық емес, егер оларға мүмкіндік берілсе, қолдау көрсетілсе, біздің қазақтан асқан еңбекқор халық жоқ. Кез-келген саланы игеріп кететініне, кез-келген кәсібіңді дөңгелетіп әкетеріне дау жоқ. Жиырма жылдан бері халық та нарыққа бейімделіп, өздеріне не қажеттің бәрін білетін деңгейге жеткен. Рас, сирек болса да, «біздерге анау жоқ, мынау жетіспейді» дегендей дайынды көксейтіндер бар. Ол кезең келмеске кетті. Бүгінгідей алмағайып кезеңде өлместің,күнін ойламасаң, күнің қараң. Атам қазақтың: «Қолы қимылдағанның- аузы қимылдайды» дегені келіп тұр.
Сонымен, Төреайым Жолдыбайқызы Шымкентте бөлшек саудамен айналысатын бірнеше дәріханалар, «Ай нұры» деп аталатын медициналық орталық, фирмалар ашуға қол жеткізді. Мұның бәрі талмай ізденістің, қажырлы еңбектің арқасы екенін түсінеміз. Тағы бір айта кетерлігі, 5 қабатты емхана құрылысы аяқталуға жақын. Оңалту орталығы пайдалануға берілді, басқа да қолға алынып жатқан оң істердің ұйытқысы бола білген Төреайымға шымкенттіктер дән риза. Сондықтан да болар, оны қолдаушылар Шымкент қалалық мәслихатына депутат етіп сайлағандары бекер емес. Себебі, халық үшін кім еңбектенсе, құрмет те соныңкі. Әйтпесе, өзін-өзі ұсынған үміткердің депутат болып сайлануы екіталай екенін бәріміз де жақсы білеміз. Халықтың басым дауысына ие болған Төреайым өзімен бірге додаға қатысқан 6 үміткерден оза шауып, бәйге төрінен көрінгенде сенбегендер де, таңырқағандар аса көп болды. Бәсекелестерінің бәрі де мықтылар қатарында болғанына қарамастан, «саяси ойын» осылайша, Төреайым Жолдыбайқызының пайдасына шешілгені бар.
Базбіреулер біздің кейіпкерімізді «нәзікжанды, қолынан не келе қоюшы еді, тәйірі!» деп ойласа, қатты қателеседі. Кейбір ер азаматтардың қолынан келмес тірліктерді қайсар келіншектің ұршықша үйіріп жүргенін, қайсыбір депутаттар көтере алмас шоқпарды Төреайымның белінен көргенде еріксіз таңқаласың әрі қызығасың да. Өзі сайланған №11 сайлау округі аумағындағы шешілуі тиіс мәселелерді Төреайымның алдындағы депутат қолға алса немесе жоғарыға жеткізіп, талап етсе, оған біреу қой демеген болар? Қалаулысың ба, халықтың қамын күйтте, елдің жағдайын ойла! Әйтпесе, Шымкенттегі «Нұрсәтте», «Төменгі» және «Жоғары Отырарда», «Айқапта» бәрі тамаша, бәрі керемет пе? Мәселе шаш-етектен. Мұны елдің ішінде жүрген Төреайым жақсы біледі, білген соң ғой, шырылдайтыны.
Біздің ауыл мен Төреайымның ауылының арасы таяқ-тастам жер. Бір кездері жатаған, орталау мектебі, жалғыз дүкені мен дәрігерлік амбулаториясы ғана бар ауылда бүгінде зәулім мешіт үйі бой көтеріпті. Білетіндер мұны тұрғызған Төреайым дейді. «Осы ауылдың бір перзенті ретінде, елге жасаған тартуым»,- депті. Сүйсінерлік-ақ тірлік. «Қолымнан келіп тұрса, кіндік қаным тамған ауылыма ұжымақ орнатпасам да, қарайласып тұру, әлеуметтік мәселесіне араласу ойымда бар. Енді, бүлдіршіндер үшін балабақша, дәріхана ашсам» дейді ол. Қалайша риза болмасқа! Қолында билігі, дүниесі бола тұра, тапқанын тақымына басқаннан басқасын білмейтін біреулердің қасында Төреайымның мұнысы кімге де болсын, ой салары анық. Ол өз ауылына ғана қарайласып, өзгесінде шаруасы жоқ жан емес. Шымкентте өтетін кез-келген қайырымдылық акцияларынан сырт қалып көрген емес. Жетім-жесірлердің, қарттар мен кембағалдардың жандарына жақын жүруге тырысады. Соғыс ардагерлері мен ақ жаулықты аналарды көрсе, жүрегі елжірейді. Мүгедектерді мүсіркегеннен гөрі, мәселелерін шешіп бергенді қалайды. Сайлаушыларын да ұмытпайды. Қысқасы, алдына көмек сұрап кім келсе де, ешбірінің меселін қайтарып көрмепті. Онымен Төреайымның табысы ортайып немесе кәсібіне нұқсан келіп жатқан жоқ, қайта абыройы асып, мәртебесі биіктегені болмаса.
Шымкенттің шырайы күн өткен сайын айшықтала түсуде. Соңғы үлгідегі салынған әсем ғимараттар мен оқтай түзу көшелері, жасыл желек жамылған гүлзарлар, демалыс аймақтары қалалықтарды ғана емес, келген қонақтарды да ерекше әсерге бөлеп, тамсандыратындықтары анық. Қаланың көркіне көз тоймастай өзгеруіне бір мысқал болса да өзіндік үлесін қосып жүрген Төреайым Сұлтанова болашағын Шымкентсіз елестете алмайды. Қалалық мәслихаттың депутаты ретінде өзі сайланған аймақтың жоқ- жітігі, әлеуметтік мәселесі, ауызсу, жарық, газдандыру жүйелері, жол құрылысы, қоғамдық көлік қызметінің сапасы-мұның бәрі жанын жай таптырмаса керек, кейде өзінің отбасы мүддесінен гөрі, сайлаушыларының мүддесін көбірек ойлайды. Аманат жүгін арқалау оңай емес, дегенмен Төреайымның елдің алдында болсын, ар алдында болсын беті ашық, жүзі жарқын. Берген уәде үдесінен шыға білді.
Халқымыздың салт-дәстүрі мен өнерін, мәдениетін, спортын өрге сүйреп, тілі мен дініне де жанашырлық танытып жүретін Төреайым Сұлтанованың тағы бір ерекшелігі – спорт десе, ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлігіне не дерсіз? Жанкүйер ғана емес, демеуші болатын мәрттігін неге айтпасқа? ОҚО тоғызқұмалақ қауымдастығының  төрайымы Төреайым Сұлтанова  2012 жылдың қорытындысы бойынша ҚР «Меценат» байқауының жеңімпазы, республикадағы «Ең үздік қауымдастық» байқауының жүлдегері атанғанын біреу білсе де, біреу білмес. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, зияткерлік тоғызқұмалақ қауымдастығының президенті Қ.Идирисовтың өзі Төреайымға Алғыс хат табыстап, тоғызқұмалақтан Президент Н.Назарбаевтың жүлдесіне арналған халықаралық жарысқа үлкен қолдау көрсетіп, демеушілік жасағаны үшін шынайы ризашылығын білдірді. Тоғызқұмалақ – ұлттық ойын. Демек, ойынға ғана емес, тұтас ұлтқа деген сүйіспеншілігін осылай дәлелдеген қазақтың осы бір қарапайым қызының ерлікке пара-пар әрекетіне қандай мақтау айтсақ та жараспай ма? Бірталай кәсіпкер-депутаттарды білеміз. Дүниенің буына ісіп- кеуіп, халықтың мұқтажына пысқырмайтын  оларға елдің мүддесінен гөрі, шетелде демалғаны, зәулім сарай салып, қымбат көлік мінгендері артық.
Төреайымның тірлігі олар үшін өнеге болса, қанеки!
Әрі ғылым, әрі кәсіпкер, әрі саясаткер һәм депутат Төреайым Жолдыбайқызы үнемі түзде жүрсе де, отбасының ұйытқысы, шаңырақтың шуағы екендігін бір сәт те жанынан шығарған емес. Отағасының кең жүректілігі, сабырлығы мен сырбаз мінезі, азаматқа тән ізгі қасиеттері бірлесе үндесіп, ұрпақ тәрбиелеуде де ойлары бір арнада тоғысып жатты. Үлкен ұлы құқық қорғау қызметкерінің жолын таңдап, бүгінде Бас прокуратурада еңбек етіп жатса, Англияда білім алған қызы тұрмыста.
Кенже ұл да тым зерек болғандықтан, Шымкенттегі «Бәйтерек» интеллектуалдық мектепте оқиды. Талай-талай ірі жарыстарға қатысып, қос-қостан медаль алып жүрген жайы бар. Айрандай ұйыған шаңырақтын шаттығына өсіп келе жатқан немерелер де себепші. Ағайынның алғысына, көптің ілтипатына  бөленіп, туған жерге туын тігіп жүрген Төреайым Сұлтанованың бітім-болмысы, қадыр-қасиеті, білімділігі мен біліктілігі жайлы аз-кем айтып өттік. Мұнымыз жағымпаздану, көпшік қою, асыра мақтау емесін оқырман қауым түсінер. Біздің көкейіміздегі мақсат – қазақтың қыздары ғана емес, әрбір азаматы да дәл Төреайымдай бола білсе, сол атқарғандай ауқымды істерді қолға алса, онда Елбасы жүктеген міндеттің бірі – әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан ойып тұрып орын алатынымызға шүбәміз болмас еді. Шындығы осы.

Ердәулет СҰЛТАН.

ПІКІР ЖАЗУ